Еуроодақ Илон Масктың X әлеуметтік желісіне миллиондаған айыппұл салды
Фото: Nikolas Kokovlis/NurPhoto/picture alliance
Еуропалық одақ алғаш рет цифрлық қызметтер туралы заң (DSA) аясында америкалық технологиялық компанияға айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Deutsche Welle порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Еврокомиссия 5 желтоқсанда Илон Маскқа тиесілі X (бұрынғы Twitter) микроблог сервисін жарнама мен пайдаланушы аккаунттарының ашықтық сақтамағаны үшін жауапқа тартты.
Еврокомиссия өкілі Хенна Вирккуненнің айтуынша, мақсат – ЕО-ның цифрлық заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету.
Негізгі бұзушылықтар:
• "Көкжұлдызды" (blue check) аккаунттарды қате верификациялау, нәтижесінде қолданушылар профильдердің шынайылығына күмән келтіруі мүмкін;
• жарнаманың ашықтығын сақтамау;
• реттеуші органдарға жалпыға қолжетімді деректерге рұқсат бермеу.
• ЕО X компаниясына:
• 60 күн – верификация мәселелерін түзетуге,
• 90 күн – жарнама ашықтығы мен деректер қолжетімділігі бойынша талаптарды орындауға берді.
X желісіне қатысты тергеу 2023 жылы басталған. 2024 жылы Еурокомиссия платформа цифрлық қызметтер туралы заңның бірқатар баптарын бұзғанын мәлімдеген. Сонымен қатар, заңсыз контентті таратуға қарсы шараларға және ақпараттық манипуляция мәселелеріне қатысты да өзге тергеулер жүріп жатыр.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс ЕО-ны америкалық компанияларға себепсіз шабуыл жасады деп айыптады. Оның пікірінше, X "цензурамен айналыспағаны үшін жазаланып отыр".
Ал Еврокомиссия бұл айыптауларды жоққа шығарып, айыппұлдың цензураға қатысы жоқ, бұзушылықтың ауқымы мен пайдаланушыларға әсеріне қарай белгіленгенін айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі де ЕО-ның цифрлық заңдарын жиі сынға алған. Трамп тіпті америкалық компанияларға "зиян келтіреді" деп есептеген елдерге қарсы жаңа тарифтер енгізетінін де ескерткен. Бірақ Еуроодақ өз ережелерін қатаң сақтайтынын мәлімдеді.
Илон Маск жер бетінде ақ нәсілділердің жойылып бара жатқанын мәлімдеді
Еске салайық, бұған дейін Илон Маск әлемдегі алғашқы триллионер атануы мүмкін деген болжам қоғамда алаңдаушылық тудырды. Tesla акционерлері оған 1 триллион долларлық рекордтық өтемақы пакетіне келісім берді. Алайда АҚШ-тың ірі зейнетақы қоры CalPERS бұл шешімге қарсы шықты. Егер барлық шарттар орындалса, Масктың Tesla-дағы үлесі 13%-дан 25%-ға дейін өсіп, компаниядағы ықпалын шектен тыс күшейтеді деп есептейді сыншылар.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік