Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ескі қазандықты қосуға тура келеді": ШҚО-дағы мектептердің бірінде жылыту қазандығы апатты жағдайда тұр

Былтыр маусым айында қайта құрылған Самар ауданында білім саласындағы дау-дамай әлі басылар емес. Өңірдегі Мариногорка орта мектебінің жылу қазандығы апаттық жағдайда тұр. Ресми ақпарат растағандай, білім ордасы жылыту маусымына әлі дайын емес. Stan.kz тілшісі мәселемен толығырақ танысты.

Қазандық тұрған нысанның іші де қауіпті

Негізі қаланғанына 45 жылдан асқан Мариногорка орта мектебінде бұған дейін ауыз толтырып айтарлықтай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ақау шықса ағымдағы жөндеумен шектелген көрінеді. Мәселенің бір шетін осы қазандықта от жағатын Талғат Қуанышев айтып берді. Оның сөзінше, от жаққан кезде тұтас ауланы түтін басады. Әбден ескіргендіктен қазандықтың есігі де жабылмайды. 

"Отты қолмен жағамыз. Жұмыс ауыр. Дегенмен мұнда толықтай жөндеу жүргізілсе, анағұрлым жеңілдейтін еді. Ауа алмасатын терезе де жоқ. Шамамен күніне 10 арбадан астам көмір жағамыз", – деді ол.

Мұндағы қазандық төтенше жағдай мамандарының ұйғарымымен апаттық жағдайда деп танылды. Тұрғындар сөзінше, көптеген білім ошағында отын сақтайтын қойма бар, ал Мариногорка ауылында мектеп ауласына төгілген. Жылыту қазандығы білім ордасының бір бөлігіне салынды. Қабырғалары сөгіле бастаған екен, жұмысшылар оны балшықпен қайта сылап қойған. 

Одан бөлек, қазандық тұрған нысанның ішінде қауіпсіздік талаптары да сақталмапты. Оны қойып, от жағатын жұмысшы бөлмесінің қабырғалары күйемен бояп қойғандай. Бұл ретте Самар аудандық білім бөліміндегілер аталған жерге жөндеу жүргізу бойынша құзырлы орган тарапынан ұйғарым бар екенін алға тартты. 

"Бұны қолға аламыз. Қазан айының 15-нен бастап от жағу маусымы басталады. Оған дейін тиісті жұмыстар тәмамдалып қалар. Бұған дейін жылу қазандығы 2011 жылы ағымдағы жөндеуден өтіп, бір қазандық пен бір сорғы ауыстырылды. 2021 жылы да дәл осындай жұмыс атқарылды", – деді шенеуніктер. 

Тақырып осыған дейін талай рет қозғалып, түрлі уәделер берілді. Дегенмен мәселе ауданнан ары аспаған. Бір есептен, тиісті қаржы бөлінбеді. Амалсыздан биыл ескі қазандықтарды қайта іске қосуға мәжбүр, себебі мектепте басқа балама жылыту көзі жоқ. Өзін Гүлнұрмын деп таныстырған тұрғынның сөзінше, қазандық тұрған нысанмен жапсарлас бірнеше сыныпқа түтін кіреді. Мектеп басшылығы оқушыларға иіс тиіп қалмасын деп аталған сыныптарды уақытша жабуға шешім қабылдаған.

“Былтырғы оқу жылында үш кабинет жабылды. Қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілген соң сол кабинеттерді ашуды жоспарлап отырмыз. Биыл қазандықты мектеп ғимаратынан шығаруға қаржы бөлінбегенімен, 2024 жылы мектептен бөлек шығару жоспарланды”, – делінген аудан әкімдігі ұсынған ақпаратта.

"Қазандық қазан айында жөнделеді"

Белгілі болғандай, бұл мәселені шешуге 80,3 млн теңге мөлшерінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Аудандық білім бөліміндегілердің ақпаратынша, биыл қазандықты жөндеуге 4,2 млн теңге қаржы бөлінді.
– 15 қазанға дейін жұмыс толықтай аяқталуы тиіс. Оған дейін сорғы мен қазандықтың отқа төзімді кірпіштерін ауыстыру, желдету жүйесін ауыстыру, сонымен бірге сыртқы сору құбырын жөндейміз. Ағымдағы жөндеуге бөлінген қаражат жеткілікті, – деді білім бөлімінің баспасөз қызметіндегілер.
Мектептің іргетасы 1977 жылы қаланған. Қазіргі уақытта 104 оқушы оқиды. Ішінен бөлек, білім ошағының сырты да тозып тұр. Былтыр мектептің бірінші қабатының терезелері ауыстырылған екен, мердігер бірнеше терезенің жақтауларын дұрыс жаппаған. 

“2023 жылы мектеп ғимаратының бірінші қабатындағы терезелері ауыстырылды. Бұл мақсатта 16 млн теңге қаржы бөлінді. Жұмысқа жауапты мердігер – "Медина" ЖК. Құрылысқа қатысты кемшіліктер 2023 жылдың соңына дейін жойылады”, – делінген әкімдік ақпаратында.    

Мариногорка тұрғындары мектептің жылу қазандығы мәселесінің жылдам шешілуін талап етіп отыр. Олқылық келесі жылға дейін реттелмесе, қазандық келер жылға толық жылу бере алмауы мүмкін. Қайта құрылмай тұрып Самар Көкпекті ауданының құрамында болды. Осы себепті, жергілікті жұрт көп дүние жаңаруы қажет дегенді басшылыққа алып отыр. 

 

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Талқылау