Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Феминита" қозғалысының белсендісіне 400 мың теңге айыппұл салынды

Сот “Феминита" қозғалысының белсендісі Гүлзада Сержанға шамамен 400 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: instagram.com/feminita_kz

Белсендіге тіркелмеген ұйым қызметін басқарды деген айып тағылған.

"Хаттаманы белгісіз бір учаскелік полиция қызметкері толтырды. Оны рәсімдеу барысында көптеген заң бұзушылық болды. Әкімшілік құқықбұзушылық құрамы дәлелденген жоқ. Менің адвокатым полиция қызметкеріне қатысты жеке қаулы шығаруды талап етті. Сотқа дейін мені хаттамамен таныстырмады. Маған қандай айып тағылатынын мүлдем білмедім. Бұл тапсырыспен ұйымдастырылған", – дейді белсенді Гүлзада Сержан.

Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Алматыда өткен феминистік кездесуден кейін полицияға түскен арыз негізінде белсенді Гүлзада Сержанға қатысты істі қарады.


“Шетелдік агенттер, шығыңдар”: Бағила Балтабаева "Феминита” ұйымының шарасына баса-көктеп кірген


Оған "Қоғамдық бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу" дерегі бойынша айып тағылған. Атап айтқанда белсенді "тіркелмеген және қызметіне тыйым салынған қоғамдық бірлестіктерді басқару немесе олардың қызметіне қатысу" бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Сот белсендіге 100 АЕК (393,2 мың теңге) көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.

21 ақпанда “Феминита" қозғалысының тағы бір белсендісі – Жанар Секербаеваға қатысты сот отырысы өтеді. Оған да дәл осы бап бойынша айып тағылған.

Еске салсақ, бұған дейін "Феминита" ұйымының негізін қалаушыларға қатысты әкімшілік іс қозғалғаны туралы жазған едік.

Талқылау