Филиппиннің вице-президенті мемлекет басшысына киллер жалдағанын айтты
Филиппин вице-президенті Сара Дутерте-Карпио мемлекет басшысы Фердинанд Маркосқа киллер жалдағанын айтты. Оның айтуынша, жалдамалы өлтіруші өзі қаза болған жағдайда ғана жұмысқа кіріседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: foxnews.com.ru
Сара Дутерто президенттен басқа, оның әйеліне де өлтіруші жалдаған. Саясаткер бұл туралы вице-президенттің аппарат басшысы Зулейка Лопестің ұсталуына арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
"Мен оған: "Егер олар мені өлтірсе, президент Фердинанд Маркос пен оның әйелі Мария Луизаны және палата спикері Мартин Ромуалдесті өлтір" дедім. Олардың бәрін өлтірмейінше, тоқтама, дедім. Бұл қалжың емес. Мен шын мәнінде өлтірушімен келісім жасадым”, – деді ол.
Дегенмен вице-президент қастандық жасайтын адамның кім екенін айтпады.
Филиппин үкіметі вице-президентке қатысты тиісті шараларды қабылдауға уәде берді. Ал президенттік қауіпсіздік қолбасшылығы Дутерте-Карпиодан келген қауіппен күресіп жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, аппарат басшысы Зулейка Лопес 20 қарашадан бері парламенттік тергеуге кедергі келтіргені үшін қамауда отыр.
Еске салайық, бұған дейін Абхазияда халық наразылығынан соң президент Аслан Бжания отставкаға кеткені туралы жазған едік.