Ең ірі италиялық банк Қазақстан нарығына кіруді жоспарлап отыр
Сауда және интеграция министрлігі елімізде италиялық Cassa Depositi e Prestiti мемлекеттік банкінің несие желісі ашылатынын жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: vita.it
Министрліктің мәліметінше, Астанада Италия сыртқы істер министрінің орынбасары Эдмондо Чириелли несие желісінің ашылатыны туралы хабарлаған.
Италия Қазақстанның Еуропалық Одақ елдері арасындағы ірі сауда серіктестерінің бірі және тауар айналымы бойынша үшінші орын алады. 2023 жылы екі ел арасындағы жалпы сауда айналымы 16,1 миллиард долларға жуықтап, өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайыз өсті.
Сонымен қатар Қазақстаннан Италияға экспорт 14,8 миллиард доллар болғанын айта кеткен жөн. Ал импорт 1,2 миллиард долларға жетті.
Айта кетейік, 2024 жылы сауда көлемі артып келеді. Себебі сегіз айда сауда айналымы 33 пайыз артып, 13,8 миллиард долларға жетті. Экспорт 36 пайыз өсіп, 12,9 миллиард долларға жуықтады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда шетелдік банктерге қойылатын талаптар жеңілдетілетінін жаздық. Шетелдік банктердің филиалдарына жеке тұлғалардың депозиттерін тарту, төлем карточкаларын шығару, шетел валютасымен айырбастау операциялары, синдикатталған қаржыландыру және басқа да қызметтерді көрсетуге рұқсат етілмек.