Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тарих: Естай ғашық болған Қорлан ашаршылық жылдарында азап шегіп қайтыс болған

2010 жылғы шілде айы еді. Елді елең еткізген бір оқиға болды. «Ол не?» дейсіздер ғой. Атақты Естай ақын әнінің прототипі Қорлан апамыз бар емес пе?! Міне, сол асылымыздың зираты табылыпты. Білмей келіппіз, сұлулық символы болған ғазиз жанның бейіті оқиға болып, ән туған Павлодар өңіріндегі Маралды маңайында емес екен. Ол сонау Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің Славгород төңірегінде болып шықты.

1490929293_article_b-1000x700

Міне, сол жерде бүкіл бір халықтың сүйіспеншілігіне бөленген, ұлт махаббатына айналған қазақтың хас сұлуы 30-жылдардың аяғында мәңгілік сапарға аттаныпты.     Сол жылы бейіт басына көк тас-белгі қойылып,ас берілді. Жұртшылық алдына Қанат Назымбекұлы атты қария шақырылды. Сұрастырып білсек, бұл кісі Қорлан апамыздың туған немересі екен. Ақсақал өз сөзін ертедегі осы өңір қазақтарының тарихына шолу жасаудан бастады, деп хабарлайды kazakh-tv.

Ондағы әңгімеге қарағанда апалы-сіңлілі Құсни мен Қорланның әкелері Сұлтан би, ал ағасы Сұңқарбек осы Қаранай аймағының болысы болған адамдар екен. Қорлан кәмелеттік жасқа жеткен кезде бойжеткенді іргелес ауылдағы Қуат байдың ұрпағы Нұрмұханбетке ұзатады. Алланың жазуы, аталарының ұйғаруы бойынша отау құрған жұбайлар өмірде сыйластықпен ғұмыр кешеді. Нәсифолла, Ғабдыжаппар, Ғабдұлхамит, Зейнелғабиден, Назымбек есімді бес баланың әке-шешесі атанып, 30-жылдарға дейін бақытты өмір сүреді. Содан кейінгі тәркілеу мен ашаршылық Қуат байдың әулетін қатты есеңгіретеді. Ал 37-нің зобалаңы тіпті сұмдық еді.

Жергілікті билік қазақ ауылдарындағы оқыған азаматтарды атып-асып болған соң, араларында Нұрмұханбет бар топты шахта мен темір жол жұмысына апарып салу үшін Приморьеге айдайды. Сол аласапыран уақытта Қорлан анада бір ғана үміт болған дейді білетіндер. Ол өзінің шиеттей бала-шағасы – бес ұл, бір қызын қалай да аман алып қалу үшін 60 шақырым жердегі нағашыларына жету еді. Жетеді де. Бірақ перзенттерін өзі іздеп келген отбасына табыстап бола беріп, күзгі қара суықтағы азапты жолдан қалжыраған ғазиз жан үзіліп кетеді. Қарғыс атқыр 37-дегі Қорланның жағдайы осылай болса, ері Нұрмұханбеттің тағдыры басқаша өрбиді. Ол кісі итжеккендегі лагерьде жүргенде елдегі бес ұлының үшеуі соғысқа алынады. 1942 жылы олардың арасындағы Зейнелғабиден Сталинград түбінде қаза табады. Сол уақыттағы заң бойынша бір отбасынан екі немесе үш адамның майданда болуы репрессияға ұшыраған ата-анаға жеңілдік әкеледі екен. Приморьеде жүрген Нұрмұханбет үкіметтің осындай пәрменімен лагерьден босайды. Бұл 1943 жылдың көктемі-тін. Елге келген соң бар жағдайға қанығады.

Балаларын жинап алып оқытып, оларды адам қатарына қосуға әрекет жасайды. Ешкімге үйленбей, ұл-қыздарының тілеуін тілеген күйі 1966 жылы өмірден озады.

Сол жерде композитор Жоламан Тұрсынбаев жанында отырған Қорлан апамыздың немересі Қанат Назымбекұлы қарияға екі сауал қойды. Оның алғашқысы Естайдың «Құсни-Қорлан» әнінің туу тарихы да, одан кейінгісі Құсни қыздың тағдыры туралы сұрақ еді.

– Ресейдегі мына Славгород, Құлынды өңірі мен Қазақстандағы Маралдының арасы жақын, – деп бастады сөзін Қанат ақсақал. – Үлкендерден ес­туіміз бойынша бір жазда апалы-сіңлілі Құсни мен Қорлан сол ел жақтағы тойға барады. Онда Естай ақын да болыпты. Жастарға арналып тігілген киіз үйдегі ойын-сауықта атақты әнші өздері де, киімдері де өзгеше екі сұлу қызды көріп қалады. Сөйтеді де бір сәттік көріністі ұмыта алмай, терең толғанысқа беріледі. Ал Қорлан ше? Тойдан келген бойжеткенді бұрынғы атастырып қойған жеріне ұзатылу күтіп тұрған еді. Оны естіген Естай ақын түрлі ойға беріледі. Ақыры соның, яғни сан түрлі сезімнің әсерінен кейін ол «Құсни-Қорлан» әнін тудырады.

Апамыз көрші ауылға келін болып түскен соң, Маралды, Кереку жаққа қайтып бармаған. Бүкіл өмірі осы төңіректе өткен. Естайдың да бұл жаққа жолы түспеген. Осылайша тойдағы бір сәттік көрініс әсерінен ақын артында аңызға айналған ғажайып ән қалған. Ал Құсниға келсек, ол кісіні ешкім білмейді. Қайда, кімге ұзатылған? Тағдыры қалай болған? Қашан өмірден өткен? Міне, мұның бәрі сол замандағы жөн білетін аталарымызға да, одан кейінгі біздерге де жұмбақ? Еш жерде ешқандай дерек қалмаған.

Жанболат Аупбаев

Тағы да оқыңыз:

Мұхтар Әуезов ғашық болған Ғайыпжамал кім?

Қазақтың үш асыл ұлы бір әйелге ғашық болған

Қазақтың белгілі жазушысы Ілияс Есенберлин жарын қалай таңдаған?

 

Талқылау