Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еуропалықтарға әруақтар туралы айтып беремін": Германияға қоныс аударған қазақ мүсіншісі өмірі жайлы айтты

Жармұхаммед Тілегенұлы – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы. Германия елінде тұрып жатқанына 30 жыл болды. Майнцтағы жеке галереяда жұмыс істейді. Еуропа қазақтары болып қуғын-сүргін құрбандарына, Қарағанды қаласында ескерткіш орнатқан. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында шетелдегі мүсінші Еуропадағы өмірі, неміс пен қазақ халқының өнерге деген қызығушылығы туралы айтып берді. 

Жармұхаммед Тілегенұлы, жеке архивтен

"Өзім Қостанай облысының Ақши ауылынын тумасымын. Қыпшақ руынан тараймыз. Туып өскен жылымды айтқым келмейді. Өйткені өмірге философиялық тұрғыдан қараймын. Өз философиям бойынша адамның туған жылы мен күндерін жадымнан өшірдім. Бастысы – бәрімізге Алланың берген жаны бар. 

Елде орыс мектебін бітіргенмін. Ол кезде мектеп он жылдық болатын. Бала кезден сурет салуға әуес едім. Арасында саз балшықтан мүсін де жасайтынмын.  Бірінші қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға оқуға түстім. Кейін өнер жолын 1983 жылы Темірген Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында жалғастырдым. Ресейдің Санкт-Петербург, Ленинград секілді қалаларында екі-үш жылдай тәжірибе жинақтағанмын", – дейді жерлесіміз. 

Жармұхаммед Тілегенұлы, жеке архивтен

1986 жылы қазақ жастары болып алаңға шыққан. Ол кезде төртінші курс студенті. Жазалау шаралары барысында, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айып тағылған. Бес жылға бас бостандығынан айырылып, оның екі жылынан кейін ақталып шыққан. Сол бір сәттегі қиындықтарды жиі еске алғысы келмейтінін айтып қалды.

"1996 жылы Қазақстаннан Германияға отбасымызбен көшіп келдік. Өзім әділетсіздіктерге бейжай қарап жүре алмаймын. Жанымда желтоқсанның жарасы бар. Шетелге кетуді әбден ойланып, біржолата кетеміз деп шешім қабылдадық. Бастапқы кезде Кобленс қаласына көшіп келдік. Қазір Майнц қаласында тұрамыз. Ауданымыздың орталығы болып есептеледі. Мұнда неміс тілін жарты жылдай үйрендік. Осында келгеннен кейін басқа тілді ұмытып, мемлекеттік тілді үйренуіміз керек. Халық ішінде жұмыс істесек, тезірек тіл үйренуге мүмкіндік бар.

Жармұхаммед Тілегенұлы, жеке архивтен

Грамматиканы құр оқығаннан пайда жоқ. Жеке фирмаға жұмысқа кіріп, мүсін жасайтын болдым. Көптеген неміс фирмаларында сабақ беремін. Ай сайын 400 еуро айлық төлейді. Басқа беретін көмектері де көп. Елімізде ғой халықтың әлі де сорлап жүргені. Осылай тезірек үйренісіп кеткенбіз", –  дейді отандасымыз.  

Желтоқсан қаһарманының сегіз перзенті, немерелері бар.  

"Қай елге барсаң да, сол елді сыйлау – міндет. Францияға барсаңыз, француз тілін үйренесіз. Еуропаның барлық мемлекеттеріндегі тәртіп осындай. Қазақстанда басқалар кірпідей болып кетеді ғой. Оларға үкімет қазақ тілін үйретпейді. Қазақстандағы басшылар шетелден түрлі заңдарды алады. Неге тіл жағын алмайды екен? Сондықтан тілді үйренейік. Автобустарда кішкентай қазақ балалары орысша сайрап жүр. Қазақстанға барғанда осы нәрсе жаныма батқан еді. Өзімізде желтоқсандағы намыс бар. Еуропада сондай намысты сөндірмей, ана тілімізді сақтап жүрміз", –  дейді ол. 

Оның айтуынша, Германияда мүсін өнеріне қызығушылық аз екен. Бірақ Франция мен Италияда басқаша дейді. Сол себепті мұнда сабақ  береді екен. 

"Қарағандыда өз қаржымызға қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш қойдық. Ешкімді жамандамаймын. Бірақ жергілікті биліктен рұхсат алу мәселесі біршама қиындықтар туғызды. Халқымыздың менталитеті өзгеріп кеткен сияқты. Тіпті адамдарды ақша да өзгерткен болуы мүмкін. Бір жарым ай жауабын күттік. Берген қаржымызға сапасы төмен тас әкеліпті. Мен одан бас тарттым. Ертең әжептеуір дүние жарылатын болса, мен кінәлі боламын. Қарағандыдағы фирмалардан гранит тасты таптым. Құрал-жабдықтар жағынан да көмектеспеді. Оларды өзіміз сатып алдық. Далада шатыр ішінде ескерткішті жасап бітірдім. Бір жағы ашаршылық атмосферасын сезіне алдым. Кейбіреулер дала суық, қоя салсаңшы деген. Оған да қарамай барымды салдым. 
Мүсінші көрмеге келушілерге әруақтар туралы айтып беретіндігін қоса кетті. Олар бұл жағын білмейді дейді. Еуропалықтар көбінесе логиканы ғана ескереді екен. 

"Неміс пен қазақ халқының ұқсастықтары көп. Қазақтар сияқты бұлар да қой бағады. Германия да сиыр мен жылқылар бар. Бұлардың әйелдерінің атқа мінетініне таң қалғанмын. 

Германиядағы қазақтар болып араласамыз. Бәрінің де жұмыстары бар. Қазақстанның түкпір-түкпір жерінен келген. Мемлекеттік қызмет саласында істеп жатқандары да бар. Қазіргі таңда қазақтар Германияда әртүрлі салаларға орнығып алған", - дейді желтоқсаншы. 

Оның айтуынша, Қазақстанда туыстары көп. Көбісі аталары жатқан жерден кеткісі келмейді. Болашақ та өз еліне қайтатындығын жеткізді. 

"Жастарымыз көп нәрсені түсінсе екен. Тегіміздегі "ов", "ев" дегендерден құтылған дұрыс. Жастарға ұлтшылдық керек. Ата-баба әруағын бір мезет болса да ойлаған жөн. Өз басым әруақтарды көремін. Сондықтан да таза болып жүру маңызды. 

Өзімнің жүрген жолымды дұрыс деп есептеймін. Мүсін жасағанда елестетемін. Әруақтар маған ақыл-кеңесін береді. Өмірде әруақтардың барлық жағынан көмектесетініне көзім жетті. Бұл өмірде бәрі де уақытша нәрсе ғой. Адамға басқа күш кіріп, ол сенің денеңді басқарады. Маған олар жын-шайтан ретінде келген емес. Әруақтар жақсы жағынан келеді. Сондықтан да өмірге деген көзқарасым өзгерген", –  деп жерлесіміз өз сөзін аяқтады.

 

Қадірәлі САРЫПБЕК 
 

STAN.KZ
Жұма, 25 Қараша, 2022 16:18
Талқылау