Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Ерні көгере бастады: Жарақаттанған Денис Тенге бірінші боп көмекке келген жігіт оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Денис Теннің өліміне қатысты сот отырысында Қадіров Ербол есімді азамат куәгер ретінде жауап берді. Ол қанды оқиға кезінде Дениске бірінші болып көмекке келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі сот залынан.
Қапшағай қаласында тұратын Қадіров Ербол жеке адам тасылмалдаушы болып жұмыс істейді.
«Бір адамды жұмыстарымен апарып, алып келемін. Ол маған ақшасын төлейді. Ол кісінің Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің бойында өзінің шаштаразы бар еді. Сол жерге сағат 14:30-дарда келіп, өзін алып кетуін сұрады. Ол жерге ерте барып алып, көлікті қойып, күтіп отырдым. Телефоннан кино көріп отырған кезде 3 баланың жай төбелесіп жатқанын көрдім. Алайда олар жай ғана алысып жатқан шығар деп мән бермедім. Мұнан кейін артқы жағымнан бір жігіт сол жаққа қарай жүгірді. Содан соң мен де көліктен шығып, артынан көмекке жүгірдім», – дейді ол.
Қадіровтің айтуынша, Денис өзінің көз алдында құлаған. Алайда оның Денис Тен екенін білмедім, дейді ол.
«Мен келгеннен кейін ол бірінші отыра қалып, содан кейін етпетінен жерге жатты. Ол ес-түссіз болды», – дейді куәгер.
Өз сөзінде ол Дениспен төбелескен жігіттердің түрін көрмегенін айтты.
«Денис етпетінен жатқаннан кейін аяғынан қан аға бастады. Осыны көргеннен кейін ғана жедел жәрдем шақырдым. Артынша полицейлер келді. Сол жерде тағы бір қазақ қыз жүрді. Ол Денистің үстінен футболкасын шешуімді сұрадым. Мен футболкасының артқы жағын жырттым да, екі қолынан шешіп алдым. Содан кейін ол қыз Денистің аяғын байлады», – дейді Қадіров.
Алайда олардың Денистің аяғын матамен байлағанына қарамастан, қан тоқтамаған. Қан жайыла берді, дейді ол.
«Сол жерге бір полицей су алып келді. Сонан соң маған дымқыл майлық берді. Денис оң жақ бетімен жатты. Аяғынан қан аққаннан кейін, беті қан, құм болды. Менің оның бетіне су құйып, жудым. Басынан ұстап отырып: «Шыдашы, бауырым, шыдашы. Жедел жәрдем келе жатыр», – дедім. Бұл кезде ол ес-түсін білген жоқ. Ауыр демалып жатты. Еріндері көгере бастаған соң, өзім де шоши бастадым. Бір жігіт дәріхана қорабын алып келіп, маған берді. Бірақ мен не істеу керектігін білмедім. Одан кейін полицейлер Дениске тиіскізген жоқ», – дейді куәгер.
Денистің анасы Оксана Теннің айтуынша, оқиғадан кейін сол жерде болған жігіттер Дениске нашатыр спиртін иіскетіп, есін жиғызбақ болған. Алайда полицейлер рұқсат етпепті.
Сонымен қатар куәгер қылмыс орнында Денистің рюкзагынан бөлек тағы бір рюкзак және көліктің айналары жатқанын айтты.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
