Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кейде өмір сүргің келмей қалатын кездер болады": Қуат Хамитов ең ауыр тиген жекпе-жектері жайлы

Қазақстандық ММА аралас жекпе-жегінің спортшысы Қуат Хамитов қоғамға пайдалы болғысы келетінін айтады. Сондықтан да елдегі көкейтесті мәселелерге пікір білдіріп, көтеріп жүрген жайым бар дейді. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында спортшы қазақстандық ЛГБТ өкілдері жайлы, алдағы жоспарлары жайлы айтып, спорттағы қиын кезеңдерімен бөлісіп, жас буынға кеңестерін берді.

Қуат Хамитовтың айтуынша, ол спортты енді ғана бастаған. Бәрі ойдағыдай болса, әлі 5-6 жыл спортпен айналысатынын айтады.

Хамитовтың сөзінше, отбасы, ата-анасына көңіл бөлуге уақыты болмай жатады, тойдан қалады, күнделікті уақыты спортпен айналысуға кетеді. 

"Мен шамам келгенше әрқашан да қоғамға пайдамды тигізуге тырысамын, төсек тартып жатып қалсам да, халықпен біргемін", - дейді ол.

Қуат Хамитов жақында желіде орнаған көзқарастар қақтығысына қатысты бұл әрекетін жабайылық деп есептейтіндерге былай деп жауап берді:

"Біз-ақ жабайы боп қала берейік, бірақ ұл-қыздарымыз дұрыс болса болды. Бізге әлемнің жын-шайтандары керек емес. Қазір 16 ғасыр емес, жабайы болатындай. 21 ғасырда дені дұрыс адам ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата білуі керек", - дейді спортшы.

Cондай-ақ, Қуат Хамитов ЛГБТ өкілдерінен кешірім сұрамайтынын айтады.

"Ешкімнен кешірім сұрамаймын, менің кешірім сұрауыма лайықтылар тек иттер ғана болды, олармен арадағы түсініспеушілікті жойдым, кешірім сұрадым. Қалғандарынан кешірім сұрамаймын да", - дейді ол.

Хамитовтың спорттық өмірінде ең ауыр жекпе-жек үндістандық және ирландтық спортшылармен болған екен. Айтуынша, жеңіліс ауыр тиеді.

"Спорттағы ең ауыр жекпе-жегі ирландтық Питер Куиллимен болған екен. Одан бөлек, Үндістанда Баз Мұхаммадпен де жекпе-жек оңай түскен жоқ. Жалпы кез-келгені оңай емес. Жеңіліс өте ауыр тиеді, тіпті өмір сүргің келмей қалатын кездер де болады. Сонша уақыт дайындықтан соң, жолың болмай қалса, өте ауыр. Не болса да, сабыр сақтап Алладан дұға тілеп, алда үлкен белестер бар екенін, елді, жанкүйерлерді қуанту керекпін деп ары қарай алға басамыз. Бірақ ештеңе оңай келмейді", - дейді ол. 

Өзіне үлгі тұтар тұлға ретінде Хамитов Мұхаммед Әлиді атап өтті, себебі ол тек спортшы ғана емес, тереңойлы ұлы тұлға дейді ол.

ММА бағытын таңдайтын жас буынға Хамитовтың берер кеңесі бар. 

"Басты абайлау керек. 23 жасқа дейін ММА-ға келмеген дұрыс. Әуесқой спортта кем дегенде спорт шеберіне дейін жетіңдер, - дейді ол.

Хамитовтың алдағы жоспары бойынша осы жылы кем дегенде 2 жекпе-жек өткізу керек. Сондай-ақ, ол өзінің жеке клубын ашу жоспары бар екенін атап өтті. 

Ал Қазақстандағы спортты дамыту үшін Қуаттың пікірінше, жаңа заңнама қажет. 

"Спорт толықтай қайта қарастырылуы қажет. Барлығы өзгеруі керек. Әрбір бала спортшы болуға ниеттеніп, елінің атағын шығаруа құлшынысы артатындай жағдай жасалуы тиіс", - дейді спортшы.

Талқылау