Еркебұлан Дауылбаев индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып тағайындалды
Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен Дауылбаев Еркебұлан Әбілханұлы Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еркебұлан Дауылбаев 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Ресей кеден академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1999 жылы Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі кедендік бақылау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің инспекторы болып бастады.
2010-2011 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің бөлім басшысы, лицензиялау бөлімінің басшысы болды.
2011-2012 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болды.
2012-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасының басшысы қызметін, 2013-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы құрылыс басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Осы жылдар ішінде ол жеке компанияларда жұмыс істеді. 2016-2017 жылдары "Нұр Отан" партиясы ОҚО филиалы төрағасының орынбасары болды. 2017-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.
2018 жылы Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі болды. 2018-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, 2020-2021 жылдары Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары болды. 2021 жылдың тамыз айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
