Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еуропаның бірнеше елінде, АҚШ пен Түркияда Палестинаны қолдауға арналған митингтер өтті

4 қарашада Ұлыбритания, Франция, АҚШ пен Германия және Түркия қалаларында  мыңдаған адам Палестинаны қолдау мақсатында митингке шықты. Олар Газа секторына оқ атуды тоқтатуды талап етіп, Израиль армиясын сынға алды. Осы күні Израиль тұрғындары да үкімет резиденциясының алдына жиналып, премьер-министр Беньямин Нетаньяхудың отставкаға кетуін талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Лондонда мыңдаған адам метроға жиналып, Трафальгар алаңына дейін жүріп, "Оқ жаудыруды тоқтатыңыздар", "Біз мыңдаған, миллиондаған адамбыз, бәріміз палестиналықпыз!" деп ұрандады.

Полицияның хабарлауынша, 11 адам қамауға алынды. Полицейлер Ұлыбританияның заңнамасына қайшы келетін, алауыздық тудыратын плакаттар анықтағанын айтты. 

Вашингтонда тұрғындар Палестина туын көтеріп, көшелерімен жүріп өтті. "Байден, сен дұрыс әрекет етпедің, геноцидке жол бердің" деп ұрандады. Шерудің соңында олар келесі жылы Байденді қолдамайтындарын мәлімдеді.

Парижде Палестинаны қолдауға арналған рұқсат етілген алғашқы митинг өтті. Адамдар плакаттармен шығып, онда "Ештеңе жасамау, ештеңе айтпау – серіктес болу" деп ұрандап, Палестинаға жасалған зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды.

Ыстамбұл мен Анкарада жүздеген наразылық білдірушілер АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің келмеуін талап етті. Блинкен Түркияға Газа секторы бойынша келіссөздер жүргізу үшін келуді жоспарлады. Наразы қауым Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху мен Блинкеннің суреттеріне қызыл крест бейнелеп, "Блинкен, қаскөйлердің серіктесі, Түркиядан кет" деген плакаттарды ұстады.

Берлинде Палестина жалауларымен жүздеген адамдар жиналды, олар Газа секторына оқ жаудыруды тоқтатуды талап етті.

Ал Иерусалимде жүздеген адам Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың отставкаға кетуін және кепілге алынған туыстарын дереу босатуды талап етті.

Наразылық білдірушілер үкімет резиденциясында орнатылған полиция қоршауынан өтіп кеткен. Жиналғандар ХАМАС тұтқынға алған адамдарды босату үшін Израиль әрекет жасамағанына шамданды.Тель-Авивте жиналғандар атысты тоқтатуды талап етті.

Талқылау