Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еркін күрестен Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын үшінші орынмен аяқтады

Иордания астанасы Амманда күрес түрлерінен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: instagram.com/kazwrestling_official

Жарыстың соңғы күнінде еркін күрестен ұлттық құрама спортшылары 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдені жеңіп алды.

74 келі салмақта Нұрқожа Қайпанов чемпион атанды. Осылайша қазақстандық балуан Азияның үш дүркін жеңімпазы болды. Финалда Қайпанов қырғыз спортшысы Орозок Токиомамбетовты 2:1 есебімен ұтты.

Ал 86 келі салмақта белдескен Болат Сақаев финалда ирандық Аболфазл Рахманиге 4:11 есебімен жеңіліп, күміс медальды еншіледі. Отандасымыз Азия чемпионатында  осыдан 2 жыл бұрын 79 келіде жеңімпаз атанған еді.

Биылдан бастап 92 келіде өнер көрсетуді шешкен Азамат Дәулетбеков қола жүлдені иеленді. Үшінші орын үшін таласта Дәулетбеков өзбек балуаны Шерзод Пойоновты 2:1 есебімен ұтты. Бұған дейін Азамат құрлықтық бәсекеде 86 келі салмақта үш рет жеңімпаз, бір рет күміс және тағы бір мәрте қола жүлдені жеңген еді.



Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінде Ризабек Айтмұхан 97 келіде күміс жүлде және Рахат Қалжан 57 келі салмақта қола медаль иеленген болатын.

Осылайша еркін күрес шеберлері 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдені еншіледі. Нәтижесінде жалпы есепте үздік үштіктен көрінді. Ал 4 алтын, 1 күміс, 4 қоланы ұтқан Иран құрамасы бұл сайыста жеке дара көш бастады. 3 алтын, 3 қола иеленген Жапония екінші орынға жайғасты.

Талқылау