Ерлан Қарин көпшіліктің наразылығын тудырған «Қозы мен Баян» телехикаясына қатысты дауға жауап берді
Баян Есентаева продюсерлік еткен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» телехикаясы эфирден берілген күннен-ақ көпшіліктің сынына ұшырап, қоғам талқысына түсті. Белгілі журналист Қазыбек Иса ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және «Қазақстан» РТРК АҚ Басқармасының төрағасы Ерлан Қаринге ашық хат жолдап, «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» телехикаясын эфирден алып тастауын сұраған еді. Ендігі тарихи телехикая дауына қатысы Ерлан Қариннің өзі жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz.
Ерлан Қарин көпшіліктің наразылығын тудырған «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» телехикаясы төңірегіндегі дауға қатысты Facebook желісіндегі жеке парақшасында жауап берді. Ұлтық арна төрағасы қоғамда аталған телехикаяға деген үлкен қызығушылық туындағаны қуантатынын айтты.
«Кешелі бері «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» телехикаясы жайлы пікірлеріңізді көріп, естіп жатырмыз. Ұнатып жатқандар да, ұнатпай жатқандар да бар. Дегенмен, өзіміздің отандық телеөнімнің шығып, осындай резонанс тудыртып, телехикаяға деген үлкен қызығушылық танытып жатқандығы қуантады. Себебі, қаншама жылдар бойы отандық телеарналарда шетелдік телехикаялардың саны басым болып келді. Енді, міне көрермендерге өз өнімдерімізбен шығып жатырмыз. 2009 жылдан бері біздің корпорация 80-ге жуық отандық телехикаяны көрермен назарына ұсыныпты. Біз бұл жұмысты әлі де жалғастырудамыз. Биылғы жылдың өзінде мелодрама, драма, тарихи немесе экшн жанрларындағы телехикаяларды түсіруді қолға алдық. Қазіргі мақсатымыз көрерменге әртүрлі жанрдағы контент ұсыну» – дейді Ерлан Қарин.
Ерлан Қариннің сөзінше, тарихи тақырыпты арқау еткен телехикаяның өзіндік кемшіліктері жоқ емес.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» телехикаясына келсек, әрине кемшіліктер бар, белгілі бір сәйкессіздіктерді де жоққа шығармаймыз. Бірақ та, сонымен қатар, бұл кино емес телехикая екенін де ұмытпағандарыңыз жөн. Және де бұл өте шағын телеxикая. Сондай-ақ, шын мәнісінде телевидениеде немесе кино саласында болсын толықтай бір сәйкестік болу керек деген қатып қалған талап жоқ. Тіпті, әлемдік деңгейдегі әдеби шығармаларды да экранизациялағанда неше түрлі пікірталастар орын алып жатады. Дегенмен осындай тарихи туындылар керек. Ал орын алған түрлі қателіктерді алдын алу үшін біз аутсорсинг компаниялармен жұмыс жасау тәртібін өзгертетін боламыз, оны жақында келісіп қойғанбыз, сосын телехикаяларды қабылдау бойынша көркемдік кеңестің жұмысын да қолға алмақпыз. Біз сіздердің барлық пікірлеріңізді ескерудеміз. Болашақта да көрермендер мен мамандардың талаптарына сай өнім дайындауға ұмтылатын боламыз» – дейді корпорация басшысы.
Сондай-ақ Ұлттық арна төрағасы «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» телехикаясының жастар арасында үлкен қызығушылық тудырып, көрсетілім деңгейі өте жоғары көрсеткіштерге ие болғанын атап өтті.
«Ал, бізге келіп түсіп жатқан өлшемдерге сәйкес, бұл телехикая жастар арасында үлкен қызығушылық тудыртты және көрсетілім деңгейі өте жоғары көрсеткіштерге ие болды. Ең бастысы, алдағы уақытта одан да қызықты және сапасы жоғары туындылар күтіп тұрғанын айта кетейін. Атап айтқанда, қазақ зиялыларының Азаттық үшін күресі мен өмірін бейнелейтін 14 бөлімді «Тарзаман» телехикаясының түсірілімі аяқталды. Оны алдағы жылдың басында Сіздерге ұсынатын боламыз. Ұлттық арнаның телеөнімдерін қарап, үлкен қызығушылық білдіріп отырғандарыңызға рахмет!» – деп жазады Ерлан Қарин.
Естеріңізге сала кетсек, түсірілімі бір айға созылып, көрерменге жол тартқан «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» телехикаясы 25 желтоқсаннан бастап «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіле бастаған еді.
Оқи отырыңыз:
Алматыда өткен айтыста Айбек Қалиев бас жүлдені жеңіп алып, 5 млн теңгені иеленді
Тұрсынғали Алагөзов жартылай жалаңаш Баян Мақсатқызын періштеге теңеді (видео)
Баян Мақсатқызы: Мен адамдардан мейірім, махаббат пен түсіністікті күтпеймін
Жүрсін Ерман Төреғали Төреәліні сахнаға шығару үшін халықтан рұқсат сұрады