Ержан Серікбаевтің ұлы: Өз-өзіме әкемдей әнші болмаспын деп сөз бергем
Белгілі сазгер әрі әнші Ержан Серікбаевтің соңында қалған жалғыз ұлы Бейбарыс бүгінде сазгерлікті қолға алған. Ол экономика саласы бойынша оқығанымен жұмыс істемеген. Қазір Қазқастанға танымал әншілермен дуэт орындап, үлкен сахналарға да шығып жүр.
Бүгінде Бейбарыс Серікбаев – анасы мен сексенге жақындаған әжесіне қамқор болып отырған жалғыз тұяқ. Алматыда жоғары білім алып, біраз уақыт жұмыс істеген ол қазір Шымкент қаласында тұрады. Stan.kz сайтының ОҚО-дағы тілшісі әке жолын қуған Бейбарыс Серікбаевтің студиясында қонақта болып қайтқан еді.
– Бейбарыс, сіз экономика саласы бойынша білім алдыңыз, сазгерлік пен әншілікке бет бұруыңызға не себеп болды?
– Бала күнімде мүлдем әнші болғым келмейтін. Себебі әкем үйде көп болмайтын. Əншілікті сол үшін ұнатпайтынмын. 18 жасқа келіп, жігіт болған кезім. Әкем бір айға кетіп қалды. Оны сағынғаным соншалық, үйге қайта оралғанда құшақтап, жылап жібердім. Содан мен өз-өзіме «ешқашан әкем сияқты әнші болмаймын» деп сөз бергем. Қанымда бар дүние шығар, мектепте, университет қабырғасында мерекелік шараларда сахнаға шығатынмын. Бала күнімнен үйде әкем достарымен түрлі аспаптарда ән салып отыратын. Сол кезде гитараны үйреніп алған болатынмын. Әкемнің асына келген өнердегі бауырлары маған барынша қолдау көрсететіндерін айтты. Сонда «Нысана» театрындағы Әбунасыр ағамыз өздерінің концерттерінде ән орындауға шақырған. Сол кезде әке туралы әнімді дайындап алып бардым, орындап шықтым. Бір қызығы, сол концерттің телевизиялық нұсқасында мен орындаған әнді қырқып тастапты. Мен оны барлық туысыма, таныстарыма алдын ала хабарлап, айтып қойған едім.
– Сол концертте ән салған басқа әншілерді түгел көрсетті ме?
– Тек менің әнімді емес, менімен қосқанда, екі-үш әншінің әнін алып тастаған.
– Мүмкін, тәжірибесі аз, дұрыс орындамаған жастарды эфирден алып тастаған шығар?
-Олай болуы мүмкін емес. Шамам келмейтіндей іс емес. Өзіме объективті баға бере білемін. Музыкаға айдаладан келген жоқпын, сахна мәдениетінен де хабарым бар. Үлкен сахнаға алғаш шықсам да, мен үшін, жалпы, таңсық нәрсе емес. Көзім ашық, сауатым бар.
-Біреу әдейі алып тастады деген күдік бар ма?
-Солай болды-ау деп ойлаймын. Бірақ кім екенін білмеймін. Осы нәрсе жаныма батып, әншілік жолдан көңілім қалды. Бір емес, бірнеше арнаның эфирінен алынып тасталды. Бірақ, үшінші рет «Алдараспан» театрының концертінде шықтым. Сол кезде орындаған әнім бүкіл Қазақстанға тарады. Содан халыққа таныла бастадым.
– Осыдан кейін шығармашылықта, жеке өміріңізде қандай өзгерістер болды?
– 2013 жылы «Саз әлемінде» бағымды сынап көрдім. Әзіл-сықақ театрларының концерттерінде тұрақты түрде сахналарға шығып жүрдім. Одан кейін басқа әндер жаза бастадым. Бәрі аяқ астынан, бір түс сияқты болды. Сол кезде жолымды ашып берген Нұржан ағама алғысым шексіз.
– Жалпы, осы салада əкеңіздің танымалдығы, есімі ықпал етті ме?
– Әрине. Бірақ бір нәрсеге әлі ренжимін. «Саз әлемінде» менің ұпайым Айқыннан көп болған. Бірақ Айқынды өткізіп жіберді. Ол кезде телекөрермендердің берген даусы мен қазылар алқасының даусын қосып санайтын. Оған қазылар алқасы 40 ұпай, маған 39 ұпай берді. Бірақ, мен халықтан көбірек дауыс жинағам. Соған қарамастан, Айқынды өткізіп жіберді. Менің сыныптастарым ұйымдастырушыларға әлеуметтік желілер арқылы шықты, осы туралы жазды. Бірақ одан пайда қайдан болсын?! Оның бәрі өткен нәрсе ғой, әрине. Бірақ реніш бар.
– Әкеңіз үнемі гастрольдік сапармен басқа қалада ұзақ жүретінін анаңыз қалай қабылдады?
– Басында анам әкемнің шығармашылықтың, сахнаның, өнердің адамы екенін білді. Сондықтан әрдайым тек түсіністікпен қарайтын. Сол анамның сабырлы болғанының арқасында шығар, жанұямызда мұндай мәселелер көтерілмейтін.
-Сонымен, өнерде жүргеніңізге 5 жыл болды. Әншілікпен қатар, жас композиторсыз. Осы 5 жылда қандай әндер жазылды?
-Композитор деп айтуға ұяттау. Енді ғана болмаса… Негізі, әннің музыкасын бала күнімнен жазатынмын. Бірақ оларға аса мәм бермедім. Оқып жүріп оннан аса ән жаздым. Қазір сол студент кезден біреуі ғана жарыққа шықты. «Қош бол, сүйгенім» деп аталады. Бірінші курста бір қызға ғашық болып шығарған туындым. Әнін де, сөзін де өзім жазғам. Орындаушы да өзім. Қазір барлық шығармамды жинап қарасам, жиырма шақты ән бар.
-«Арай-2017» байқауында Шахизадамен бірге ән салдыңыз. Ол кісімен қалай таныстыңыз?
-Шахизада әпкем мені өзі іздеп тауып, концертінде бірге ән орындауды ұсынды. Әрине, қуана келістім. Ол кісі де Арыстың тумасы. Сондықтан болар, екеуміз «Арысым» әніне дуэт жаздық.
-Шахизададан өзге тағы қандай танымал азаматтар қолдау көрсетті?
-Жұбаныш ағамды айта аламын. Қазірде әкемнің барлық концерттерін сол кісі ұйымдастырады. Маған тек қаламақысын әкеліп табыстайды. Мұқасан ағам концерт, телеарналардағы түсірілімдерге шақырады.
-Бүгінде өнер жолын таңдағаныңызға өкінбейсіз бе? Мүмкін, экономист болуым керек еді дегендей…
-Жоқ, бәрі жақсы. Басты мақсат – жұлдыз болуға ұмтылу емес, әкемнің ізін жалғастыру, өнерін өшірмеу. Әкемнің концерттерін ұйымдастырып дегендей… Ағаларымыз енді мен жастау болған соң, бұл жауапкершілікті өз мойындарына алды. Алайда, 25-ке келіп, енді еңсемізді тіктеп жатырмыз. Бұл қызметті өз мойныма алатын күн алыс емес.
-Жас әншілердің өнерге аяқ басуы қашан да оңай емес. Алайда, дәл сіздің жағдайыңыз өзгеше. Ержан Серікбаевтің ұлы болған соң, жолыңыз ашық. Өзге әншілер секілді қиындықардан өттіңіз деуге келмейді. Келісесіз бе?
-Толық келісемін. Маған әрдайым жан-жақтан қолдау болды. Бірақ бұл нәрсе үнемі емес. Өтінішімді қабыл алмаған кездер де болды.
-Әкенің ізін жалғастыруды басты мақсат тұтқаныңыз түсінікті. Жеке тұлға ретінде қандай арман, мақсаттар бар?
-Мен атаққұмарлыққа ұмтылмаймын. Мен жай ғана өнерді, ішінде музыканы сүйемін. Қазір музыка – менің өмірім. Содан ләззат алып, жай ғана таза өнерді алып шығуға тырысамын. Атаққұмар болсам, демеп жіберетіндер көп.
-Жуық арада сізде қандай жаңалықтар болады? Жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
-Жақын арада елге жақсы танымал 3-4 әншімен дуэт жазылады. Әндер таңдалып, бәрі келісіліп қойған. Бірақ әзірге құпия болсын. Музыка жазу да жоспарда бар. Бірақ оны коммерциялық мақсатпен емес, шабыт келгенде жазып, сапалы дүние шығару керек.
-Сізді тойларға жиі шақырады ма?
– Шақырады. Көпшілік тойға шығарар алдында әкемнің есімін айтып хабарлайды. «Шымкенттің салқын сырасын» сұрайтындар да көп. Сондықтан ол әнді қазір өзім жазып алғам. Мен тойға ақша алу үшін, атымды шығару үшін емес, өзімнің ішкі қалауымды қанағаттандыру үшін шығамын. Тіпті, гонорарым мынандай деп те айта алмаймын. Кейде мерекелік дастархандарға тегін кіріп шығамын.
-Сұхбатыңызға рақмет.
Ержан Серікбаев – Қазақстанға белгілі сазгер әрі әнші. 70-тен аса ән жазған Ержан Серікбаевтің «Шымкенттің салқын сырасы» қалжың әні халық ішінде кеңінен таралды. Оның “Қала”, «Көтерейік, кәне, достар», «Інжу-маржан», «Алматы таңы», “Қазақ жігіттері” секілді шығармалары ел сүйіп тыңдайтын тамаша туындыларға айналды. Бүгінде сазгер-әншінің жалғыз ұлы Бейбарыс Серікбаев – әке жолын қуып, халыққа өз туындыларын ұсынып жүрген жас сазгер әрі орындаушы.
Оқи отырыңыз:
Қарақат Әбілдина Димашты уақытында бағаламағандарды сынап тастады
“Димаш” есімі брендке айналатын болды
Бақытбек Есентаевтың қарындасы ағасы туралы бар шындықтың бетін ашты (фото)
Анасына ән арнаған Мақпал Жүнісованың қызы көпшілікті тәнті етті (видео)