Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Есентаеваға ота жасаған хирург оның денсаулығы жайлы айтты

Дәрігер Баян Есентаеваға отаның қалай жасалғанын және оқиға болған күні ауруханаға кімдердің келгенін еске алды.

image

Фото: kazpravda.kz

Бұл туралы іnformburo.kz хабарлайды.

Маусымның 10-ы күні Баян Есентаева Талғар аудандық ауруханаға шұғыл жеткізілген. Жарақаты ауыр болса да, есін білген екен. Дәрігерлер тексеру жүргізіп, артынша қан қысымының төмен екенін, бірнеше жерден пышақ жарақатын алғанын анықтаған. Продюсердің ауыр халде жатқанын ескеріп, ота жасауға шешім қабылдаған. Дәл сол мезетте ауруханадағы ота жасайтын бөлмелердің барлығы бос болмаған екен. Десе де, дәрігерлер бос блок табуға тырысқан-ды.

“Дәл сол сәтте барлық ота жасайтын бөлмелер бос болмады. Баян Есентаевамен қатар гинекологиялық жатырдан тыс іш пердесі қабынған пациентке және тағы да бір ауыр халде жатқан науқасқа ота жасалды. Мен Есентаеваны ота жасайтын бөлмеден бірақ көрдім. Мамандар сол жерге апарып, тексеру жүргізіп, отаның қалай жасалуы керектігін анықтап жатыр екен”. – дейді дәрігер-хирург Ербол Сәрсенбаев.

Үш сағатқа созылған отаны Ербол Сәрсенбаев пен бөлім меңгерушісі Төлебай Айнабеков жасаған. Командасында екі анестезиолог және ота жасаушы екі медбике болған екен.

“Мұның шұғыл жағдай екенін өздеріңіз де біліп тұрған шығарсыздар. Қансырап, қан қысымы төмендеп, жарақаты ауыр болды. Әрине, жағдайы күрт нашарлап кетуі мүмкін еді. Бірақ, құдайға шүкір, менің ойымша, біз ота жасаудың дұрыс тәсілі мен отаның көлемін дұрыс таңдай білген сияқтымыз”, – дейді Ербол Сәрсенбаев.

Отадан кейін дәрігерлер консилиум өткізген. Ал науқасты жан сақтау бөліміне жатқызған. Ол жерде Баян Есентаева бір апта болып, артынша хирургия бөліміне көшірілген. Осы жеті күн ішінде дәрігерлер де, отбасы да оған интернетті пайдалануға тыйым салыпты. Мамандар өзі туралы түрлі жаңалықты оқып, күйзеліске түсіп кетеді деп ойлаған екен. Мұнымен қатар, дәрігер Есентаеваның психолог маманның көмегінен бас тартқанын айтты.

Ота жасалғаннан кейін ертесінде оған достары мен туысқандары келе бастаған. Мұнымен қатар, “Нұр Отан” өкілдері мен президент әкімшілігінен адамдар келіп, қалын сұраған. Ауруханаға жазылып кетуін тілеген көптеген ашық хаттар келіпті.

“Әдетте оныншы күні науқасты үйіне шығара беруге болады. Ол өзі рухы мықты әйел. Оны шығаратын кезде денсаулығына қатысты қандай да бір қиындықтар байқалмады. Осының барлығын ескеріп, біз оны шығаруды жөн көрдік. Ол өзі де үйіне қайтуға асықты. Адам ауруханада ұзақ жата беруден де шаршайтын сияқты. Үйде төрт керегінің өзі ем ғой. Осының барлығын назарға алып, нәтижесінде шығаруды жөн көрдік”, – дейді Ербол Сәрсенбаев.

Дәрігердің айтуынша, продюсер әлі бір айға жуық уақыт ем алуы тиіс. Мұнымен қатар, Баян Есентаеваның көзіне қан құйылып, көзінің алмасы зақымданғаны белгілі болды.

Естеріңізге сала кетсек, маусымның 10-ы күні Баян Есентаеваны күйеуі соққыға жығып, үш жерінен пышақтаған болатын. Артынша продюсерге 3 сағат бойы ота жасалып,күйеуі Бақытбек Есентаев қамауға алынған-ды. Қайғылы оқиға Талғар ауданын трассасында болған. Продюсер маусымның 19-ы күні ауруханадан шығарылды.


Жіберіп алмаңыздар:

Баян Есентаеваның кезекті жазбасы лүпіл жинаудан рекорд орнатты

Баян Есентаева орнынан тұрып, жүре бастады

Астаналық Баян Есентаеваға тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады

Куәгер Баян Есентаеваны ұрып-соғу оқиғасының мән-жайын айтып берді

Талқылау