Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ертең халық бүлік шығарады": Қырғызстанда мемлекеттік қызметкерлерге қырғыз тілін талап ету туралы заңға байланысты дау шықты

Фото: freepik.com

Қырғызстанда Жогорку кенеште мемлекеттік қызметке кірерде немесе парламентке сайлау кезінде қырғыз тілін білуді талап ету туралы заң жобасына байланысты дау шықты. Депутаттардың кейбірі мұны ұлтаралық келісімге әсер етеді десе, енді бірі әрбір қырғызстандық мемлекеттік тілді білуге міндетті деп қарсы шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Kloop порталының мәліметінше, түзетулерде мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, сондай-ақ жарнама мен контент бойынша нормаларға қырғыз тілінің белгілі бір деңгейін меңгеруге қойылатын талаптар енгізілген. Деңгейді үкімет емтихан арқылы анықтайды. Жогорку Кенеш спикері Нурланбек Тургунбек уулу бұл заң жобасын қолдады. 

"Егер азамат Қырғызстанда тұрып, жұмыс істесе, мемлекеттік тілді білсін. Сол тілде сөйлесін", - деді ол. 

Депутат Надира Нарматова мұндай талаптың көмегімен көпшілік қырғыз тілін үйренуге ынталанатынын айтты.

"Егер тілге деген қажеттілікті тудырмасақ, онда ештеңе орындалмайды. Ал қаражат бөліп, тілімізді үйренуді сұрауымыз біз үшін қорлық. Мемлекеттік тілді білу – қырғыз халқы мен елін құрметтеу. Бұл бөлу емес", - деді ол.

Депутат Эльмурза Сатыбалдиев та бұл идеяны қолдады. Алайда депутаттыққа кандидаттарға қатысты қойылатын талапты сынға алды. Оның пікірінше, мемлекеттік қызметке келетін адам ағылшын тілінде сөйлейтін болса да оны халық таңдайды. 

Парламентші Балбак Тулобаев заң жобасының авторларын жазалауды талап етті. Айтуынша, бастама ұлтаралық сенімге әсер етеді және наразылық тудыруы мүмкін.

"Ертең халық бүлік шығарады. Керемет заң жобасын өзгертпекші. Сонда басқа ұлт өкілдері қалай депутат болады? Олар не, адам емес пе? Конституцияда мемлекеттің негізі халық екендігі айтылған. Сонда қырғыздар ғана халық, ал қалған өзге ұлттар Қырғызстан халқы болып саналмай ма?”, – деп ашуланды ол.



Гуля Кожокулова енгізіліп жатқан түзетулердің негізгі заңға қайшы келетінін алға тартты. Егер олар мақұлданатын болса, Мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комиссия жеке тұлғаларға 5 мың сом (шамамен 29 мың теңге), заңды тұлғаларға 17 мың сом (шамамен 99 мың теңге) көлемінде айыппұл салу құқығына ие болады. Кожокулованың айтуынша, идеологиялық бұлай жазалаушы құрылымға айналмақ. 

"Бүгінгі тәуелсіз Қырғызстанда тілдің дамуын мәселе ету ұят нәрсе деп ойлаймын. Біз тіпті кеңес заманында да қырғызша сөйлегенбіз. Бішкекті үлгі етіп, заң жазудың қажеті жоқ. Өңірлерге шығыңыздар бәрі қырғызша сөйлейді, және бұған ешкім тосқауыл қоя алмайды", – деді депутат Жаныбек Қыдықбаев.

Кундузбек Сулайманов бұл заң жобасының орыс тіліне ешқандай шектеу енгізбейтінін айтты. Айтуынша, тек депутаттыққа үміткер мен мемлекеттік қызметкерге қырғыз тілін қосымша білу талап етіледі.

Келіспеушіліктерге қарамастан, заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 17:04
Талқылау