Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Фейк ақпаратты қалай әшкерелейді және бұл не үшін маңызды?

Ғаламтор мен әлеуметтік желілердің дамуының арқасында ақпарат қалың бұқараға жылдам тарауда. Оның ішінде расы да, жалғаны да бар. Осы тұста тарап жатқан мәліметтерді тексерістен өткізу маңыздылығы туындайды. Жалған және рас ақпаратты айырудың тиімді тәсілін фактчекинг маманы Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Фото: zhurkamurkamagazine.ru

Әрбір ақпарат тексеріліп, даулы тұстары талқылануы керек

Фактчекинг – бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, саясаткерлердің сөйлеген сөздерінде және басқа да ақпарат көздерінде таратылатын ақпараттың, фактілердің немесе мәлімдемелердің дұрыстығын тексеру және растау процесі. Фактілерді тексерудің негізгі мақсаты – қателерді, дәлсіздіктерді, жалған мәлімдемелерді немесе фактілермен манипуляцияларды анықтау.

Қазақстандағы фактчекинг – 2017 жылы құрылған халықаралық фактчекерлер желісі. Ол жәй ғана ресурс емес бүкіл әлемге мойындалған.

Сонымен қатар 2017 жылдан бері фактчекинг дебанкинг, үгіт-насихат деконструкциясы, пропаганда деконструкциясы секілді форматтармен жұмыс істеп келеді. Фактчекинг жасау кезінде саяси, әлеуметтік-экономикалық сарапшылардың пікірлері арқылы зерттелген фактчекке де қатысты қайшы деректер кезігіп жатады. Бұл туралы маман Думан Смақов айтып берді.  

"Ақпарат ішінде аты аталған адамның, кейіпкердің келіспейтін тұстары болады. Егер кез келген адам бізде шыққан материалға келіспейтін болса сәйкесінше бізге хат жазып немесе телефон нөмірімізге хабарласып бұл ақпараттың шындығы мынада деп қосалқы құжаттарды ұсыну арқылы үкімді өзгерте алады. Мұндай да жайттар болған.
Бұл туралы материалдарды толықтыру және өзгертуге қатысты ережеге сәйкес, өзгерістер мен толықтырулар енгіземіз. Міндетті түрде осындай құжаттың ұсынылуына байланысты деп құжатты көрсете отырып сайтта жариялаймыз. Бұл біздің қоғам алдындағы, оқырман алдындағы жауапкершілігімізді көрсетеді", - деді маман. 

Маманның айтуынша,  кез келген дүние үшін қосымша ақпараттар тексеріледі. 

"Фактчекинг жасағанда бір ақпарат көзі ғана емес, кемінде 3 деректі қарай отырып, оның рас-өтірігі зерттеледі. Сондықтан бұл жердегі ақпаратты барынша сенімді деп атауға толық негіз бар", - деді маман. 

Фактчекке алынған ақпараттың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық маңызы болуы керек

Маманның айтуынша, фактчекингтің ең басты құндылығы – ашық дереккөздермен жұмыс істеу. 

"Бұл тақырыпты алғанымыз біз және қоғам үшін қаншалықты маңызды болады деген дүниеге негіз қоямыз. Өйткені сізден кейін оқырманыңыз міндетті түрде материалыңызды оқып, сол деректерді ала отырып, сіз қойған үкіммен сәйкес үкім шығаруы тиіс. Ақпаратты тексерудегі басты ережелер ашықтық, әділеттілік және бәрімен тең дейгейдегі алшақтық.
Ашықтық дегеніміз – ашық ақпарат көздерінен, ашық деректерден ғана тексеру, ашық әдістерден ғана ақпарат алу.

Әділеттілік деген бір жаққа көзіңді ашып, екінші жаққа көзіңді жұмып қарауға болмайды, яғни барынша әділ және тең дәрежеде тексеру. Бәрінен алшақтық – оппозиция болмау, яғни оппозицияны, мемлекетті органдарды, я болмаса басқа да нейтральды органдарды жақтап кетпеу керек. Барынша тең және бейтарап болғаның жөн", - деді маман. 

Сондай-ақ маман "New York Times" газетінің бұрынғы журналисі Джудит Миллерді мысалға келтірді. Ол, Ирактағы жаппай қырып-жоятын қарулар туралы расталмаған ақпаратты таратқаны үшін кінәлі деп танылған еді. 

"Журналист осы әрекетіне қатысты: "Егер сіздің дереккөздеріңіз қате болса, сіз де қателесесіз" деп жазды. Ешқашан дереккөздің қатесін сылтау ретінде пайдаланбаңыз. Материалға аты-жөніңіз жазылған, оған сіз жауаптысыз. Ақпаратты растау және қайта тексеру үшін бар күшіңізді салыңыз", - деді маман. 

Фейк ақпараттардың жетегінде кетпес үшін осы ережелерді ұстаныңыз. 

Негізгі дереккөзді табыңыз. Сұхбат кезінде кейіпкеріңіз сізге кейбір фактілерді айтса, "Мұны қайдан алдыңыз?" - деп сұрап үйреніңіз. Бұл негізгі ақпарат көзі туралы сұраққа жауап береді. Сіздің кейіпкеріңіз қателесуі, өтірік айтуы немесе бүкіл оқиғаны есте сақтамауы мүмкін. Сұхбаттасушыдан ақпаратты қайдан алғанын сұрау сенімдірек дереккөзді табуыңызға көмектеседі. 

Дереккөзді бағалаңыз. Сұхбаттасушыңызға оның ақпаратының сенімділігін тексеру үшін сұрақ қоюдан тартынбаңыз. Кейіпкеріңіздің айтылып жатқан ақпаратқа ресми рұқсаты бар ма? Бейресми түрде алынған ақпаратты дұрыс деп айту үшін сөйлеушінің деректері жеткілікті ме? Дереккөз бұрын расталған ақпаратты берді ме? Ақпарат туралы тағы кім біледі? Осы сұрақтарды қою арқылы жан-жақты тексеру жүргізіңіз.

Ақпаратты бағалаңыз. Ақпараттың сенімділігін тексеретін сұрақтар қойыңыз. Дереккөз олар беретін деректер теория, болжам, қауесет немесе факт екенін біле ме? Егер ақпарат шындық болса, қазіргі таңда қаншалықты өзекті?

Сұрақ қойыңыз. Алынған ақпаратты оны жоққа шығара алатын дереккөзбен тексеріңіз. Ақпаратты жоққа шығару мүмкін болмаса, бұл шындық болуы мүмкін. Егер қарама-қайшы дәлелдер болса, екеуіне де күмәнмен қараңыз. Шындықтың түбіне жетуге тырысыңыз. 

Әлеуметтік желілерді тексеріңіз. Желідегі адамдардан ақпарат алуға көмектесуін сұраңыз. Мүмкін олардың біреуі куәгер болған немесе егжей-тегжейлі білуге көмектесетін біреуді танитын болуы мүмкін.

Талқылау