ФИФА Израиль футбол федерациясына 190 мың доллар көлемінде айыппұл салды

Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) Палестина тарапынан түскен шағымдарды қарағаннан кейін Израиль футболына қатысты шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұйымның тәртіптік комиссиясы Израиль футбол қауымдастығы тарапынан белгілі бір тәртіп бұзушылықтар болған деген қорытындыға келіп, айыппұл салды.
Нәтижесінде Израиль футбол қауымдастығына ескерту жасалып, шамамен 190 мың доллар (95 миллион теңге көлемінде) айыппұл салынды.
Бұған дейін Палестина футбол қауымдастығы Халықаралық футбол федерациясының конгресінде Израильдің ұйымдағы мүшелігін тоқтатуды ұсынған еді.
Олар бұл талапты Газа секторындағы жағдаймен байланыстырып, өңірдегі футбол инфрақұрылымының толық немесе айтарлықтай дәрежеде жойылғанын алға тартты.
Сонымен қатар палестиналық тарап Израиль лигаларына Батыс жағалаудағы қоныстар командаларының қатысуы және ойыншылардың жүріп-тұруына қойылған шектеулер бойынша да шағым білдірген.
Ал Батыс жағалаудағы командалар мәселесіне қатысты Халықаралық футбол федерациясы ешқандай шара қолданбайтынын мәлімдеді. Ұйым бұл шешімін аймақтың құқықтық мәртебесі халықаралық құқық тұрғысынан күрделі әрі толық шешілмегенімен түсіндірді.
Сондай-ақ Израиль құрамасы алдағы өз алаңындағы үш ойында "Футбол әлемді біріктіреді – кемсітушілікке жол жоқ" деген жазуы бар баннерді өз логотипінің жанында орналастыруға міндеттелді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бір киіз үйді 13,5 миллион теңгеге сатып алған