Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Forex нарығында сауда жасау: Қазақстандықтарға неден сақ болған жөн

Қазіргі уақытта әлемде, атап айтқанда Қазақстанда шетел нарықтарында, оның ішінде биржадан тыс Forex валюта нарығында шетел валютасы және өзге қаржы құралдары саудасына жалған қолжетімділікті пайдалана отырып, интернет-алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Осыған орай  ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры – Е.А. Медеу өз бетінше де, брокерлер арқылы да әлемдік сауда алаңдарында өз капиталын көбейтуді көздейтін инвесторлар үшін ақша қаражатының жоғары табысты көзі ретінде Интернет желісінде белсенді жарнамаланатын алаяқтық схемасы туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.   

биржа

Департамент басшысының айтуынша, мұндай брокерлердің сауда платформалары, әдетте, клиентке биржадан тыс Forex нарығында нақты шетел валюталарына қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.

"Клиенттердің осы компаниялардың шоттарына аударған ақшасы іс жүзінде шетел валютасымен мәмілелер жасау үшін пайдаланылмайды, ал баға белгілеулерін мұндай ұйымдар алаяқтық мақсаттарда дербес шығарады. Бұл қызметтерді, әдетте, Қазақстан аумағында тіркелмеген ұйымдар көрсетеді. Олар клиентке әртүрлі интернет-қызметтер мен сауда платформалары арқылы шетел валютасымен және басқа да қаржы құралдарымен операциялар жасауға қашықтықтан «қол жеткізуді» ұсынады. Көбінесе, мұндай ұйымдар оффшорлық аймақтарда тіркелген және Қазақстан аумағында қашықтан не өкілдіктер, филиалдар не сенімхат бойынша өкілдер арқылы жұмыс істейді, олар клиенттерге кеңес береді және өз қызметтері арқылы қаражатты инвестициялау бойынша оқулар өткізеді", - дейді маман.

Сөзінше, алаяқтардың әрекет етуінің бірнеше жолдары бар.  

"Бұдан басқа, Қазақстан нарығында сенімгерлік басқару қызметтерін ұсыну арқылы үшінші тұлғалардан ақша қаражатын тартатын жекелеген компаниялар жұмыс істейді. Бұл компаниялар кейіннен қаржы құралдарына және басқа да мүліктік объектілерге қаражат салады. Бұл ретте, олардың тиісті лицензиялары болмауы мүмкін. Бұл ұйымдар халықтың арасында өз қызметтерін агрессивті түрде жарнамалайды, азаматтардың табыс табуға деген сенімдері мен ниеттерін пайдалана отырып, оларды жаңылыстырады, банктік салымдар бойынша ағымдағы сыйақы мөлшерлемесінен бірнеше есе жоғары кіріс алуды уәде етеді", - дейді маман.

Бұған қоса ол коронавирус пандемиясы жағдайында және ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында интернет кеңістігінде алданып қалу тәуекелі айтарлықтай ұлғаюда екенін айтады.

2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің атына және одан әрі 2020 жылдан бастап Агенттікке Forex-брокерлердің және инвестициялық мақсаттар үшін клиенттерден ақша тартатын баса да лицензияланбаған делдалдардың қызметі мәселесі бойынша 30 шағым және өтініш түсіпті. Департамент басшысы агенттіктің әрбір жағдайды мұқият талдайтынын жеткізді. Зардап шеккендердің өтініштерінен психологиялық қысым жасаудың белгілі бір механизмдері мен тетіктерін атап өтуге болады, дейді ол. 

форекс

"Алаяқтық топ Forex нарығында брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асырамыз деген желеумен интернет ресурсын пайдаланушылардың ақшасын алдап алып қояды. Топ сайтты пайдаланушымен электрондық пошта арқылы өзара іс-әрекет жасайды, қалалық жалған нөмірлерден қоңырау шалады, өздерін табысты және перспективасы бар компания ретінде көрсетеді. Кейбір жағдайда назарын әлсірету және өзінің қызметін растау үшін топ ақша қаражатын салу жөніндегі ұсыныспен жалған бизнес жоспарлар жібереді. Пайдаланушы белгілі бір соманы ерікті түрде жібергеннен кейін топ ақшаның әртүрлі себептермен «банкте тұрып қалғанын» және оны шығару үшін белгілі бір пайызды қосымша төлеу қажет деп хабарлайды. Сонымен қатар, алаяқтар психологиялық қысым жасаудың түрлі тәсілдерін қолдана отырып, сайтты пайдаланушыдан қосымша қаражатты алдап алады", - деп қосты сарапшы.

Ең сорақысы алаяқтар аталған схемаларды бірнеше рет пайдаланып, ақша табады екен. 

Алаяқтар клиентке Forex валюта нарығында шетел валютасын сату «құқығын» жиі береді. Кредиттік иық арқылы деп аталатын осындай операциялардың валюталық жұптар құбылмалығының жоғары болуымен айтарлықтай инвестициялық шығын тәуекелдері болады. Бұл ретте клиентке шетелдік заңнама бойынша жасалған шарт ұсынылады, бұл кейіннен даулар мен қайшылықтарды шешуге, сондай-ақ инвестордың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге қиындық туғызады.

"COVID-19 пандемиясына, халық табысының төмендеуіне байланысты ағымдағы экономикалық жағдай алаяқтық мақсаттарда жоғары пайда алу туралы уәде беру арқылы қаржы ресурстарын тартатын лицензияланбаған делдалдардың әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар санының көбеюіне алғышарттар бар. Осыған байланысты Агенттік Қазақстан Республикасы азаматтарының назарын аталған компаниялармен өзара іс-қимыл жасау кезінде барлық ықтимал тәуекелдерді объективті бағалау қажеттігіне аударады", - дейді департамент директоры.

Сондай-ақ ол осы материалда сипатталғандай оқиғаға тап болған жағдайда, алаяқтық фактісі бойынша іс жүргізу үшін құқық қорғау органдарына және Агенттікке өтініш беруді ұсынатынын жеткізді. Айтуынша, қазіргі уақытта агенттік қолданыстағы заңдарға түзетулер мен өзгерістер енгізуге бастамашылық жасап отыр.

"Біз агенттіктің лицензиясына ие брокерлер және (немесе) дилерлер ғана Қазақстан аумағында ұйымдастырылмаған (биржадан тыс) шетелдік валюта және қор нарықтарында мәмілелер жасасу жөнінде қызметтер, сондай-ақ осындай мәмілелерді жасауға байланысты мәселелер бойынша консультациялық және ақпараттық қызметтер көрсете алатындығын көздейді. Бұл заң жобасы әртүрлі деңгейлерде тиісті келісімдерден өтеді", - деп қорытындылады сөзін маман. 

Талқылау