Есірткі қойып кеткені үшін сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді – Депутат
Фото: mazhilis.parlam.kz
Мәжілісте қабылданған "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң бойынша есірткі қоюшыларға рақымшылық жасалмайды. Заң жобасын талқылау барысында мәжіліс депутаты Абзал Құспан есірткі қойып кеткені үшін сотты болғандар неге рақымшылыққа ілінбейтінін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат бұл мәселе күн тәртібіне шығарылғанын атап өтті.
"Біз бұл мәселені бірнеше рет талқыға салдық. Биыл Қылмыстық кодекске тиісті өзгерістер мен толықтырулар беру нәтижесінде есірткі қоюшыларға қатысты жазаны едәуір жеңілдеттік. Егер олардың әрекеттері бұрын "аса ауыр" қылмыстар санатына жатқызылса, оны біз "ауыр" санатқа түсірдік", – деді Абзал Құспан заң жобасын талқылау барысында.
Оның айтуынша, осы қылмыстық іс бойынша дифференция жасалған, яғни есірткі заттарын дайындап, ұйымдастырған азаматтардың жазасы ауырлатылып, есірткі қоюшылардың жазасы жеңілдетілген.
"Соның нәтижесінде қазір бұл азаматтардың көбінің мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығуға немесе жазасын неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыруға мүмкіндігі бар. Бүгінге дейін, яғни 2025 жылғы 11 маусымға дейін есірткі қойып кету бойынша сотталған 415 адам босап шықты. Алдағы уақытта 2 мыңнан астам азаматтың мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу мүмкіндігі бар. Екіншіден, осы азаматтарға рақымшылық қолдану-қолданбау мәселесі талқыланған кезде депутаттардың басым бөлігі оған қарсы пікір білдірді. Жәбірленушілердің де жағдайын ұмытпауымыз керек. Олардың отбасы, денсаулығы, құқығы бұзылғанын ескеруіміз керек", – деп түсіндірді ол.
Еске салсақ, 11 маусымда мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңды қабылдап, сенатқа жолдады. Заңда барлығы 15 мың адамға рақымшылық жасау көзделген.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
