Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Есепті фотошоппен жабуға бола ма": Желіде Түркістан облысына қарасты аудан әкімінің фотосы қызу талқыға түсті

Желіде Түркістан облысы, Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтың жасы 100-ден асқан әжені құттықтағаны түсірілген фото тарады. Дегенмен бұл сурет көпшіліктің күдігін оятты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Әкім Арман Сәбитов ақ жаулықты әже Қызылкүл Қуандықованы 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесімен арнайы құттықтап барған екен.

“Сіздің әрбір жүріп өткен өмір жолыңыз өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Міне, бүгінде еңбегіңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға ізгі істердің жарқын үлгісін көрсетіп келесіз. Қашанда шаңырағыңыздың ұйытқысы болып, шаттықтың сәулесін себе беріңіз. Отбасыңызға береке, бірлік тілеймін”, – делінген әкімнің жазбасында.



Дегенмен әлеуметтік желіде тараған жазбадағы фото желі қолданушыларының қызу талқысына түсті.

"Дұрыс фотошоп қолдана алатын адамды жұмысқа аласыздар ма", "Фотошоп аман болсын деп тілек айтып отыр", "Менде жақсы дизайнердің нөмірі бар, қаласаңыздар берейін", “Олар жай ғана есеп үшін жұмыс істейді. Есепті фотошоппен жабуға бола ма екен”, – деп жазды олар.

Stan.kz тілшісі Түркістан облысының әкімдігінен аталған жағдайдың мән-жайын сұрап білді. Әкімдік, мұның фотошоп емес екенін айтты. Сондай-ақ редакциямызға фотошоп емес екенін дәлелдеу үшін видеосын да жолдады. 

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Айта кетейік, бұған дейін 3 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық мәслихат депутаттарының форумында сөз сөйледі. Президент форумда өзін блогер санайтын кей адамдардың әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырғанын айтты. 

Талқылау