Еркін Тапалов ұлттық құрамаға неге шақырту алмады? — футболшының өзі себебін айтты
Фото:Kairat fc
“Қайрат" командасының қорғаушысы Еркін Тапалоs Қазақстан ұлттық құрама сапында неге соңғы ойындарға алаңға шықпағанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, бұған дейінгі ойындарда жарақат алған.
“Ойын кезінде жарақатым бар еді. Қазір бәрі дұрыс, бірақ сол кезде тіземде жарақат болды. Құрамадағы бапкерлер мен медицина қызметкерлері жағдайды білетін, сондықтан қыркүйекте мені шақырған жоқ”, — деді Тапалов.
Алайда футболшы қазан айындағы матчтарға дайын болғанын атап өтті. Дегенмен, құрама сапына не себепті енбей қалғанын бапкерлер штабынан сұрау керек екенін айтты
“Ал соңғы ойындарда неліктен тізімге енбегенімді құрама штабынан сұраңыздар. Себебі ойнауға дайын болдым және командаға көмектескім келді”, – деді футболшы.
Айта кетейік, 10 қазан күні өткен әлем чемпионатына іріктеу матчында Қазақстан құрамасы Лихтенштейнді өз алаңында ірі есеппен — 4:0 есебімен тізе бүктірді. Ал 13 қазан сырт алаңда Солтүстік Македонияға қарсы өткен ойында 1:1 есебімен тең аяқталды. Дегенмен қос матчқа да ұлттық құрама сапына тәжірибелі ойыншысы Еркін Тапалов шақырту алған жоқ.

Қазақстандық көпбалалы ана "Асар Уме" қайырымдылық қорын апатты үй берді деп айыптады
