Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Фармацевтер: Қазақстанда тағы да дәрі тапшылығы байқалады

Фармацевтер жақын арада Қазақстанда дәрі-дәрмек жеткіліксіз болатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Олардың пікірінше, антибиотиктер мен дене қызуын түсіретін дәрілер сатылымда болмау мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің шекті құнын бекіткеннен кейін оларды сатып алу тиімсіз болған. Кәсіпкерлер дәрі-дәрмектерді көтерме бағадан арзанға сату керек дейді. Бұл көптеген дәрі-дәрмектерге тапшылық тудырады.

"Қараңызшы, жеткізушінің бағасы - 1668 теңге болса, бөлшектік саудада - 970 теңгеге сатуға мәжбүрміз. Үстеме минус 16,89 пайызды құрайды. Ал тағы бір ірі жеткізуші 1214 теңгенің бағасын ұсынады. Логика қайда? Бүгінде бүкіл Қазақстан бойынша дәріханадағы 150-ден астам дәрі-дәрмекке шекті баға енгізді. Бұлай жалғасатын болса, барлық дәріханалар жабылуы мүмкін", - дейді дәріханалар желісінің директоры Камила Кабиридзе.

"Дәрі-дәрмектердің бағасын төмендету мәселесі кәсіпкерлермен келісілген жоқ. Яғни, қазіргі уақытта елімізде субсидияланған мемлекеттік дәріханалар жоқ, біздің дәріханалардың барлығы жеке меншікте. Егер дәріні бекітілген бағамен сатпайтын болсақ, онда біздің сапалы дәрі-дәрмек алып жатқанымызға күмән келтіре бастайды. Осылайша дәрі-дәрмек жетіспеушілігі болады", - деп қосты дәріхана директоры Қанат Әубәкіров.

Фармацевтер қазірдің өзінде вирусқа қарсы дәрі-дәрмектердің көбін дәріханадан табу қиын екенін айтады. Олар дәрі-дәрмекті арзан бағамен сатуға дайын емес екенін жеткізді. 

"Қазірдің өзінде дәріханалардың жағдайы мәз емес. Қызметкерлердің ақысын төлеу керек, ғимаратты жалға аламыз. Дәріні сататын бағасынан әлдеқайда арзанға алып отырсақ, онда неміз қалады", - дәріханалар желісінің иесі Ажар Абдулаева.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмекке шекті бағаны белгілеуге мәжбүр болғанын айтады. Енді дәрі-дәрмек нарығында алыпсатарлық болмайды, қазақстандықтарға қажетті дәрі-дәрмектер арзандайды деп сендірді олар. 

"Шекті бағаны белгілеу кезінде маркетингтік шығындар алынып тасталды. Көтерме және бөлшек сауда үстемелері де азайтылды. Тексерулер дәріхана ұйымдарына ғана емес, бірінші кезекте өндірушілерге де, көтерме сауда жүргізетін дистрибьюторларға да әсер етеді", -  дейді денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмек саясаты департаменті директорының міндетін атқарушы Ботагөз Сыздықова.

Талқылау