Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“2036 жылы ақырзаман орнайды”: Қазақстандықтардың жағасын ұстатқан фейк ақпараттарға шолу

Ақпарат еркін таралатын заманда қазақстандықтардың желідегі түрлі сенімсіз деректерге иланып қалатыны жасырын емес. Соңғы кезде таралған ел ішінде митингтердің жиілеуі, қауіпті вирустың тарауы, ақырзаманның орнауы сынды деректер түрлі сыбыстар мен дизинформацияға себеп болады. Осы ретте Stan.kz тілшісі соңғы жылдары желіде таралып, көптің көкейінде қалып қойған жалған ақпараттар топтамасын жасады.

Сурет pexels-тен

2012 жылы үлкен метеорид Жерге жақындады ақырзаман келе жатыр деген қауесеттен соң, ел тұрғындарының жаппай дүрліге майшамдар мен азық-түлік, керек-жарақты қораптап алғаны есімізде. Пандемия кезінде де осындай жайттар қайталанған-ды. Елде қант таусылады деп дүрбелеңге салынып, дүкендерден қап-қап етіп тасыған жағдайларда да бірден бір себеп халықтың осындай желіде тараған сенімсіз ақпаратқа сенуі еді.

Қазір де қайдан шығып, кім айтқаны белгісіз хабарландырулар желіде қаптап жүр. Олай болса, елдің сеніміне кіріп, дүрбелеңге салған фейк ақпарат топтамасына тоқталайық:

  • Костенко атындағы шахтадағы жарылыстың видеосы

Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада орын алған жарылыс елдің қабырғасын қайыстырғаны жасырын емес. Алайда осы оқиға барысында онсызда еңсесі түскен жұрттың жағасын ұстатып, зәресін қашырған фейк видео WhatsApp желісінде тарады. Ол дәл осы шахтадағы жарылыстың видеосы ретінде көрсетілді. Бұл видеода жойқын жарылыстың тұтанған кезі мен шахтадағы қызметкерлердің аласұра жүгіргені бейнеленген. Видео соңында қатты жалын шарпып ештеңе көрінбей қалады. Ал шындығында бұл видео бірнеше бейнелер біріккен кадр екені анықталды. Ол тіпті Қазақстанда түсірілмеген. Шындығында бұл Севильядағы (Испания) Дос Херманас қаласындағы алюминий қорыту зауытында басталған өрт екен.

 

  • “Еліміздегі түрмелер 14 жастан асқан жасөспірім қыздарға толы”

Instagram желісінде видео таралып, мұнда автор қазақстандық түрмелер 14 жастан асқан жасөспірім қыздарға толы екенін айтқан. Онда қыздардың барлығы есірткі сақтағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына кесілген делінді. Әрине, бұл тағы да көпшілікті шошытып, желіде одан сайын әсіреленіп, тарап кетті.

Алайда кейін ҚР Ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

Ведомство бүгінде кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған түзеу мекемелерінде тек 5 қыз бар екенін жеткізді. Ал олардың біреуі ғана есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр екен. 

  • “Жылаған баланың көмекке шақыруы туралы қорқынышты ескерту”

WhatsApp желісінде қазақстандық қыздар мен әйелдерге мұқият болуы керек екені жазылған хабарламалар тарады. Мұндағы жазбада көшеде жылап тұрған баланың көмек сұрап, қолында жазылған мекен-жайға апаруды өтінетіні айтылған. Ал аяушылық танытып көмектескісі келген қыз келіншектерді бүлдіршіндер зорлық көрсететіндердің құрығына іледі екен-мыс. Бұл жаңалық та желдей есіп, қыздар қауымын дүрліктірді.  

Кейін Stopfake.kz басылымы бұл ақпараттың мүлде шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

Анықталғандай, бұл 2005 жылы ағылшын тілінде SMS-хабарлама ретінде таратылған зомби-фейк. Кейін әртүрлі тілге аударылып, жаңа сипатта таратылған. Ал Қазақстанға жалған ақпарат 2015 жылы жеткен. Еліміздің Ішкі істер министрлігі бұл деректің жалған екенін және мұндай жағдайлар еш жерде тіркелмегенін ескертті. 

  • “Өңделмеген 1 литр сыра 1 литр сүтке қарағанда пайдалы”

Бұл фейк алькогольді тұтынушылар үшін жағымды хабарлама болғаны анық. Себебі таралған ақпаратта  бір литр сүзгіленбеген сыраның бір литр сүттен 10 есе пайдалы екенін Мюнхен сыра институты ғылыми түрде дәлелдегені айтылған.

Алайда Мюнхенде ешқандай сыра институты жоқ. 2018 жылы Эрланген-Нюрнберг университетінің (FAU) бір топ ғалымдары сыраның құрамында адам денсаулығына оң әсер ететін екі затты анықтады. Бұл бауырдың майлануын болдырмайтын және қабынуға қарсы әсері бар полифенол ксантогумол және изо-альфа ащы қышқылдары.

Дегенмен сыра құрамынан қанша пайдалы зат табылғанымен, ондағы алкоголь барлығының пайдасын жоққа шығарады. Сыраны шамадан тыс тұтыну ерлердің де, әйелдердің де денсаулығына зиянды әсер етеді. Сыра аритмия, ас қорыту проблемаларын, инсульт пен жүрек ауруын, депрессия мен психикалық бұзылуларды тудырады, иммунитетті төмендетеді. Демек, сыра сүттен де пайдалы деген сөз шындыққа жанаспайды. 

  • Парацетамол аутизм мен бауыр ауруын тудырады

Желі қолданушылары сәл сырқаттана қалсақ жиі қолданатын парацетамолды қабылдау балалардың психикалық және неврологиялық бұзылыстарын тудырады деген ақпараттан соң тағы да дүрбелеңге түсті. Мұнда тіпті бұл препараттың кесірінен АҚШ-та бауыр трансплантациясы қажет адамдардың көбейгені және жүкті әйелдер ішсе баласына зиян болатыны айтылған. 

Алайда Америка акушер-гинекологтар колледжі 2021 жылы мәлімдеме жасады. Мұнда жүкті әйелдердің парацетамолды қабылдауы мен баланың дамуындағы проблемалар арасында дәлелденген байланыстың жоқ екені айтылған.

Сонымен қатар, дәріні көп мөлшерде немесе өзге де препараттармен бірге қабылдаған жағдайда ғана ол улы болуы мүмкін. Бірақ парацетамолдың артық дозалануының өзі бауыр трансплантациясының себебі емес. 2015 жылы жеті елде зерттеу жүргізіледі. Сонда Италияда 60 миллион тұрғынның ішінде парацетамолмен улану салдарынан 3 жыл ішінде бір ғана бауыр трансплантациясы қажет болғаны анықталады.

Сондықтан парацетамол бауыр трансплантациясының негізгі себебі емес және аутизм спектрінің бұзылуын, СДВГ дамуын және балалардағы басқа неврологиялық ауруларды тудырмайтыны мәлімделді.

  • “2036 жылы ақырзаман орнайды”

Әлеуметтік желілерде 2036 жылы тіршілік жойылады деген хабарламалар тарап жатыр. Мұнда жаһандық климаттың өзгеруі бүкіл күн жүйесіндегі өзгерістен болып жатқаны түсіндірілген. 

Көбіне ақырзаманның себептері ретінде ядролық соғыс, өзге ғаламшарлықтар шабуылы, астероидтардың құлауы, вирустардың таралуы тағы да басқа нұсқалары айтылады. 

Алайда ғарыш агенттігінің мамандары ақырзаман туралы барлық танымал теорияларға күмән келтіреді. Себебі аталған болжамдардың барлығы нақты дәлелсіз. 

"Қазақстан медиа желі" қоғамдық бірлестігінің аткарушы директоры, медиаэксперт Бақтыгүл Бурбаеваның айтуынша, мұндай жалған ақпараттар түрлі факторларда тарайды. Айтап айтқанда түрлі жарнамалар, комерциялық мақсатта, саяси науқан кездерінде тіпті көңіл-көтеру үшін, әсіресе, тақырыбын айғайлатып берген ақпараттардың бір бөліктері кейін өзгертіліп желілерге шығады. 

“Негізі кей ақпараттарды біз зомби-фейк дейміз. Олар пайда болғаннан соң, жалған екені әшкереленсе де, кейін бірнеше жылдан соң қайта тарап, елді дүрліктіріп отырады. Көбіне фейк жаңалықтар шын ақпаратқа өтірік деректерді қосу арқылы жасалып жатады. Дегенмен басынан бастап ойдан шығарылғандар да жоқ емес. Мәселен, конспирологияда бізді өзге ғаламшарлықтар жаратқан немесе жер бетін үш еврей өкілі басқарып отыр деген қауесеттер бар. Мұның бәрі адамдардың сеніміне кіріп, эмоция тудыру үшін жасалған”, – деді маман. 

Маман бүгінде жалған ақпараттар тіпті жасанды инттелекттің көмегімен де тарап жатқанын алға тартты. Олар тіпті белгілі бір адамның дауысын салып жұрт сеніміне оңай кіре алады. 

Еске салсақ, бұған дейін жалған ақпарат таратушылардың қоғам психологиясымен қалай жұмыс істейтіні туралы хабарлаған болатынбыз. 

Талқылау