Есентаева: Цирк басшылығының Мұтырғановтан кешірім сұрайтыны анық
Танымал продюсер Баян Есентаева Кәрім Мұтырғанов пен цирк басшылығы арасында болған түсініспеушілікке қатысты пікірін білдірді. Ол цирк басшылығының Мұтырғановтан кешірім сұрайтынына сенімді екенін айтты.
Фото: look.tm
Бұл туралы Stan.kz сайты хабарлайды.
Осы жылдың 14 сәуірінде ҚР еңбек сіңірген қоғам қайраткері марапатын Кәрім Мұтырғанов алуы керек болатын. Алайда ол зейнетке шыққандықтан, өз орнына баласын ұсынады. Мұнымен қатар, цирктегі жұмыстарын да тікелей баласына тапсырады. Алматы қаласы цирк басшылығымен Мұраттың арасында түсініспеушілік орын алып, артист өнер шаңырағынан кетуге мәжбүр болады. Осы түсініспеушіліктен кейін цирк басшылығы көрермен ретінде келген Кәрім Мұтырғановты өнер ордасына кіргізбей қояды. Оған күзетшілер арқылы тосқауыл қойып, кіргісі келсе, барып билет сатып алу керектігін айтады. Бұл жағдайға тек Кәрім емес, баласы да наразы. Енді міне продюсер Баян Есентаева да Алматы қаласы цирк басшылығының әрекетінің дұрыс еместігін айтып жатыр.
“Кәрім Мұтырғановты бұрыннан тәрбиелі азамат, өнерлі артист ретінде жақсы танимын. Мен оның бұл жазбаны бекер жазбағанын сеземін. Оны осылай жазуға мәжбүрледі. Ол ұзақ жыл бойы адал қызмет жасағандықтан, циркке өз үйіне келгендей кіруге құқығы бар”, – деп Мұтырғановты жақтай түсті.
Бұдан кейін адам баласына тән игі қасиеттерді жіпке тізіп, жасы үлкендерге құрмет көрсетуге шақырды.
“Адам баласының бойынан табылатын жақсы қасиеттердің бірі – үлкенге құрмет. Мен әділеттілік үшін күреспеймін, бірақ қарапайым сыйластық пен тәрбиеге қатты мән беремін. Әсіресе мәдени шаңырақта тұрған кезде. Алматы циркінің қазіргі басшысы өзінің кінәсін мойындап, міндетті түрде кешірім сұрайтынына сенімдімін. Ал мен сізден көңіліңізді түсірмеуіңізді сұраймын. Сіз біздің әртісімізсіз. Біз сізбен біргеміз!” – дейді продюсер.
Желі қолданушылары продюсердің сөзіне құлақ асып, оның ойын құптап жатыр. Әзірге Кәрім Мұтырғановтың наразылығынан кейін цирк басшылығының қандай әрекетке барғаны белгісіз.
Оқи отырыңыз:
Мұрат Мұтырғанов әкесін циркке билетсіз кіргізбегендерге наразы