Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көп әртіске қиындау болады": Отандық әншілер фонограммаға қатысты заңға қолдау көрсетті

Әнші фонограммамен ән айтатын болса, ол туралы алдын-ала билет сатылмай тұрып, жарнама берер кезде ескертуі қажет. Елдің Мәдениет және спорт министрлігі жаңа бастаманы қолға алып, бұл отандық орындаушылардың сапасын арттырып, тыңдарман алдындағы жауапкершілігін өсіреді деген сенімде. Бұған қатысты өнер жұлдыздары не дейді - Stan.kz тілшісі сұрап көрді. 

роза рымбаева

Халық әртісі Роза Рымбаева бұл туралы айтып-айтып шаршаған:  

"Мен осы әнгімені қанша жыл бұрын айтқанмын. Егер жанды дауысқа көшсе, көрермен нағыз әншіні тыңдайды. Әйтпесе қазір кімнің әнші, кімнің халықты алдап тұрғанын көрермен түсінбей қалды. Дұрыс, нағыз өнер сахнада болу керек", - деп қысқа қайырған Рымбаева мұндай заңды қос қолдап қолдайтынын жеткізді.

Бір ғана әнімен танылған Асхат Тарғын осындай заңды қолдайтынын жеткізді.

"Дұрыс шешім. Көрерменге деген әншінің, көрерменнің әншіге деген құрметі болуы керек. Қазір ол жоғалып бара жатыр. Осыны қолға алу үшін заңды бекіту өте дұрыс деп есептеймін. Сахна мәдениетін сақтап, көрерменмен жақсы қарым-қатынаста болуы әншінің көрегенділігін көрсетеді", - деген Асхат Тарғын концертті 100% жанды дауыста орындау оңай емес дейді.

"Екі сағаттық концерттің арасында фонограммамен айтылатыны жасырын емес. Өз басым ең болмағанда 70-80% жанды дауыста айтылғанын дұрыс деп ойлаймын. Екі сағат бойы халық алдында жанды дауыста айту физикалық тұрғыдан да оңай емес. Жанды дауыста өткізу үшін мықты дайындалып, дыбыс аппаратураларын сақадай-сай етіп алу керек. Эстрадамыздың 80-90% дайын деп ойлаймын. Барлығы - сахнада кішкентайынан ән айтып, конкурстарға қатысып жүрген талантты әншілер", - дейді әнші Асхат Тарғын.

"Былапыт сөздер бар, тура сол сөз болмаса да, соған ұқсайтын сөздер бар. Ол дегеніміз сахнаға шығып алып алдында отырған көрерменді мазақ еткенмен бірдей. Ұят. Басқа шет елдереде бұл мәселе заң жүзінде қаралады. Бізде де қолға алынғаны дұрыс", - деді Асхат Тарғын.

"Аспанға қарап, жұлдызды санап жүрген" Абай Бегей бұл жаңалық тек оң өзгерістерге бастама боларына сенеді. 

"Егер сол заң қабылданатын болса, бәрі де жанды дауысқа көшеді. Бірақ дайындық керек. Арасында тек фонограммаға үйреніп қалғандары бар. Көп әртіске қиындау болады. Енді ән шығарса, шамаларына қарап, айта алатын әндерін жазатын болады", - деген Абай Бегейден концерт бергелі жатқан әнші афишасына фонограмма болады деп жазуға қаншалықты дайын деп сұрағанымызда: 

"Біздің әншілер жанды дауыста айта алмайды деп бәрі ойлайды. Олай емес. Ірі сахнада бой көрсетіп жүрген әншілер айта алады. Мысалы, өзбектерде концерттер таза жанды дауыста өтеді. Өткенде  Юлдыз Усманова келгенде "аппаратта тұрған ештеңе жоқ, тек қорықпасаң болды" дейді. Сонда жанды дауысқа халықтың құлағы үйренеді. Бізде халықтың құлағы жанды дауысқа үйренбеген. Фонограммамен айтпаса даусы жоқ екен, айта алмайды екен деп кемсітіп жатады. Басқа мемлекеттерде сахнадағы әншісі сәл қателесіп кетсе де қатты сынға алмайды, үйреніп кеткен. Біздің халықтың құлағы фонограммаға, өңделген таза дауысқа үйреніп қалған", - дейді Абай Бегей. 

 

Дайындаған: Мәлік Жанна

 

Талқылау