Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қосылғаннан кейін адамның көзіне шөп салу - қылмыспен тең": Дарико апаймен 50 жылын бірге өткізген Ескендір Хасанғалиев "ескірмеген махаббат" туралы

Халық әртісі, композитор, талай хит әндердің авторы Ескендір Хасанғалиев биыл 81 жаста. Бүкіл саналы ғұмырын өнерге арнаған ағамыз осы күнге дейін 200-ден астам ән жазған. Stan.kz тілшісі Ескендір ағаның өзімен тілдесіп, қазіргі эстрада, жас буын әншілер, өмірдің мәні мен жұбайы Дарикомен берекелі отбасы құруының құпиясы туралы сұрап білді. 

ескендір хасанғалиев

- Сексен жасыңызда осындай жас көрінудің құпиясы не?

- Биыл сексен бірге толдым. Жақсы формада сақталудың себебі үй жағдайында тыныштық болса, жақсы ыңғайлы орта болса, адам көп жасайтын сияқты. Одан кейін темекі, арақ сынды зиянды әдеттен аулақ болдым. Себебі мен ауыл баласымын. Марқұм үлкен анам Бақияның (өз анасы Қанаш - ред.) қолында өстім. Әкемді 1 жасымнан бастап көрмеппін. Қайтыс болып кетіпті. Сонымен мен үлкен анамның қолында өстім. Марқұм үлкен анам: "Айналайын, алысқа бара жатсың. Ақтөбе қайда, Алматы қайда. Сондықтан өзіңе сақ бол. Әлі жассың, көрінгенге еріп кетпе. Шылым, ащы суға салынып кетпе" деп құлағыма құйып отыратын. Осы айтқан даналық сөздері санамда сақталып қалды.

Одан кейін 1959 жылы консерваторияға түстім. Мамандық бойынша мұғалімім Надя Шарипова да осы сөздерді айтты. "Көлденең жүріске түсіп, ішімдікке салынсаң, даусыңнан айырылып қаласың" деген сөзі маған ішімдікке жоламауға үлкен себеп болды. Даусымнан айырылып қаламын ба деп қорқатын болдым. 

Оның бер жағында менің Дариком пайда болды өмірімде. Дәкөшім - дәрігер адам. Жанымды да, тәнімді де емдеді. 

ескендір хасанғалиев

- Дарико апамызды айтып қалдыңыз, қателеспесем, бірге болғандарыңызға 50 жылға таяп қалды. Бір адаммен осынша жыл бірге жалықпай тұрудың құпиясы неде?

- Дарикомен таныс болғанымызға 50 жылға таяса, отасқанымызға 44 жыл. Осынша уақыт жалықпай бірге тұрудың құпиясы - біріншіден ол сезім. Бір-бірімізге деген махаббатымыз болмаса, кім біледі, тағдырымыз қалай өрілетінін. Екіншіден - сенім. Адам бір-біріне сену керек, көлденең басқа ой болмауы керек. Мен саған сендім, сен маған сен деген қағида болуы керек. Одан кейін Дарико екеуміз үлкен адамдардың бір-бірінің қолынан ұстап, серуендеп жүргенін көріп бізде осындай болсақ деп үлгі алдық. Мүмкін содан болар "Ескірмеген махаббат" деген әніміз шығып отыр. Міне осының бәрі бірге өмір сүруге себеп деп ойлаймын. 

- Мұны неге сұрап отыр десеңіз, қазір жас жұбайлар үйленгендеріне бір ай болмай айырылып кетіп жатады. Айтар ақылыңыз . 

- Жас жұбайларға айтар ақылым - қосылғаннан кейін адамның көзіне шөп салу деген қылмыспен тең. Ауыр қылмыс. Күйеуінің ойнасы бар екенін білсе, әйеліне ауыр. Одан кейін бір-бір кешіру де қиын. Жастар бір-біріне адал, таза болса деймін. 

Екіншіден, қазіргі жастар болшақта болатын қиыншылықтар туралы да ақылдасуы керек. Үнемі бәрі жақсы болмайды, қиыншылық та болады. Соның бәрін ойластырып барып үйленсе екен деймін. Қалай күн көреміз, қиыншылықтар да бір-бірімізді түсінбесек қалай болады деген сұрақтардан бастау керек. Шулатып тойды өткізген соң нағыз еңбек басталады. Тұрмыста түрлі қиындық болуы мүмкін. Мысалы жұбайы жұмыс таба алмай жүрсе, өте ауыр жағдай. Соған ашуланып, көңіл-күйі болмай жүргенде келін қас-қабағына қарап тұрса қандай жақсы. Немесе керісінше, келін жұмыс істеп, күйеуі балалармен үйде отырса, келін жұмыстан келгенде жадырап қарсы алса қанда керемет. Ол да адам баласы, шаршайды. Осындай бір-бірін түсіну қазірігі жастарға жетпейтін сияқты. 

- Осы жасқа дейін көпті көрдіңіз, ел жер араладыңыз, өмірдің мәні неде екен? 

- Өмірдің мәні - үй тұрмысы, жанұяңда. Өсіп келе жатқан ұрпағың мен немерелерің амандығында. Міне осының бәрін көрсе, өмірдің мәні сол. 

Екіншіден, туып-өскен ауылыңды, үйіңді, атамекеніңді ұмытпау. Жан-жақта болдық. Қайда барсақ та елімізді сағынып, аңсап тұрамыз. Концерттік сапарлармен араламаған жерім жоқ. Сонда бір байқағаным, қанша керемет болып тұрса да, ауылың есіңе түскенде алдыңда тұрған өзге елдің бар жақсысы бес тиын болып қалады. Өзім бір жұма шет елде болсам ауылды сағына бастаймын. 

- Талай қуанышты да, қайғыны да көрдіңіз. Қабырғаны қайыстырғаны не болды?

- Қабырғаны қайыстырғаны - тәрбиелеп мәпелеп өсірген атаңнан айырылып қалу. Одан кейін Қанаш апа (туған анасы - ред.) да дүние салды. Осының барлығы жүрекке тиді. Дариком да әке-шешесінен айырылып қалды. Міне соның бәрі өнер адамы болған соң ба жүрекке ауырлық туғызады. Мүмкін содан болар өткен жылы жүрегіме операция жасады. Құдайға шүкір әйтеуір аман қалдық. Дарикошым басы-қасында тұрды. Жансақтау бөлімінде он екі күн жаттым.

Ең қызығы, сол сәтті пайдаланып, еліміздегі танымал "79 жасқа қараған шағында әнші композитор ағамыз Ескендір Хасанғалиев дүние салды" деп жазып жіберіпті. Біз күліп, таңғалдық. Ерегескенде осы мен көп жасаймын-ау деп түйдік. Осындай да жағдай болды. Кейбіреулер Хасанғалиев өте ауыр жағдайда деп белсенділік жасапты. 

ескендір хасанғалиев

- Жуырда Иманбек атты жас бала "Грэмми" сыйлығын алды. Бұл музыка әлеміндегі ең жоғарғы награда болып есептеледі. Сіз өзіңіз алған марапаттарға көңіліңіз тола ма? Өзім лайықтымын деген барлық марапатты алдыңыз ба?

- Иманбектің жеңісін естіп қуанып жатырмыз. Бұрын бар, әннің үстіне әрлендіру, бейнелеу жұмыстарын жасап үйлестіру - үлкен шеберлік. Ол бала өзі музыкант емес екен. Бітірген мамандығы басқа. Қанша еңбек, іздену нәтижесі осы "Грэммиді" бізге бұйыртып тұрса керек. Қатты қуандық. Ал Димаш ініміз жайлы сөз бөлек. Жер жүзіне таралып кетті. Мұның бәрі қазақтың қай салада болсын өте талантты халық екенін көрсеткіші. 

Осы уақытқа дейін еңбегімді елеп берген марапат жетерлік, тәубе. Бірақ мен жиі-жиі алғаным жоқ. Бәрі орнымен, маңдай тердің еңбегімен келген марапаттар. 1970 жыл 30 жасымда Ленин Комсомол сыйлығын алдым. Алғашқы наградам болды. Содан соң 9 жылдан кейін ҚР Еңбегі сіңірген әртісі дегенді алдым. Радиода редактор болып істедім. Зейнетке шыққанша жеке әнші болдым. Қыздар университетінде ән сабағынан мұғалім болдым. Осының бәрі еңбек қой. Алыс-жақын шет елде қанша концертте жүрдім. Еңбек сіңірген әртіс марапатына осы еңбектің арқасында жеттім деп ойлаймын. Содан кейін 44 жасымда, яғни, 5 жылдан кейін ҚР Халық әртісі деген марапат алдым. Одан кейін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атандым. 

Мен халқыма ризамын. Шындығын айтқанда жап-жас жігіттер мен қыздардың атақты бір-екі жылдан кейін-ақ ала беретіні бар. Баға тер төкпей-ақ алып отырғандар көбейіп келеді. 

- Өз замандастарыңыздың арасында, қазіргі әншілерден кімнің өнерін жоғары бағалайсыз?

- Қазіргі көзі тірі қатарластарымның арасынан Бибігүл Төлегенованың өнерін жоғары бағалаймын. Ал Ермек Серкебаев пен Роза Бағланова апайым жөнінде әңгіме бір төбе. Олар менің өнерге келуіме тікелей әсер еткен. Одан кейін опера әншісі Майра Мұхаммедқызы кәсіби әнші. Эстрададан кейінгі буын өкілі әлемді мойындатқан Димаш Құдайберген. Қазақилықты дәріптеп жүрген Майра Ильясқызының өнері тамаша. Дарынды әншілер Мирас пен Құралай да көңіліме жағатын, кәсіби әншілер. Сосын "Жігіттер" квартетіндегі жігіттер қандай керемет?! Бәрі - қарапайым ауыл жігіттері, жарып шықты. "МузАрт" тобының жігіттері қалай жақсы орындайды. Оның ішінде Сакен Майғазиевтің жеке орындауда даусы жанға жағымды. Айта берсең, таланттар жеткілікті. Арасында әттеген-ай дейтіндері де бар. 

- Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаевалар әпкелік ақылымызды айтамыз деп, Қайрат Нұртас, басқасын әнші есептемейміз деп сынға қалып жатады. Сіздің Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлінің шығармашылығына көзқарасыңыз қандай?

- Бірі жақсы, екіншісі жаман деп айта алмаймын. Әркімнің өз жолы бар, өзіндік үні бар. Жаратушының берген таланты бар. Бірі ерте шығып танылса, бірі кеш шығып озып жатады. Тағдыр жолыңа да байланысты. Қайратымыздың да өзіндік үні бар, тыңдармандары жеткілікті. Одан басқа да әншілер жетіп жатыр.

Димаш - феномен. Даусы 4 октава деп жатыр. Одан да жоғары деушілер бар. Құдайдың бергені сирек кездесетін құбылысы. Бірақ оған тілейтінім концерттері жиіленіп бара жатыр. Кішкене өзін сақтауы керек. Биік дауысы төмендеп кетуі мүмкін. Дегенмен эстрадамызда әттеген-ай дейтін әндер, әншілер бар. 

ескендір хасанғалиев

- Жалпы жас буынды сынап, біреуге мін таққаныңызды естіген емеспіз. Бұдан өзіңізді алыс ұстауыңыздың себебі неде? Әйтпесе кез-келген әншіге ақыл да, сын да айтатын дәрежедесіз?

- Себебі мен бір жағы композитор, екінші жағы әншімін. Осы екі саланы қатар алып жүрдім. Солай екен деп әншілерден мін іздеп, сынауға болмайды. Талант кейде бабында болмай ашылмай қалуы мүмкін. Біраз уақыт өткен соң ашылуы мүмкін. Бастапқыда даусы ашылмай тұрса, неге бетіне басып даусың жоқ деп айтуым керек. Яғни өнерге келген адамдардың көп болсын, аз болсын өз несібесі болады. 

Ал енді қазір а дегенің бәрі ән айтамын, ән шығарамын дейді. Осы жерде сапа жағына мән берсе деп ойлаймын. Көркем өнерпаздардың қатысуымен концерт деп беру керек. Неге оны Халық әртісімен бір бағдарламада қосып береді? Әр нәрсенің өзінің жүйесі бар. Реті бар. Жас орындаушыларың концерті деп беруге болады. Сондықтан ұйымдастырушылар концерттік бағдарлама дайындағанда осыған мән берсе екен. 

-  "Атамекен" атты өлеңіз ресми емес гимнге айналды десек те болады. Естігенде жігерленбей, кеудені намыс кернемей тыңдау мүмкін емес. Осы әніңізді гимн етуді ұсындыңыз ба или ұсынғандар болды ма ?

- Гимн ретінде қоюға ұсыныс болған жоқ. Әнұрандарға конкурс болғанда мен оған қатысқаным жоқ. "Атамекен" халықтың әні болып кеткен сіңіп кеткен ән. Онсыз да айтылып жатыр ғой деген ой болды. Оның үстіне гимнді жаңадан жазу керек. Ал бұл орындалып жүрген ән. Соған байланысты. "Атамекен" әнінің өміршең болғаны сөзіне байланысты. Оны жазған - Қадір Мырза Әлі. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау