Еуразиялық банк президентке жасанды интеллектке негізделген инновациялар мен Eurasian Drive өнімін таныстырды
Фото: Ақорда
1 қазан күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектті дамыту жөніндегі Кеңес отырысы аясында Астанада ұйымдастырылған цифрлық әзірлемелер көрмесіне барды.
Көрмеге Еуразиялық банкпен қатар еліміздің алдыңғы қатарлы компаниялары мен институттары – Ustem Foundation, Freedom Bank, Yandex Qazaqstan, Kaspi, "Қазақтелеком", "Бәйтерек" ҰБХ, "Қазақстан темір жолы" және басқа да ұйымдар өз жобаларын ұсынды.
Еуразиялық банктің стендінде басқарма төрағасы Ләззат Сатиева банк кейінгі екі жылдан аса уақыт бойы жасанды интеллект бағытындағы жұмыстарды белсенді дамытып келе жатқанын айтты. Бұл технологиялар клиенттерді қорғауға, қызметтерді дербестендіруге және процестерді жеңілдету үшін енгізіліп жатыр. Ұлттық банкпен бірлескен жұмыс нәтижесінде алаяқтыққа қарсы антифрод жүйелер іске қосылды. Олар күмәнді операцияларды бақылап, оны дәл сол уақытта бұғаттауға мүмкіндік береді. Соның арқасында жалпы көлемі 307 млн теңге болатын 2,5 мыңға жуық алаяқтар операциясының жолы кесілді.
ЖИ банк клиенттеріне нақты уақыт режимінде әр адамның қазіргі уақыттағы қажеттілігін талдап, жеке ұсыныстар алуға көмектеседі. Жыл басынан бері мобильді қолданбаны пайдаланушылардың қанағаттану көрсеткіші (NPS) 42%-дан 52%-ға дейін өсті. Бұдан бөлек, технологиялар кепіл мүлкін қашықтан 94% дәлдікпен бағалауға мүмкіндік береді. Ал болашақта клиенттердің барлық құжатын 95% болжалды дәлдікпен өңдеу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар басқарма төрағасы банктің бірегей жобасы – Eurasian Drive туралы айтты. Бұл сервис Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылған. Eurasian Drive арқылы клиенттер жаңа автокөлікті автосалонда отырып-ақ мобильді қосымша арқылы несиеге рәсімдеп, тіркеуден өткізе алады. Егер бұрын автонесие алу мен көлікті есепке қоюға үш күн қажет болса, қазір бүкіл процесс небәрі 2–3 сағатта, ал көлікті тіркеу бар болғаны 30 минутта аяқталады. Жоба қыркүйекте іске қосылған сәтінен бастап сервиске елдегі 60-тан астам автосалон қосылды. Ал 100-ден астам клиент жаңа мүмкіндікті пайдаланып үлгерді.
Фото: Еуразиялық банктің баспасөз қызметі.
Суретте: Шухрат Ибрагимов, директорлар кеңесінің мүшесі және Ляззат Сатиева, Еуразиялық банктің басқарма төрайымы
"Дәл осындай сервистер, технологиялар қазақстандықтардың уақытын айтарлықтай үнемдеген кезде адамдарға шынайы қамқорлық жасалады. Мемлекеттің цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағыты бізге әлемдік деңгейдегі қызметтерді дәл осы жерде, Қазақстанда жасауға мүмкіндік береді", – дейді Ләззат Сатиева.
Ақорда сайтында хабарланғандай, бұл іс-шара еліміздегі цифрлық технологиялардың даму қарқынын, отандық бизнес пен институттардың жасанды интеллектінің ұлттық экожүйесін қалыптастырудағы үлкен үлесін айқын көрсетті.

2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
