Есентаева: “Қазақ аруының сахнада бикини киіп жүруі қылмыспен тең”
Баян Есентаева қойған талаптардың әр тармағына сәйкес келіп мыңнан тұлпар шыққан қазақ аруының болашағы жарқын болатынына талай көз жеткіздік. Бірінің бағын кинода жағып, екіншісін сахнаға шығарса, үшіншісіне телевизиядан өзіндік жол қалыптастырып берді. Алайда Баян Есентаева жеңімпаздың халықаралық сайысқа қатыса алмайтынын жеткізді.
Суреттер: yvision.kz
Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтып берді.
“Мысалы, Гүлназ Жоланованы керемет сұлу деп айта алмайтынымызды мойындау керек. Бірақ оның баурап алар қасиеті бар. Мұны ақшаға алуға немесе мұны еңбек арқылы жетілдіруге келмейді. Сондықтан мен үшін харизма хас сұлулықтан биік тұрады”, – деп бұл сайыста сұлулық қана басты рөл ойнамайтынын айтты.
“Аяғы ауыр қыздар да келіп жатады. Бірақ біз оларды қабылдай алмаймыз. Қазақ аруы бұл – жастық, пәктік, тазалық. Күйеуге шыққан қыздар үшін біздің есік жабық. Бір арулар он алтыға толғанмын деп алдап келіп жатады. Құжаттарын қарасаң, әлі он төртке де толмағанын көресің”, – деп продюсер қатысуға көп адамның үміттенетінін жеткізді.
Қазақ аруы тәжін кигендерге Есентаева ханым елімізде мансап құрып беруден қашпаймын деп отыр. Бірақ оларды халықаралық сайыстарға жібергісі келмейді екен. Мұның себебі де бар.
“Бикини киіп сахнада жүрген қазақ аруын көзіңізге елестетіп көріңізші. Мұны қылмысқа теңеуге болар. Сондықтан бұл алаңнан шыққан арулар халықаралық сайыстарға қатыса алмайды. Бірақ өзімнің тарапымнан барынша қолдау көрсетуге тырысамын. Олар тасада қалып қоймайды”, – деп жеңімпаздың әлемге танылмаса да, еліміздің назарында жүретінін жеткізді.
Мыңның арасынан таңдалып алған арулар наурыз мерекесінде алаңға шығады. Әзірге тынымсыз дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аталған байқауда 2011 жылы Ләззәт Қалдыбекова, 2012 жылы Айғаным Өтепбергенова, 2013 жылы Айгерім Қанатбаева, 2014 жылы Гүлназ Жоланова жеңімпаз атанған еді. Былтыр тәж Қоскелова Кәмшат Бергенқызына бұйырды.
Естеріңізде болса, осы уақытқа дейін “Қазақ аруы-2012” байқауының жеңімпазы продюсерлікпен қатар кәсіпкерлікті қолға алғаны туралы жазған болатынбыз.