Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Менің өмірім – менің таңдауым”: Астаналық оқушылар нашақорлық пен есірткі саудасының алдын алуға арналған шараға белсене қатысты

21 мамыр күні елордадағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейінде нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алуға бағытталған “Менің өмірім – менің таңдауым” атты ақпараттық-түсіндіру тренингі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру және есірткі қолданудың зияны туралы кеңінен ақпарат беруді мақсат тұтқан шараға жоғары сынып оқушылары, білікті психологтар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Білікті психолог, "Демеу" балалық шақ мәселелерін үйлестіру орталығының маманы Әлия Аренова кездесуге жиналған оқушыларға есірткінің зияны туралы қысқаша әңгімелеп берген соң балаларға өзін-өзі тануға көмектесетін түрлі сұрақтар қойып, ойындар ойнатып, есірткіге тәуелділіктің салдары туралы бейнеролик көрсетті.

Ал Esbol qory мемлекеттік емес ұйымының белсендісі Абылайхан Сапарбек оқушыларға нашақорлықтан қорғану жолы туралы айта келіп, есірткі жарнамасымен күресуге арналған Mergen жүйесін таныстырды.

“Біз есірткі қылмысының алдын алу шараларын жүргіземіз. Бірнеше IT өніміміз бар. Соның бірі – Mergen жүйесі. Ол жасанды интеллект базасында құрастырылған бағдармала. Жүйе әлеуметтік желілерді парсингтеуге (интернеттегі деректерді автоматты түрде жинау және жүйелеу үрдісі – ред.) арналған. Оның басты мақсаты – интернеттегі есірткі сататын сайттарды немесе қосымшаларды анықтап, бұғаттау. Бүгін оқушыларға осы бағдарламаға қалай үлес қосуға болатынын түсіндірдім. Мектепке барар жолда немесе аулада граффити түрінде жасалған есірткі жарнамасын кездестіруге болады. Сол жарнаманы суретке түсіріп, Esbol.kz сайтына немесе Telegram-дағы Esbolbot ботына жіберсе, біз ол ақпаратты IT-картаға енгіземіз де, Mergen жүйесі арқылы жоямыз. Осылайша оқушылар да есірткі саудасымен күресуге атсалыса алады”, – деді ол. 

Оның айтуынша, бір жыл ішінде осы тәсілмен есірткі саудасымен айналысатын 10 мыңнан астам сайт пен Telegram-арна бұғатталған. 

“Бүгінгі шараны Астана қаласы ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырып отырмыз. Мақсатымыз – балаларға нашақорлық пен есірткіге тәуелділіктің түбі жақсылыққа апармайтынын түсіндіру. Жазғы демалыс жақындап келеді. Балалар демалысқа шығып, түрлі ортамен араласа бастайды. Сол кезде есірткі саудалаушылардың құрығына түсіп қалмасын деген оймен осы шараны қолға алып отырмыз. Бүгін Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейінде бірінші шарамызды бастадық. Қаладағы басқа да мектеп-колледждерді қамтысақ деген жоспарымыз бар. Қыркүйектен бастап жұмысты қайта жандандырамыз. Сондай-ақ осы жоба аясында еріктілер арасында есірткіге қарсы күрес тақырыбында түрлі байқаулар өткізуді жоспарлап отырмыз”, – дейді "Демеу" балалық шақ мәселелерін үйлестіру орталығының директоры Жұлдыз Саттарова.

Шарада оқушылар нашақорлықтың салдары туралы ойын ортаға салып, психологтар ұйымдастырған ойындарға белсене қатысты. Ал есірткіге тәуелділік туралы бейнеролик көп балаға ой салғаны анық.

“Бүгінде бұл тақырып өскелең ұрпақ арасында өте өзекті болып отыр. Әлеуметке шыққысы келетін, өз-өзін төмен бағалайтын балалар есірткі заттарын ұсынатын құрдастарына "жоқ" деп айта алмайды. Бүгінгі іс-шара жазғы демалысқа шыққалы отырған балаларға өте қажет шара болды дер едім. Өйткені жазда балалардың досы көбейеді. Ол достардың қаншалықты жақсы адам екенін, ниеті қандай екенін біле бермейміз. Көп бала есірткі ұсынғандарға, есірткі саудасына тартқысы келетін адамдарға  "жоқ" деп айта алмайды. Өйткені балаларымен дұрыс қарым-қатынас орната білмеген отбасылар бар. Бұл баланың өз-өзін төмен бағалауына себеп болады. Қазір балалар уақытының көп бөлігін TikTok, Instagram-да өткізеді, онлайн-ойындар ойнайды, онлайн-достары көп. Ал ортада өзін танытқысы келген бала қандайда бір ұсынысты бірден қабылдап, көп жағдайда бәріне дайын болады”, – дейді психолог, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №11 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі бойынша орынбасары Жазира Баукенова.

Психолог маман мектеп қабырғасында ұйымдастырылатын мұндай шаралар өз жемісін береді дегенмен, бала тәрбиесінде ата-ананың алар орны бөлек екенін алға тартады.

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 21 Мамыр, 2025 16:53
Талқылау