Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Феминита” ұйымының белсендісі Жанар Секербаеваға айыппұл салынды

“Феминита" ұйымының белсендісі Жанар Секербаеваға айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Әлеуметтік желіден алынды

Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот “Феминита" ұйымының құрылтайшысы Жанар Секербаеваны 393 200 теңге айыппұл төлеуге міндеттеді.

Жанар Секербаева Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабының 9-бөлігі бойынша "Заңда белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық бірлестікті басқару" айыбымен кінәлі деп танылды.

Полиция инспекторы, капитан Данияр Әзікеновтың айтуынша, полиция Жанар Секербаеваның “Феминита" атты тіркелмеген бірлестікті басқаратынын әлеуметтік желідегі видеолар арқылы анықтаған. Кейін әділет департаментіне сұрау салып, бірлестіктің тіркелмегенін растаған.

“Бұл ұйым ЛГБТ-ны насихаттайды. Барлығы Секербаеваға бағынады. Оның пікірі мен мақұлдауын күтеді. Олардың ішінде тіпті кәмелет жасына толмағандар да бар. Біз Конституция бойынша зайырлы, демократиялық мемлекетте өмір сүрсек те, Қазақстан халқы дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ұстанады. Мұндай әрекеттер мен үндеулер қоғамда наразылық туғызады", – деді инспектор.


“Шетелдік агенттер, шығыңдар”: Бағила Балтабаева "Феминита” ұйымының шарасына баса-көктеп кірген


Өз кезегінде Жанар Секербаева инспекторға Қазақстан Конституциясының 14-бабын қайта оқып шығуды ұсынды. Ол бапта Қазақстанда заң мен сот алдында бәрі тең екені және ешкімнің тегіне, әлеуметтік, қызметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, сеніміне, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге жағдайларға байланысты кемсітуге ұшырамауы керектігі жазылған.

Адвокат Ғалым Нұрпеисов полицияның тек әлеуметтік желідегі видеолар арқылы қоғамдық ұйым басшылығын анықтағанына таң қалды. Оның айтуынша, егер осы негізде жауапкершілікке тарту мүмкін болса, кез келген қызығушылық клубының қатысушысын, тіпті студенттік клубтарды да жауапқа тартуға болар еді.

"Біздің бастама – әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған. Әйелдердің кез келген құқықтары, олардың мүдделері қандай болса да. Мен бастаманың тең құрылтайшысымын, бірақ бірлестіктің жетекшісі емеспін. Мысалы, Мұрат Телібеков – тіркелмеген Қазақстан мұсылмандары одағының көшбасшысы. Олардың да өз ұйымдары бар. Біз де сол секілді бастама, сол секілді одақпыз. Олар тіркелмеген, бірақ оларды жауапқа тартпайды", – деді Жанар Секербаева.

Айта кетейік, осыған дейін "Феминита" ұйымының негізін қалаушыларына қатысты әкімшілік іс қозғалғаны туралы айтқанбыз.

Еске салсақ, сот “Феминита" қозғалысының белсендісі Гүлзада Сержанға шамамен 400 мың теңге көлемінде айыппұл салған еді.

Талқылау