"Ертісбаев ел арасындағы беделінен айырылды": Шораев Қазақстандағы ресейшіл партиялар туралы айтты
Украинаның 24 Канал арнасына сұхбат берген қазақстандық қоғам белсендісі, журналист Арман Шораев биліктің ішінде ресейшіл партиялардың бар екенін айтады. Бірақ саясаткерлердің көпшілігі украиндықтарды қолдайды, дейді ол. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жақында Қазақстанда парламенттің депутаттарын сайлау өтетінін айтқан Шораев ресейшіл партиялардың мүмкіндігі мүлдем жоқ екенін жеткізген.
"Бізде мысалы қазір Халық партиясы деп аталатын бұрынғы коммунистердің партиясы бар. Осы партияның басшысы Ермұхамет Ертісбаев жақында "Ресей халқына бас иіп, Путинге алғыс айтқан". Менің ойымша, осы сөз арқылы ол өзін және партиясын құрдымға кетірді. Біздің парламентке өту үшін 5 пайыз дауыс жинау қажеттігін ескерсек, бұл партия 3 пайыз дауыс та жинай алмайды. Осы сөзі үшін оның жауы көбейіп, қазақстандықтардың арасында беделінен айырылды", – дейді Шораев.
Айта кетейік, Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан Коммунистік Халық партиясы) қоғам қайраткері, мәжіліс депутаттығына кандидат Арман Шораевты сотқа берген. Нақтырақ айтсақ, партия мүшесі Нұрия Балтабайқызы Шораевтың өзін “сатқын” деп атағанын желеу етіп, сотқа арыз түсірген.
- "Тоқаевтың айналасында да Путиннің жақтастары бар": Шораев Украинадағы соғыстан кейін Қазақстанның қалай өзгергенін айтты
- Қазақ тілі ғана мемлекеттік және ресми тіл болуы тиіс – Шораев
Қазақстан халық партиясының мүшесі Нұрия Балтабайқызының сотқа шағымдануына Арман Шораевтың 2023 жылғы 20 ақпанда Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасы түрткі болған. Шағым беруші Балтабайқызы Арман Шораевты желіде "Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың суретін жариялап" оны "сатқын" деп атағанын, осы жазба бұл партияның мүшесі ретінде ар-намысына тигенін айтқан.
Арман Шораев Қазақстан халық партиясының мүшесі Ермұхамет Ертісбаев пен Ресей журналисі Владимир Соловьевтың видеосұхбатынан кейін "Бұл сатқындарға дауыс бермеңдер!" деген сөзді айтқанын мойындайды және бұл сөзінен таймайтынын жеткізген.
Қоғам белсендісі мен партияның соты Астана қаласында өтіп жатыр.
Ермұхамет Ертісбаев басқаратын Қазақстан халық партиясы – парламент сайлауына түсіп отырған жеті партияның бірі.