Esentai City құрылысында жымқыру ісі бойынша сотталған Алмас Әбдіғаппаровтың жазасы жеңілдеді

Фото: Іnstagram.com/almas_abdygapparov
2021 жылдан бері түрмеде отырған танымал кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың жазасын өтеу шарттары жеңілдетілді. Сот оны орташа қауіпсіздік колониясынан қоныс-колонияға ауыстыру туралы шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот сотталған бизнесмен Алмас Әбдіғаппаровтың жазасын өтеу режимін өзгертті. Ол орташа қауіпсіздік деңгейіндегі колониядан қоныс-колонияға ауыстырылды.
Алматы облысы Алатау қалалық сотының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы қаулысымен Әбдіғаппаровтың жазасын өтеу шартын жеңілдету туралы өтініші қанағаттандырылған. Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы 29 желтоқсанда бұл шешімді өзгеріссіз қалдырып, прокурордың жеке өтінішін қанағаттандырмады.
Айта кетейік, Алмас Әбдіғаппаров 2021 жылғы 24 шілдеде ұсталған. 2022 жылдың шілдесінде сот оны Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырған. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеуге тиіс болған. Сонымен қатар сотталған тұлға жазасын өтеп шыққаннан кейін бес жыл бойы басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, Әбдіғаппаровтан 418 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды. Алайда бизнесмен сот барысында өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
2022 жылдың тамызында қаржы мониторингі агенттігі бірқатар компанияны рейдерлік жолмен басып алу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастаған. Тергеу аясында шамамен 9 миллмн АҚШ долларына тең қаржыға, алтын бұйымдарға және 154 жылжымайтын мүлік нысанына тыйым салынды. Осылайша, AV-Construction компаниясының 25%-дық үлесі Әбдіғаппаровтың анасы Сәуле Жүнісбековаға қайтарылып, компанияны бизнесменнің жұбайы Ольга Абдығаппарова басқарды.
2023 жылы Бас прокуратура істі кассациялық тәртіпте қайта қарауға наразылық білдіргенімен, сол жылдың сәуірінде Жоғарғы сот кассациялық өтінішті қанағаттандырмады.
Алмас Әбдіғаппаров Parmigiano Group компаниясының негізін қалаушы. Компания құрамына Қазақстан аумағындағы 20-дан астам мейрамхана, жеткізу сервистері мен қонақүй жобалары кірген. Сонымен қатар, ол AV-Construction құрылыс компаниясы мен AV-Architects сәулет бюросын құрған. Бизнесменнің ірі жобаларының бірі Esentai City кешені.
- Qazaq Stroy-дың "Қазақмыс" корпорациясын сатып алуына швейцариялық компания көмектескен
-
Қызылорда облысында сот төрағасы пара алды деген күдікпен ұсталды
Еске салайық, бұған дейін АҚШ үкіметі 1,2 миллиард теңге ақша алған қазақстандық кәсіпкердің үстінен сотқа шағым түсіргенін жазған едік. Esentai City тұрғын үй кешеніндегі 20 пәтер Америка елшілігінің қызметкерлеріне арналған. Баспана үшін алдын ала төлем шарты 16 миллион долларға жасалған.