Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дәреттен қан кетті": Қатерлі ісікке шалдыққан қазақстандықтар өздерін алаңдатқан аурудың алғашқы белгілері туралы айтып берді

Бүгінде біздің елде қатерлі ісікке шалдыққан тұрғындардың саны сәт сайын артып келеді. Алматыдағы қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының мамандары да бұл ақпаратты жоққа шығармайды. Аталған мекеменің ішінде қаншама адам аты жаман аурумен арпалысып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы. 


Соңғы статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 39 мыңға жуық тұрғын қатерлі ісікке шалдығады, 14 мыңнан астам адам қайтыс болады, ал 200 мыңнан астам халық онкологиялық есепте тұр. Сондай-ақ біздің елде өлім-жітім көрсеткішінде дәл осы дерттен көз жұмғандар саны бойынша үшінші орында екен. Аталған ауруға көбінесе дұрыс тамақтанбағандар, салауатты өмір салтын ұстанбайтындар шалдығатын көрінеді. 

"Сонымен қатар экология болуы мүмкін, радиация болуы мүмкін. Жұмыста түрлі бояулармен жұмыс істейтін адамдар, полигонда тұратын адамдар көп ауырады. Содан кейін тұқымда болуы мүмкін", – дейді онколог дәрігер Хусан Өмірзақов. 


Тұқымқуалаушылық демекші, осыдан алты ай бұрын онкологиялық институтқа Шымкент шаһарынан келген Бауыржан есімді науқастың әуелі бүйрегі ауырған, кейін қуығында қос ісік бары анықталған. 59 жастағы ер адамға 2022 жылдың қазан айында жергілікті дәрігерлер қауіпті ісіктің барын айтқан еді, алайда ол кісі елемеген. Қазір өкініп отыр.

"Жасыратын ештеңесі жоқ, мен тұқым қуалайды дегенге сенемін. Неге десеңіз, менің әкемде асқазан обыры болған. Адамдардың бәріне айтарым, дәрігерге ертерек көріну керек екен. Маған өткен жылдың қазанында ісік барын айтқан кезде, төрт айдан кейін бір-ақ келгенмін ғой. Сөйтсем ісігім үлкейіп кеткен, тіпті лазер де жасай алмайды. Содан кейін ота жасады. Бір өкініш бар, ол өзімнен болды, мойындаймын. Сол сәтте келуім керек еді. Жас кезімде аурухананың қай жақта екенін де білмейтінмін. Қазір осыған душар болып отырмын", – дейді Бауыржан Рахимов есімді науқас.

 
Дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда ерлердің қуық безіндегі қатерлі ісік қатты өршіп тұр. Аты жаман ауруға орта есеппен 60-65 жастағы еркектер жиі шалдығады екен.  

"Қуықтағы қатерлі ісіктің алғашқы белгісі – қуықтан қан кетеді. Сол сәтте сырқат бірден білінеді. Бұл аурудың 80 пайызы алғашқы сатысында осылай белгілі болады. Егер қан кеткен жағдайда, науқас қорқып бірден дәрігерге қаралады", – дейді онколог дәрігер.


Алматыдағы қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында қуығынан қан кеткен науқас көп. Солардың бірі – Маңғыстаудың Жаңаөзен қаласынан келген 62 жастағы Қақабай Сапақов есімді ер адам. Оған осыдан бес күн бұрын ота жасалған. Соңғы 30 жылда зауытта жұмыс істеген ол алғашқыда қауіпті дертке мән бермегенін айтады. 

"Дәреттен қан кетті. Анализін алдық, МРТ, КТ-ға түскеннен кейін Ақтаудағы дәрігерлер осы Алматыға жіберді. 2019 жылы да осылай қан кетті. Ол кезде Ақтауда емделген едім. Негізі Маңғыстаудың экологиясы жақсы емес қой. Жаңаөзендегі газ өндіретін зауытта жұмыс істеймін. Біздің зауытқа басқа мекемеден келген адамдар: "Мына газдың иісі жаман" дейді. Біз үйреніп кеткен шығармыз. Енді өз-өзімді күту керек", – дейді Жаңаөзеннен келген науқас.


Онкологиялық сырқаттанушылар арасында алғашқы орында дәстүрлі түрде сүт безі обыры, өкпе және асқазан қатерлі ісігі тұр. Мұндай сырқатқа әсіресе әйелдер көп шалдығады екен. Дәрігердің айтуынша, қатерлі ісік жас талғамайды. Мәселен, Алматы облысынан келген 26 жастағы жап-жас келіншек алғашқы жүктіліктің 20-шы аптасында аты жаман аурудың құрығына іліккенін айтады. Оның бүйрегі сыр беріпті. 

"Жүктіліктің 20 аптасында анализ тапсырдым, нәтижесінде ақуыз көп екен. Сол кезде гинеколог: "Бүйрегіңізді тексеріп келіңізші" деді. Ісік барын УЗИ-ден білдік. Басында баланы алдыру керек деп айтты, бірақ мен келіспедім. Содан кейін аман-есен бір ай бұрын босандым. Өте қиын болды. Қыздарға айтарым, өз денсаулығын қадағалап, тексеруден өтіп тұрсын. Балаң мен өз өміріңнің арасын таңдау өте қиын екен", – дейді Гүлім Нүсіпова есімді емделуші. 


Ал аты жаман аурудың алдын алудың жолы қандай? Қатерлі дертке шалдықпас үшін қайтпек керек? Онколог маман ашығын айтты. 

"Ауырмау үшін, алдын алу үшін дұрыс тамақтану керек, салауатты өмір салтын ұстан керек. 30 жастан бастап әйел де, еркек те жылына бір рет міндетті түрде дәрігерге тексеріліп тұру керек. Ауырмаса да бес жылда бір рет урологқа көріну керек. Бүйректі, қуықты тексерткен жөн. Ауырған сәтті күтудің қажеті жоқ. УЗИ бар, компьютерлік томография, МРТ өту керек", – дейді қатерлі ісікті емдейтін дәрігер.


Естеріңізге сала кетсек, әлемде жыл сайын 4 ақпанда Халықаралық қатерлі ісікке қарсы одақтың (UICC) бастамасымен Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні атап өтіледі. Мақсаты – халыққа онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау туралы ақпарат тарату, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру және қолжетімді скринингтік тексерулер туралы хабардар ету.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын Stan Kz Youtube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау