Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешкім кешірім сұраған жоқ": Алматыда балет театрының құрылысы кезінде жұмысшы қаза болды

Алматыдағы құрылысы жаңадан салынып жатқан балет театрында, жұмысшы биіктіктен құлап мерт болды. 35 жастағы марқұмның жақындары құрылыс алаңында сақтық шаралары сақталмағанын айтып дабыл қақты. Олар кінәлілер жазалануын талап етеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға осыдан тура бір ай бұрын болған. Құрылыс алаңындағы жұмысшы 10 метр биіктіктен құлапты. Жедел ауруханаға жеткізілгенімен, жансақтау бөлімінде 10 күн жатып, ес жимастан көз жұмған. Марқұммың туыстары осылай айтты. Олар белді құрылыс компаниясының сақтық шараларын сақтамағын айтып, шара қолдануды сұрайды.        

"Мына биік 10 метр, құдық болған. Құдық жабылмаған. Егер құдық болмағанда, ол бала тірі қалар ма еді? Қауіпсіздік шаралары сақталмаған ешқандай. Соның кесірінен өлді баламыз. Ешкім кешірім сұраған жоқ. Полиция департаменті болса бізге қарсы ешнәрсе айтпаймыз деді, болды", - деді марқұмның нағашы апасы Злиха Матжанова.

Қайғыдан қан жұтқан марқұмның зайыбы, күйеуінен қапыда айырылғанына әлі күнге дейін сене алар емес. Ер адам құрылыс компаниясында табан аудармай 7 жыл жұмыс істеген. Бірақ еңбегін елеп, кешірім де сұрап жұмыс берушілердің келмегеніне ашулы.   

"Күндіз түскі асқа келіп, тамақ ішіп, бірге үйде, күнделікті балаларымен отырып көңілді аман-есен жұмысқа кеткен адам. Бізге ешкім ешнәрсе айтқанда жоқ, міне 1 айдай уақыт өтті. Осы "Базис" компаниясынан ешкім келіп жағдайымызды сұраған да жоқ", - деді марқұмның жары Әсем Жұмабайқызы.

Телеарна тілшілері құрылысқа жауапты мекеменің басшыларын нысаннан таба алмаған, ал  кеңсесіне барғанда, компания өкілдері тілдесуден қашқан.Дегенмен кейін құрылыс компаниясы өкілдері, тапсырыс алушы - мердігер мекемемен жолығуға жағдай жасаған. Мұндағылар қауіпсіздік ережесі сақталмады дегенді түбегейлі жоққа шығарды.   

"Біз - тапсырыс беруші "Базис-А" компаниясының міндетін орындаушы мердігер мекемеміз. Бұл қайғылы оқиғадан хабарымыз бар. Қазіргі іс қаралып жатыр. Біз марқұмды жерлеуге арналған барлық шараларға қаржылай көмек бердік. Ал құрылыс басында қауіпсіздік сақталмаған деген пікірмен келіспейміз", - деді "Универсал" Солтүстік Қазақстан оқу-өндірістік кешені ЖШС директоры Сергей Могиляс.

Полиция департаменті қылмыстық істің тіркелгенін хабарлады. Қылмыстық Кодекстің техникалық қауіпсіздік ережесі сақталмауы дерегі бойынша іс тергеліп жатыр. 

"Қазіргі таңда қылмыстық істің аясында тиісті сараптамалық зерттеулер және процессуладық әрекеттер жүзеге асырылуда. Сараптамалар тағайындалды. Оның ішінде сот медициналық сараптама. Барлық куәгерлер сұрақ-жауап процедураларына қатысуда. Салтанат Әзірбек мұндай істің кем дегенде 2 айдан 6 айға дейін тергелетінін де айтып өтті", - деді Алматы қаласы полиция департментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қара жамылған отбасы істі аяғына дейін тергеліп, жауаптылардың жауапқа тартылуын талап етпек. Марқұмның артында қалған келіншегі мен кәмелет жасына толмаған екі баласына өтемақы өндіріп беруді сұрайды.

Талқылау