"Бар өмірім көз алдымнан өтті": Алматы маңында ер адам бойжеткендерді аңдып, соңынан қуған (видео)
Фото: Stan.kz
Редакциямызға көмек сұрап жүгінген қыздардың айтуынша, Алматы облысы Іргелі ауылындағы Теректі тұрғын үй кешенінде жігіт екі күн қатарынан бойжеткендердің артынан аңдыған. Ая есімді қызды тіпті подъездің есігін ашуға тырысып, соңынан қуған. Екінші күні де дәл осындай жағдай тағы бір қыздың басынан өткен. Қыздар қазір сыртқа шығудан қорқатынын, ал күдікті жігіт сол кешеннің көрші подъезінде тұратынын айтып отыр. Жігіт қандай жауапкершілікке тартылғанын Алматы облыстық полиция департаментінен сұрап көрдік.
"Үйдегі ата-анама келін керек"
16 мамырда кешкі уақытта үйіне қайтып келе жатқан тағы 17 жастағы студент қыз №53 автобустан түскен соң, белгісіз ер адамның артынан аңдығанын көреді. Аяулым (аты өзгертілген) есімді қыздың айтуынша, күдікті адам оған автобустан түскен сәттен бастап көз тігіп қарап тұрған.
"Студент болған соң, сабақтан кеш қайтатын күндер көп. Сол күні де кешкі сағат 20:00 шамасында автобустан түсіп жатқанымда, бір ер адамның маған қадала қарап тұрғанын байқап қалдым. Түрі таныс сияқты, бұған дейін өзіміздің тұрғын үй кешенінің ауласынан көргендей болдым. Бірақ оған аса мән бермедім, себебі автобустан жалғыз мен емес, басқа да адамдар түсіп жатты. Біздің жақта көшелер толық жарықтандырылмаған. Себебі Рысқұлов көшесі жаңадан созылып жатыр, ал маңайдағы үйлердің көбі сүріліп кеткен. Аялдама мен үйдің арасы шамамен 10-15 минуттық жол, әрі ол жол тас қараңғы. Ондайда жарық қоспай жүру мүмкін емес", – деді Аяулым.
Аяулымның айтуынша, автобустан бірге түскен адамдардың көбі өз үйлеріне кіріп, жан-жаққа тараған соң көшеде жалғыз қалған. Бойжеткен бір кезде артынан адамның аяқ дыбыстары естіліп, іштей қуанып, "жалғыз емес екенмін ғой" деп ойлаған. Алайда көп ұзамай дыбыстар жиілей бастағанын сезіп, жалғыз жүргендіктен ішкі үрей күшейіп, адымын жылдамдатқан.
“Жігіт маған жақындап келіп, "Сәлеметсіз бе, қалайсыз?" деп таныс адамдай амандасты. Мен де жай ғана "Сәлеметсіз бе" деп жауап бердім. Ол одан әрі "1-2 минутыңызды алсам, сізге арналған өлең шумақтарым бар еді, тыңдаңызшы" деді. Көшенің ортасында, жалғыз екеуміз болғандықтан, іштей "үйге аман жетсем екен" деп тіледім. "Жарайды, тыңдайық, бастаңыз" дедім. Ол "Мен сізді автобуста көрген сәттен бастап, артыңыздан келе жатырмын" деді. Бұл сөзді естіп, біртүрлі сезіндім. Ол танысуға ниетті екенін айтып, "үйдегі ата-анама келін керек" деп өз ойын жалғастырды", – деді Аяулым.
Кездейсоқ танысу емес екенін түсінген Айша қауіптеніп, сылтауратып күйеуі бар екенін айтқан.
"Бірақ ол "Орталарыңызда бала бар ма?" деп сұрады. Мен "Сіз не іздеп тұрсыз?" деп жауап бердім. Қоятын шығар десем, "мүмкін құрбыларыңыздың парақшасын берсеңіз, сізді берді деп айтпаймын" деді. Мен "бере алмаймын, кешіріңіз" дедім. Сол кезде тұрғын үйдің шлагбаумы алдына келдік, есікті ашып, "Сау болыңыз" дедім", – деді Аяулым.
Алайда Аяулым жігіттің оның үйіне дейін барып, сөйлесуді жалғастырғысы келгенін айтады.
“Подьезіме кіріп үлгердім”
Аяулымның сөзінше, 15 мамырда Ая (аты өзгертілген) есімді қыздың артынан осы жігіт аңдыған. Ая дүкен жаққа бет алғанымен, артынан ерген ер адамның тоқтамай келе жатқанын байқаған. Абырой болғанда, бойжеткен қашып құтылып үлгерген.
Бойжеткен Аяның ол жігітті іштей дүкендердің алдынға тұрған үй блоктарының бірінде тұратын шығар деп мән бермеген. Дүкенге кіріп кетіп, тексеру мақсатында қарағанда ана жігіт әлі тұрған екен. Қыздың қорқынышы одан әрі үдей түскен. Алатын затын алып, шыққан кезде анау кісі тұрған, әлі кетпеген. Сөйтіп қыз үйге қарай қадамын жиілетіп, тіпті жүгірген. Қыз подьезге кіріп үлгерген, соның өзінде артынан жүгіріп келген. Ая сол сәтте ішінде түрлі ой болғанын және бар өмірі көз алдынан өткенін айтқан көрінеді.
Видеодан да жігіттің қыздың артынан жүгіріп, ілесіп бара жатқанын байқауға болады. Қыз подъезге жылдам кіріп кеткен. Алайда жігіт есікті ашуға тырысқанымен, аша алмаған.
“Мінез-құлқы екі ауыр жол-көлік оқиғасынан кейін өзгере бастаған”
Бойжеткен бұл оқиғаны ата-анасына айтып, сол күні кешкісін тұрғындар жиналып, учаскелік полицейді шақырған. Алайда полицейлер бірнеше сағаттан кейін ғана келген. Қыз арыз жазғанымен, ертеңіне күдіктінің босатылғаны белгілі болды, себебі қол жұмсау сияқты әрекет болмаған. Кейін тұрғын үй кешенінің чатында дәл осы ер адамның басқа қыздарға да тиісіп жүргені анықталған. Қыздың сіңлісі мен оның құрбысы да осындай жағдайға тап болған.
Алматы облысы полиция департаменті қоғамдық орында қызға қатысты жағымсыз әрекет жасаған 23 жастағы ер адамды ұстады.
"Аталған факт полицияда тіркеліп, құқық бұзушы заң шеңберінде жауапқа тартылды. Тексеру барысында оның мұндай мінез-құлқы бұрын екі ауыр жол-көлік оқиғасынан кейін байқала бастағаны анықталды. Жақын туыстары жағдайдан хабардар етіліп, оның психикалық жай-күйін тексеру мақсатында медициналық бақылаудан өткізуге дайын екенін жеткізді. Полиция бұл жағдайды өз құзыреті аясында бақылауда ұстайды", – деп жауап берді полиция департаменті.

"Университетте тегін оқып, әлеуметтік көмек ала алады": Грин карта арқылы АҚШ-қа көшіп кеткен қазақстандық жұптар оқиғаларын айтып берді
