Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешқандай нұсқаны растап немесе жоққа шығара алмаймыз": Қанат Бозымбаев ұшақ апатының себебі туралы айтты

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: gov.kz

Оның айтуынша, әзірге билік өкілдері ұшақ апатының себептері туралы БАҚ-тың ешбір мәлімдемесіне жауап бере алмайды. Бұған дейін Euronews басылымында Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғаны туралы ақпарат жарияланған еді. 

"Қазір ешқандай нұсқаны растап немесе жоққа шығара алмаймыз. Тергеу жүріп жатыр", — деді Бозымбаев. 

Сондай-ақ ол ертең Ақтауға Embraer ұшақ компаниясының өкілдері мен Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығының өкілдері келетінін мәлімдеді. Ал Әзірбайжан мемлекеттік азаматтық авиация агенттігінің делегациясы, сондай-ақ Әзірбайжан әуе жолдарының (AZAL) өкілдері Қазақстанға келіп, жұмыс істеп жатыр. 



Қанат Бозымбаев ұшақ апатына Ресей зымырандарының шабуылы себеп болды ақпаратқа қатысты да пікір білдірді.

"Қазір бірқатар сараптамалар тағайындалды. Нәтижелерді алғанша ештеңе айта алмаймыз немесе қорытынды жасай алмаймыз. Тергеу жүріп жатыр. Қазірге дейін бізге Ресейден де, Әзірбайжаннан да ресми түрде ешқандай нұсқа келген жоқ", – деді ол. 

Еске салсақ, бұған дейін Euronews басылымында Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғаны туралы ақпарат жарияланған еді. Басылымға 26 желтоқсанда Әзірбайжан үкіметінің дереккөзі Embraer E190AR ұшағының құлауына ресейлік "жер-әуе" зымыраны себеп болғанын растаған. 

Талқылау