Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешкімге керек емеспіз": Ақтөбеде шенеуніктер жалғыз мектепті жауып, елді зар қақсатып отыр

Ақтөбе іргесіндегі Ақжар ауылының тұрғындары балаларын қайда оқытарын білмей сабылып жүр. Себебі, шенеуніктер елді мекендегі жалғыз мектепті жауып, ғимараты жекенің қолына берген. Енді оқушылардың көрші ауылға қатынаудан басқа амалы жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп.

актобе

Ақтөбе іргесіндегі Ақжар ауылында мыңға жуық шаңырақ тың  уайымы елді-мекенде бала оқытатын мектептің жоқтығы. Ақжар ауылындағы жекенің қолына өткен мектеп ғимаратының алдында жаз басталғалы күнде жиын. Көтерілетін жалғыз мәселені талқылаудан мұндағылар да жалыққан емес.

Ауылда бала оқытатын орын таппай сандалған жұрт талаптарын тыңдап жатқан ешкімнің жоқтығына ашынады.

"Мына халық әкімнің кім екенін білмейтін де шығар. Жиналыс дегенді мүлдем көрмейміз. Айтады-айтады, кетеді. Аллаху акбар, жоқ. Баланы ойлап жатқан ешкім жоқ. Келешекті ешкім ойлап жатқан жоқ. Шырылдап жүрген осы ата-аналар", - Ақтөбе қаласының тұрғыны Қалаш Отарбаев.

Қазір Ақжарда тоғыз жүздей мектеп жасындағы бала бар. Барлығы көрші ауылдағы білім ошағына қатынауға мәжбүр. Ал, ескі мектепті былтыр жауып, оны жекенің қолына өткізген.

"Мектеп қалай жабылды? Біз ешкімге керек емеспіз. Бұл айтуға да ұят. Бізге қалалықсыңдар дейді. Қайдағы қалалық? Бізге керегі мектеп, айналайын! Мектеп болмаса, біздің болашағымыз еш уақытта болмайды. Балалар алысқа қатынайды. Жанымыз шығып, дірілдеп отырамыз. Әке-шешесін бір ойлаймыз, немерені екі ойлаймыз. Сонда біздің өміріміз не болғаны?" - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Зада Ешекенова.

Ақжар ауылы Ақтөбенің Алматы ауданы әкімдігіне қарайды. Ондағылар жаңа мектеп салуға құжатымыз әзір деп отыр. Тек ақша жағы қолбайлау.

"Бүгінгі таңда ол жерге 320 орындық мектеп жоспарланып жатыр. Құжаттары дайын. Енді тек қаржыландыруын күтіп отырмыз", - деп ақталды Алматы ауданы әкімінің орынбасары Алтынбек Алжанов.

Мектеп құрылысына қаржының қашан бөлінетіні белгісіз. Сондықтан, Ақжар ауылы балаларының көрші ауылдарға әлі бірнеше жыл қатынап оқуына тура келеді. Ал жекеге өткен ескі мектеп ғимаратының орнына балабақша салуға әкімдік келісім беріпті.

Талқылау