Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Филология ғылымдарының кандидаты: Тойларда арзан синтетика орамалдарды таратуды қойыңдаршы, үйде қоқыс болып тұрады

Ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия университетінің доценті Оңайгүл Тұржан қазақ тойында таратылатын орамалдан бас тартуды ұсынды.

Оңайгүл Тұржанның айтуынша, қазақ қуанышты жиында, тойда, ас бергенде, арзан маталы орамал таратуды әдетке айналдырған. Матасы да арзан, не адам тағуға жарамайтын орамалдардан бас тартқанымыз абзал дейді.

"Үйде бір сөмке орамал бар. Кәдімгі упаковкасымен тұрған. Қайдан келген дейсіз ғой. Қонаққа, асқа, тойға, шілдеханаға, тұсаукесер-бесік тойға, есік тойға, туған күнге, тағы бірдеме күнге барғанда берген орамалдар. Сіздің үйде де солай шығар. Айтайын дегенім, «орамал тон болмайды, жол болады» деген мақалды тура мағынасында түсінеміз деп, орамал сыйлай бергенбіз ғой. Өзім де талай жерге талай орамал апардым. Соңғы 5-6 жылда ол әдетімді қойдым. Мәселе, мынада. Осы орамалдарды сатып алуға біздің қазақ қанша ақшасын жұмсады екен? Қазақтардың тойға деп, садақаға деп, асқа деп орамал тарататынын біліп алған қытай мен түрік бізге өздерінде тиын тұратын синетика орамалдарын сатып, байып жатыр.

Базар толған орамал. Үй толған орамал. Менің осы мәселені айтқан инстаграм парақшамдағы постыма түрлі-түрлі пікірлер келді. Бір әйел «пакетке салып, қоқыс жәшіктің қасына қойып кетем» депті. Бір келіншек «пакетке салып қоқысқа лақтырам» деп жазды. Бір әйел «не істейтінімді білмеймін, тастауға обалсынам, тастамайын десем, пакет-пакет болып жиналып тұр» дейді. «Өзі пайдаланбайтын түкке керегі жоқ орамалды той-садақада, аста таратуды қою керек» дейді. Бір қырғыз келіншек «жинап-жинап өртеп жіберем» дейді. Әйтеуір орамал «шапқыншылығы» деген кәдімгідей мәселеге айналды".

Ақынның айтуынша, осылайша орамалдың қадірі түсіріп жатқандаймыз. Тым болмағанда, орамал өз елімізде өндіріліп жатқан жоқ. Қызығын Қытай мен қырғыз көріп жатыр.

"Сосын бір не көйлек тігуге жарамайтын, не малға жабу жасауға жарамайтын, не мата деуге келмейтін өтірік-вилюр синтетика мата бар шеті жоқ. Оны да қытай мен түріктер және өзбектер жасайды және біздің қазақ соны құлаш-құлаш алып, тағы да сол той-садақа, ас бергенде қолыңа пакетке салып ұстатып жібереді. Резеңкенің иісі үйдің ішін алып кетеді", - деді ол.

Оңайгүл Тұржанның пікірінше, тойдан келетін арзан орамалдар үйде қоқыс болып тұрады. Оны қоқыс қылып лақтырып жіберетіндер бар. 

"Қазақ үшін де, қырғыз үшін де орамал ең қасиетті нәрсе. «Қыз Жібекті ойласаң нең кетеді, Орамалы тұрады бес жүз жорға» деп құнының қандайлығын айтып, жырға қосқан орамалдың құнын не қылып жібердік? Егер той бастар деп, ас бергенде тағы бірдеңе деп орамал тарату әдетімізді қоя алмайтын болсақ, қыздар, орамал жасау цехын біреуіңіз ашсаңыздаршы. Әйтеуір, өз ақшамыз өз мемлекетімізде қалады ғой. Қысқасы, еш құны қалмаған синтетика-резеңке орамал, синтетика-резеңке "өтірік" мата таратуды қойыңыздаршы, ханымдар!!!", - деді Оңайгүл Тұржан желідегі парақшасында.

Талқылау