Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Интернет халық пен мемлекеттік органдардың арасын жақындата түсті": Қарағанды облысында жылдам интернетке қол жеткізген тұрғындар ауылдағы өзгерістер жайлы айтты

Соңғы үш жыл қатарынан шалғайдағы ауылдар үкімет әзірлеген "250+" бағдарламасы арқасында кең жолақты байланыс желісімен қамтамасыз етілуде. Қарағанды облысының алыстағы елді мекендері де қанатқақты жобадан қалыс қалмады. Шет ауданы Өспен ауылдық округіне қарасты  Еркіндік ауылы да бағдарламаға қосылған аймақтардың қатарына енген. Бүгінде өңір тұрғындары  қажетті қызметтерге ауылдан аттап баспай-ақ қол жеткізіп, интернеттің игілігін көруде. Ауылдықтардың өмірі қалай өзгергенін тілшіміз көріп қайтты. 

Тірлігі тәуір, түтіні түзу ұшқан Еркіндік ауылы Қарағанды облысынан 160 шақырым шалғай жерде жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын күрмеуі қиын күрделі проблемаға айналған интернет мәселесі 2022 жылы шешімін тапқанына тұрғындар дән риза. Еңселі елді мекенге Beeline байланыс операторының мұнарасы қойылып, соның нәтижесінде ауылдағы ағайын қаладағы туған-туысқандарымен ұялы телефон арқылы еш кедергісіз тілдесіп, ғаламтордың шарапатына кенелуде. 

Бір айта кетерлігі, бұл елдімекенге базалық станцияны орнату жұмыстары 2020 жылы басталған еді. Бірақ мобильді операторға қойылған техникалық талаптар тым күрделі болғандықтан, мәселе екі жылдан соң ғана шешімін тапты. Сондай-ақ, ауылда халықтың радиофобияға қатысты да қорқынышы болды.

Оны Өспен ауылдық округінің әкімі Мақсат Нұрмұхамбетұлы да жасырмады.

“Тұрғындар алғашында үлкен мұнара орнатылады дегенді естіп, қорыққандары рас. Оған интернетте, желілерде радиофобия туралы таралған алып-қашпа әңгімелер себеп болған. Сондықтан байланыс мұнарасы орнатылмай тұрып, халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Енді осынша жыл бойы интернет тауқыметін көріп келген ауылдықтардың, әрине, мәселенің ақ-қарасын ажыратып алған соң көзқарастары жақсы жаққа өзгерді. Міне, Beeline желісінің арқасында жұртшылық интернетке телефон арқылы да, компьютер, ноутбук арқылы да кіріп, өздеріне қажетті жұмыстарын жасап отыр”, – дейді өңір басшысы. 

Сондай-ақ, Мақсат Нұрмұхамбетұлы интернет халық пен мемлекеттік органдардың арасын жақындата түскенін сөз етті. Бұл тұрғыда ол байланыстың арқасында “Естуші мемлекет” тұжырымдамасы жүзеге асып отырғанын да атап өтті. 

“Бірінші кезекте ғаламтор біз секілді мемлекеттік қызметкерлердің халықпен тікелей байланыс орнатуына сеп болды. Өйткені әкімдіктің әртүрлі әлеуметтік желіде парақшаларын атап өтуге болады. Бұлардың көмегімен халық жауапты органдарға өз шағымын, өтініштерін бірден жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Өз кезегінде біз де заман ағымына сай ақпарат тарату құралдарын игердік”, – дейді ауылдық округ әкімі. 

Бұл ретте шалғай ауылдарда байланыс операторларына түсетін ауыртпалық та айта кеткен жөн. Мәселен, ауыл тұрғындарының репитер құрылғыларын (радиотолқындар күшейткіш құрылғылары – ред.) көптеп қолдануы. Бірі білсе, бірі біле бермейді, репитерлер базалық станцияның жұмысына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ, көп жағдайда ауылдықтар күмәнді, сапалық сертификаты жоқ аппаратты сатып алып, үйлеріне өз бетінше орнатуға бейім болғандықтан, бұл мәселе соңғы уақытта ушыға түскен көрінеді. Оның үстіне мұндай жабдықтар көрші үйлердегі интернет қолданушыларына да бөгет болады. Дұрыс орнатылмаған, арзан репитерлер бүкіл ауылдағы интернеттің сапасын нашарлатып, базалық станциялардың жұмысына ақау келтіреді. Осы орайда ауылдық округте әкімдік өкілдері техникалық мамандармен бірлесіп, мұндай құрылғыларды пайдаланбау бойынша халықпен белсенді түрде жұмыс жасау керектігін алға тартады. Өйткені репитер құралдарын пайдаланатын адамдардың саны көбейген сайын, байланыс пен интернет сапасы нашарлай береді. Бұл байланыс операторының орнатқан мұнарасының жұмысына кедергі келтіреді. Сондықтан интернеттің сапалы болғанын қаласақ, мамандар репитерлерді қолданбауға шақырады.

Өңірдегі жалпы білім беретін мектеп директоры Арайлым Әмірова кең жолақты интернеттің келуі оқушыларға сабаққа деген зор құлшыныс, балалардың жан-жақты тұрғыдан ізденуіне ұтқыр ұмтылыс берді деп отыр. Сонымен қатар ол, "Bilimal", “Edu.kz”, "Daryn.online" және “Kundelik.kz” платформаларымен жұмыс істеу мейлінше жеңілдегенін тілге тиек етті. 

“Алғашында интернет тек мектептерде болатын. Қашықтан оқыту кезінде балалар да, мұғалімдер де біраз қиналды. Алайда қазіргі таңда бәріміз ғаламтордың мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдаланып отырмыз. Оқушылар мен ұстаздардың арасы етене жақындай түсті. Балалардың оқуға деген ынтасын арттыру мақсатында педагогтеріміз белсенді түрде заманауи платформаларды пайдалануды қолға алды. Мектеп оқушыларының да ізденіс аясы кеңейді”, – дейді білім ошағының басшысы.

Мектептің музыка пәнінің ұстазы Жақсыгелді Исағұл ғаламтор ауыл балаларының  дарынымен дараланып, ынта-ыждаһатын арттыруға сөзсіз септігін тигізуде дейді.

“Балаларды ынталандыруда ғаламторды жиі қолданамыз. Мәселен, мен домбыра үйірмесінің жетекшісімін. Жас буынды өнерге баулуда әлеуметтік желі мен YouTube платформасын белсенді түрде пайдаланамын. Мұндағы танымал өнерпаздардың, домбырашылардың күй тарту дағдысын аспапта ойнауды енді үйреніп жүрген балаларға көрсетемін. Онымен қоса қажетті әндердің, күйлердің ноталарын да осы интернеттен тауып жүрмін. Карантин кезінде көп адам жиналуға рұқсат берілмеді ғой. Бұл кезде домбыра үйірмесіне қатысушылар өнерден аздап қол үзіп қалды. Бірақ қазір шәкірттерім облыстық, аудандардық жарыстардан жүлделі орындаумен оралып жүр”, – дейді мектеп ұстазы. 

Еркіндік ауылындағы мешіттің имамы Бақтияр Есімбеков интернеттің арқасында жергілікті жамағатқа діни ақпараттық түсіндірме жүргізуге мол мүмкіндік туғанын айтып, ағынан жарылды. Оның сөзінше, ауылға сапалы интернет орнатылғалы бері имандылыққа бет бұрған жастардың саны еселеп артыпты. 

“Коронавирусқа байланысты шектеу шаралары болғандықтан өткен жылдары халықты жинап, діни уағыз айта алмадық. Дегенмен, 2022 жылы сапалы байланыс орнатылып, осы бір кемшілікті өтеу мақсатында әлеуметтік желіні, мессенджерлерді мақсатты түрде пайдалануға тырыстық. Әсіресе, Instagram желісі арқылы тікелей эфирлер өткізіп, халықтың көкейінде туындаған сұраққа жауап бере білдік. Бүгін де желі арқылы жамағатпен байланысып тұрамыз. Мысалы, жақында Рамазан айы аяқталды. Осы кезде ел-жұрттың ораза ұстау шарттары, осы сарында сұрақтары көбейді. Міне, соның барлығына жауап беру үшін біз Instagram-ды белсенді түрде қолдандық”, – дейді ауыл имамы. 

Мұндай жаңашылдыққа халық та риза деген ол алдағы уақытта мұнымен шектеліп қалмайтынын, басқа да платформаларды қолданысқа енгізу жоспарланғанын айтып кетті. 

Ауыл тұрғындары бұрын сапалы интернеттің жоқтығынан біраз әбігерге түскендерін жасырмайды. Кейде тіпті байланыс іздеп, далаға шығып, көше аралап кететін күндер де болыпты. Дегенмен, ауылға интернет келісімен жағдай жақсы жаққа қарай өзгерген. Ауылдықтар ғаламтор арқылы кино тамашалап, алыс-жақын туыстарымен байланысып, желінің шарапатын көруде. 

“Басқа облыстарда тұратын ағайындармен видеоқоңырау арқылы хабарласып, көзайым болып тұрамыз. Өзіміз де бос уақытымызда теледидарлардағы телехикаяларды күтіп отырмай, қажеттісін тауып, көріп аламыз. Әсіресе, балаларымыз үшін жақсы болды. Сабақтарын оқып, уақыттарын пайдалы өткізеді”,  – дейді ауыл тұрғыны Жеткіншек Ахметов.

Күнделікті өмірде, дүкенде, жарық пен жылу ақысын төлеген кезде интернетті белсенді пайдаланамыз деген ол ауылдықтар мұнымен шектелмейтінін жеткізді. Жоғалып кеткен малды WhatsApp месенджері арқылы іздеу трендке айналды, деп күледі ауыл тұрғыны. Сөзінше, жергілікті жұрт ірі қара мен қой-ешкілері адасып кетсе, әрбір үйлерді қарап әуреге түспей, суретін топтарға бөлісіп жіберетін көрінеді. Жеткіншек Ахметов бұл да интернеттің оңтайлы мүмкіндігі деп түйеді. Сонымен қатар, бұрынғыдай той-жиындарға шақыру үшін де қағаз шақыртудың орнына мессенджерлер мен әлеуметтік желілер жиі қолданылады екен. 

Айта кетсек, еліміздегі мобильді интернеттің ең ірі провайдерлерінің бірі – Beeline операторы “250+” жобасы аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінде кең жолақты интернет желісін орнатуда. Аталмыш бағдарламаның шарттары бойынша оператор 250-ден астам тұрғыны бар ауылдарды 3G және 4G мобильді интернетпен қамтамасыз етеді. Қарағанды ​​облысы бойынша жобаға 48 елді мекен кірген.

Талқылау