Есболат Беделхан “Ninety one” тобына бәсекелес топ құрды
“Орда” тобының әншісі Есболат Беделхан ағасынан қалмайын деп продюсерлікке бет бұрды. Ол атышулы “Ninety one” тобына ұқсас топ құрды. Сондай-ақ, топтың алғашқы бейнебаянын түсіруге кірісіп кетті, деп хабарлайды Stan.kz.
Беделхан жаңа топтың құрылғанын желідегі парақшасында жазды.
Жаңадан құрылған “Black dial” тобында 16 мен 20 жас аралығындағы бес жігіт өнер көрсетеді. Q-pop стилінде ән салатын топ жігіттері корей топтарының нағыз баламасы іспетті. Себебі солистер шаштарын бояп, сырға тағып алған. Бояуға келгенде де корейлерден қалыспайды.
“Топтың құрылуы кенеттен болды. Жұмыс сапалы болу үшін ұзақ дайындықтан өту керек. Бірақ біз үш айдың ішінде дайындалып, дебьют жасайын деп жатырмыз. Топтың атын әзірге айта алмаймын. Өйткені өзіміздің жоспарымыз бойынша, “Black dial” деген тіркесті қазақстандық көрермендер өздері аударсын дедік. Балалар дарынды, барлығы қазақ.
Әрине, шу шығады. Оған мен дайынмын. Өзімнің ұстанымым – өнер адамы сахнаға шыққан кезде ерекшеленбесе, шықпай-ақ қойғаны дұрыс. Ал егер ерекшеленіп алып, сыннан қорықса, ол оған дайын болған жоқ деген сөз”, – дейді кіші Беделхан “MuzZone” арнасына берген сұхбатында.
Жаңа топтың алғашқы бейнебаяны ел назарына наурыз айында ұсынылмақ.
Есболат Беделхан сыннан қорықпаса да, “91” тобының қаһарына ұшырап қалудан сескенетінін жасырмады.
“Әрине, қорқамын. Салыстыра берсін, одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз. Бір қалайтыным, “Ninety one” тобы мен менің балаларым қарсыласып қалмаса, жүрегіне алып қалмаса деп ойлаймын. Өз балаларыма айтатыным және тілейтінім: «Ешкімді жек көрмеу керек, ешкімді қарсы деп көрмеу керек, өзіңді ешкімнен жоғары ұстамау керек”, – деп түйіндеді сөзін продюсер.
Жіберіп алмаңыз:
Бүлдіршіннің тұсауын кескен Баян Есентаева көпшіліктің сынына ұшырады (видео)
Гүлзира Айдарбекова: Ендігі мақсатым – Қайраттан әлемдік “мегажұлдыз” жасау
Балғынбек Имашев: Әйелімді қатты қызғанамын. Төркініне де менсіз бармайды
Димаш Құдайберген Singer-дің 9-кезеңде екінші орын алды (фото)