Ерлі-зайыптылардың өлімі бойынша күдікке ілінген жігітті ауыл халқы қорғап, бас көтерді
Павлодар облысында 27 жастағы Дархан Дүйсенаевтың еш кінәсі жоқ деген ауылдастары жергілікті полицияның әрекетіне қарсы бас көтерді, деп жазды КТК арнасы.
Дархан Дүйсенаев ерлі-зайыпты қос зейнеткердің өлімі бойынша күдікке ілініп, қазір уақытша тергеу абақтысында жатыр.
Дарханның көршілері мен әріптестері оның мұндай қылмысқа барғанына еш сенбейді. Полиция қызметкерлері болса күдіктінің осы іске қатысы барына сенімді. Себебі Дарханнан зейнеткерлердің банк картасын тапқан.
Одан қалса, тергеу кезінде жігіт қылмысын мойындаған. Ал Малқайың ауылының ондаған тұрғыны бүгін «Дарханға бостандық» деп ұрандатып көшеге шықты.
«Ол сондай мейірімді адам. Тіпті тамақ үшін үйінде тауық соймайды. Қос қарияны айуандықпен өлтірді дегенге сенбейміз. Ол мұндай қатыгездікке баратын адам емес»,-дейді көршісі Гүлзира Капизова.
Дархан өзі темір жолда жұмыс істейді. Әріптестері қанды қылмыс болған күні оның жұмыста болғанын растап отыр. Полиция алдынан шыққан бірінші адамды ұстап, жауапқа тартуда деп күдіктенеді олар.
«Ол қылмыскер емес. Мен жүз пайыз кепіл бола аламын. Бұл полиция қызметкерлерінің бассыздығы. Оны қинап, жала жауып, мойындауға, қол қоюға мәжбүрлеген.»,-дейді Дарханның әріптесі Ринат Жанат.
Полиция Дарханнан зейнеткерлердің банк картасын тапқан. Ол осы себепті де күдікті ретінде қамауға алынған. Бірақ, оның қорғаушысы «Дархан картаны көшеден тауып алып, банкоматқа барып тексерген» деп отыр.
Ақпанның 16 нан 17 қараған түні қос зейнеткер өз үйлерінде азапталып өлтірілген. Олардың өлі денесін алғаш болып үй жинауға келген тазалықшы көрген. Қарияның денесі қанға боялып дәлізде жатқан. Ал әйелінің мәйіті жуынатын бөлмеде болыпты. Соған қарағанда әйел соңына дейін жанын сақтау үшін ішкі бөлмеге қарай қашқан.
Адвокаты Дарханның еш кінәсі жоғына сенімді. Ал қылмысын мойындауына тергеу кезіндегі азаптау себеп болыпты.
«Оны үш сағат бойы азаптаған. Аяусыз сабаған.Басына пакет кигізіп тұншықтырған. Денесін жарақаттаған. Соңында полицияның таяғын жамбас тесігіне тығып, зорлаған кезде Дархан мойындауға мәжбүр болыпты»,-дейді адвокат Серік Апаханов.
Енді ауылдастары Дарханды бостандыққа шығару үшін Бас прокуратураға, президент Әкімшілігіне хат жазғалы отыр.
Оқи отырыңыз:
Білім және ғылым министрі: Мұғалімдер артық жұмыс істемеуі керек
Аружан Саин ОҚО-дағы балаға қатысты соңғы жаңалықтарды айтты
Ресейде қазақстандықтарды тіркеу ережесі уақытша өзгереді