Есімін елбасының құрметіне қойған Нұрәбіназға имамдар атын ауыстыруға кеңес берген
Жамбыл облысында Нұрәбіназ есімді қыз тұрады. Оның есімі президенттің аты-жөнінің алғашқы буындарынан құрастырылған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Нұрәбіназ 2003 жылы қмірге келген. Қыздың өзіне есімі қатты ұнайды.
«Қызымызға өз есімі қатты ұнайды, Нұрәбіназ атын естігенде елең етпейтін адам жоқ дейді. Әсіресе, жыл сайын 6 шілде қарсаңында жергілікті журналистер сұхбатқа, түрлі кездесулерге шақырады. Содан болар, көшедегі кездейсоқ адамдар Нұрәбіназды танып, амандасып жатады. Әрине, қызым бұл есімнің үлкен жауапкершілік артып отырғанын түсінеді, жаман болуға еш хақым жоқ деп, үнемі қатарының алды болуға тырысады», – дейді анасы Мунира.
Отбасында Нұрәбіназдың бір әпкесі мен бір інісі бар және олардың да аттары сирек кездесетін есімдер қатарында.
«Алғашқы қызымыз дүниеге келерде әкесіне ерекше аян берілді. Соған байланысты тұңғышымызға Нұршапағат деп ат қойдық. Екінші қызымыз Нұрәбіназ, одан кейінгі ұлымызға Иманғали Тасмағамбетовтің құрметіне Нұриман есімін бердік», – дейді Нұрәбіназдың анасы.
Нұрәбіназдың есімін жағымпаздық деп сынағандар да аз болмапты. Мунира ханым олармен еш келіспейтінін айтты.
«Бізді оңай жолмен пәтер алғыларың келді ме жазғырғандар болды. Пәтер де, сый-сыяпат та алған жоқпыз, оған мұқтаж да емеспіз. Ырымшыл халықпыз ғой, кез келген ата-ана баласын ел жақсыларына ұқсаса деп тілейді. Өткен ғасырда да мыңдаған Бауыржан мен Димаштар дүниеге келді. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз, жақсымызды ұлықтап, қызымызға ерекше есім бердік. Бұл нағыз елдіктің, патриоттықтың белгісі», – дейді Нұрәбіназдың анасы Мунира.
Нұрәбіназ бала кезінде көп ауырған көрінеді және ата-анасы мұның себебін үш адамның есімі қатар қойғаннан деп есептейді.
«Нұрәбіназ бала кезінде көп ауырды, 12 жасында жүре алмай қалды. Молдалар өрімдей қызға үш адамның есімін алып жүру қиынға соғады, атын өзгертіңдер деп кеңес берді. Содан бері үй ішінде өзіміз Әбіш деп атап жүрміз, ал құжаттағы есімі Нұрәбіназ болып қала береді. Қазір жағдайы жақсы».
Ерекше есім иесі Нұрәбіназ өз арман-мақсаттарымен бөлісті және Жамбыл өңірінде өз аттастарының болуы мүмкін екенін жеткізді.
«Қазір Жамбылдың түкпір-түкпірінде кішкентай Нұрәбіназдар өсіп келе жатқан шығар. Ауруханада жатқанда, облыстық кездесулерге барғанда, «Қызым болса, сенің есіміңді қоямын» деп уәде бергендер көп. Биыл 8-сыныпты аяқтадым. Бос уақытымда би билеумен, мәнерлеп оқумен және қолөнермен айналысамын. Мектепте химия пәнін сүйіп оқимын. Өскенде фармацевт болғым келеді және Астанаға, Назарбаев университетіне түсуді армандаймын», – дейді Нұрәбіназ.
Тағы да оқыңыз:
Алматы маңында «Алтын алқа» иегері сегіз баласымен далада түнеп жүр (фото)
Жүрегіне шұғыл донор іздеген келіншек 2 қызы үшін өмір сүргісі келетінін айтып жылады
Елбасы Астананың көрнекті жерлерін аралап, халықпен тілдесті (фото)