Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еркебұлан Тоқтар мені жеңе алмайды – Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов

Данияр Елеусінов Еркебұлан Тоқтарды қиналмай жеңетінін мәлімдедіФото: Видеодан скриншот

2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов SauBall подкастына берген сұхбатында танымал актер әрі поп-ММА өкілі Еркебұлан Тоқтармен жұдырықтасуға қатысты ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елеусінов мұндай жекпе-жекке тек коммерциялық тұрғыдан қызығушылық танытатынын жеткізді.

“Егер Еркебұлан Тоқтар мені жұдырықтасуға шақырса, шығатын едім. Бірақ бұл табыс табу үшін ғана, спорттық тұрғыдан емес. Себебі ол мені жеңе алмайтыны басынан-ақ түсінікті”, – деді ол.

34 жастағы боксшының сөзіне Еркебұлан Тоқтардың өзі де пікір білдірді. Оның сөзінше, Олимпиада чемпионы шындықты айтып отыр.

“Данияр Елеусінов ақты ақ, қараны қара деп ашық айтып отыр. Иә, қаржылық тұрғыдан ақша табады, бірақ спорттық тұрғыдан қызық емес дейді. Спортта спорттық қызығушылық деген болады, кім кімнен мықты екенін білгісі келеді. Ал Данияр “білгім келмейді, мен мықтымын” деп отыр. Дұрыс айтып отыр, ол үшін ренжудің қажеті жоқ. Мен Даниярдан мықты емеспін, ол Олимпиада чемпионы, оның деңгейі бөлек. Бірақ коммерциялық тұрғыдан қызық. Шығамын, жұдырықтаасамын, бір-екі раунд шыдауым мүмкін, таяқ жеймін, ол күліп жүріп ұрады, есесіне ақша табамын. Бұдан бөлек Данияр Елеусіновтен ұтылу мен үшін жетістік”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Еркебұлан Тоқтар елден кететінін мәлімдегені хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 07 Қаңтар, 2026 18:18