Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Филиппинде жемқорлық мемлекеттік деңгейге көтерілгеніне байланысты халық жаппай көшеге шықты

Филиппиндегі ереуілФото: Лиза Мари Дэвид/Reuters

21 қыркүйекте 10 мың филиппиндік азамат үкіметтегі жемқорлыққа қарсы наразылық білдіру үшін көшелерге жиналды. Бұған салық төлеушілердің миллиардтаған доллар қаржысы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған жалған жобалар арқылы ұрланғаны туралы мәлімет себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тheguardian.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Студенттер, шіркеу ұйымдары, танымал тұлғалар мен әртүрлі саяси топтардың өкілдері Манила мен басқа да қалалардың көшелерін толтырды.

Заң шығарушылар мен шенеуніктердің елді су тасқынынан қорғауға бағытталған маңызды жобалары жүзеге аспағанымен, келісімшарттар үшін ірі көлемдегі пара алып отырғаны айтылады.

Филиппин үкіметінің бағалауынша, кейінгі екі жылда ел экономикасы су тасқынымен күрес жобаларындағы жемқорлықтың салдарынан шамамен 1,48 млрд фунт стерлинг жоғалтқан. Greenpeace ұйымы бұл шығын одан да көп екенін мәлімдеп, 2023 жылы климатқа байланысты жобалардан 13 млрд фунт стерлингтен астам қаржы жымқырылғанын хабарлады.

Бұл айыптаулар елді дүр сілкіндірді. Олар шілде айында, муссондық жаңбыр мен дауылдар қалалар мен елді мекендерді су басып, миллиондаған адамға қиындық әкелген шақта алғаш рет жарияланды. Филиппинде жылына орта есеппен 20 тропикалық циклон болады, сондықтан ел табиғи апаттарға аса осал саналады.

"Біздің мақсатымыз тұрақсыздық тудыру емес, демократиямызды нығайту болып отыр", – деді Филиппин католик епископтары конференциясының төрағасы, кардинал Пабло Виргилио Давид. Ол жұртты есеп беруді талап етуге шақырды.

Наразылықтардың көбі бейбіт өтті, бірақ полиция екі түрлі оқиға кезінде 72 адамды, соның ішінде 20 кәмелетке толмағанды ұстады.

Кем дегенде 39 офицер жарақат алды, ал баррикада ретінде қолданылған тіркеменің өртелгені хабарланды. Майор Хейзел Асило AFP агенттігіне ұсталғандардың "наразылыққа қатысушылар ма, әлде жай ғана тәртіп бұзушылар ма", осы тұсы белгісіз екенін айтты.

Ал қала басшылығының дерегінше, Маниладағы саябақта өткен таңғы шеруге шамамен 50 мың адам қатысқан, ал түстен кейінгі митингке астананың EDSA көшесінде тағы мыңдаған адам қосылды.

"Олар халықтың ақшасын талан-таражға салып жатыр, ал қарапайым азаматтар су тасқынынан зардап шегуде. Үйлері қирап, су шайып кетіп жатқанда, шенеуніктер жеке ұшақтармен ұшып, зәулім сарайларда өмір сүріп жатыр", – деді AFP агенттігіне 58 жастағы Мануэль Дела Серна.

Наразылыққа шыққандар заңсыз иемденілген қаржыны қайтаруды және оған қатысы бар адамдарды түрмеге қамауды талап етті. Бұл толқулар Азиядағы басқа елдердің де үкіметтегі жемқорлық пен теңсіздікке деген халық наразылығын да көрсетеді. Мәселен, биыл қыркүйекте Непалда Z ұрпағы бастаған наразылық қозғалысы үкіметті құлатса, жақында Индонезияда заң шығарушыларға берілген артықшылықтарға байланысты жаппай наразылықтар өрбіді.

Филиппин президенті Фердинанд Маркос-младший жыл сайынғы халыққа Жолдауында су тасқынымен күрес жобаларындағы коррупциялық жанжалды ашып көрсетіп, кейін бұл айыптауларды тексеру үшін тәуелсіз комиссия құрды.

Сенат жүргізген бөлек тергеу барысында құрылыс компаниясының иесі ел бойынша тікелей эфирде көрсетілген куәліктерінде шамамен 30-ға жуық заң шығарушы мен шенеунікті қолма-қол ақша алған деп айыптады. Бұған қоса, компания иесінің отбасы мүшелерінің сән-салтанатты өмір салтын көрсеткен ескі телесұхбаттары да жарияланып, халықтың ашу-ызасын күшейтті. Маркос-младший халықты сабырға шақыруға тырысып, наразылықты қолдайтынын білдірді.

"Адамдар неге көшеге шығып жатыр деп кінәлайсыздар? Егер мен президент болмасам, бәлкім, мен де олармен бірге көшеге шығар едім. Әрине, олар ашулы. Олар ашулы, мен де ашулымын. Біз бәріміз ашулануымыз керек, өйткені болып жатқан жағдай дұрыс емес", – деді ол осы аптадағы баспасөз мәслихатында.

Жексенбідегі шерулер тарихи маңызы бар күнге сәйкес келді: 1972 жылдың 21 қыркүйегінде президенттің әкесі әрі аттасы, марқұм диктатор Фердинанд Маркос елде әскери жағдай енгізген еді. Ол билікті тағы 14 жыл бойы ұстап тұрып, 10 миллиард доллар қаржыны ұрлады деп айыпталды.

Маркос-младший су тасқыны жобаларына байланысты коррупциялық жанжалға қатысты тергеу "қасиетті сиырларды да" аяп қалмайтынын айтты. Шудан кейін сенат төрағасы Фрэнсис Эскудеро мен Өкілдер палатасының спикері, Маркос-младшийдың немере ағасы Мартин Ромуальдес отставкаға кетті.


Әлеуметтік желілерге тыйым салынуы, премьердің отставкасы: Непалда "Z ұрпақ" үкіметті не себепті құлатты


Израильде халық ереуілге шығып, дүкендер жұмысын тоқтатты


Еске салайық, бұған дейін Ұлыбританияда Трамптың келгеніне қарсы наразылық акциялары өтіп жатқанын жазған едік. Лондонда мыңдаған адам "Stop Trump" қозғалысының ұйымдастыруымен көшеге шығып, "Трамп кетсін", "Нәсілшілдік жоқ, Трамп жоқ" деген ұрандар көтерді. Бұл Трамптың екінші ресми сапары, алғаш рет ол 2019 жылы келген. Сапар барысында Виндзор сарайында король Чарльз III ресми қабылдау жасап, мемлекеттік банкет өткізді. Наразылық акциялары АҚШ көшбасшысының даулы мәлімдемелері мен саясатына қарсылық ретінде ұйымдастырылды.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 22 Қыркүйек, 2025 10:24
Талқылау