Ерке Есмахан: Ұлымды ойлағандықтан әкесіне қатысты көп жайтты жасырып қалдым
Танымал әнші Ерке Есмахан «Хабар» арнасындағы «Компромат» бағдарламасына қатысып, жеке өмірі мен шығармашылығына қатысты сан түрлі сауалдарға ашық жауап берді. Өз сөзінде ол достық пен махаббатан көңілі қалғанын айтты. Десе де, әнші болашақта өзін түсінетін, шығармашылығына еркіндік беріп, аялап өтетін ер азаматты кездестіретініне үміттенеді. Артынан жүгіріп жүрген жігіттердің бар екенін мойындағанымен, Ерке әлі күнге дейін өмірлік серік болатындай адамды кездестірмегенін айтты.
Назарларыңызға аталмыш сұхбаттан үзінді ұсынамыз.
– Бағдарламаларға сұхбат бердіңіз, сәтсіз некеңіз туралы ашық айттыңыз. Ертең балаңыз ер жетіп, анамды көрейінші деп YouTube желісіне кірген кезде өзінің әкесі туралы ақпарат бірінші шығады. Есейе келе, сол кезде ол «менің әкем осындай болған ба?» немесе «мама неге айттыңыз» деп өкпелеп қалады деп қорықпайсыз ба?
– Мүмкін сол кезде ұлым барып сұрайтын шығар әкесінен: «Неге солай істедіңіз?» деп.
– Сол үшін айттыңыз ба?
– Сол үшін айтқан жоқпын. Бұл жерде баламды ойладым. Соны ойлағандықтан да көп нәрсені жасырып қалдым. Ол жерде айтылған нәрсе тек қана шет жағасы. Қара күйенің бәрі маған жағылған соң, өзімді қорғадым. Әрбір пенде, әрбір адам өзін қорғауы керек өтіріктен, жаладан. Ол кісінің еңсесі түсетіндей ештеңе айтқан жоқпын. Тек сол кісінің жасаған істері мен қылықтарын айттым. Шындықты айттым. Мені өтірік айтты десе, оны ар-ұятына қалдырдым.
– Сіз ол адамға қатты ашулы сияқтысыз….
– Жоқ, ашулы емеспін. Менің басымнан өткен нәрсе, менің басымнан өткен сынақ, отбасымда болған жағдай сіздер үшін тек әңгіме, тек сұраққа арқау. Ал бұл менің басымнан өткен жағдай. Мен ол кезде кішкентай қыз едім. Ерке Есмахан емес, жай ғана Ерке едім.
– Енді қателеспеу үшін қандай адамды кездестіргіңіз келеді?
– Біз пендеміз. Мен де айта алмаймын алдымда не күтіп тұрғанын. Тіпті, қазір осы бағдарламадан шығып, көлігіме отырып кетсем, бір сағаттан соң не болатынын мен де білмеймін. Тек қана Аллаға сенемін. Маған қарап отырған әке-шешем, бауырларым бар. Мені әлпештеп өсірген, өнерге баулыған. Бірінші кезекте сол кісілердің үмітін ақтауға тырысамын. Әрине, мен анамын. Баламның үмітін ақтауға тырысамын. Енді құрған отауым өмірімнің соңына дейін болады деп те айта алмаймын. Мен де пендемін, мені де жаратқан Алла. Сол жақтан қандай бұйрық болады, солай болады.
– Ерке ханым, менің де достарымның арасында сізді өте қатты жақсы көретін жанкүйерлеріңіз бар. Барлығы дерлік қанша талпынса да сізге жақындай алмай кетті. Соған қарағанда сіздің тұрақты махаббатыңыз табылған сияқты. Мойындаңызшы…
– Шыны керек, мен өте махаббатқа беріліп кететін адаммын. Берілгенім соншалық, өзімді, жұмысымды ұмытып, сол азаматқа барлық өмірімді арнап кетемін. Көңілімді арнаймын, бар арман-мақсатымды сонымен байланыстырып қоямын. Сол кезде не ақсаңдайды? Менің жұмысым, екіншіден, өзімнің әрі қарай қойған мақсаттарым жоғалып кетеді. Өйткені сол махаббатпен мақсаттарымды толықтырып қоямын. Маған қажет емес нәрсе сияқты болып тұрады. Ал бірақ уақыт өте келе мен сахнасыз, әнсіз, өнерсіз өмір сүре алмайтынымды түсінемін.
– Демек, сізге әрдайым сахнада бостандық беретін, сізге түсіністікпен қарайтын азаматты таптыңыз ғой?
– Тапқан жоқпын әлі.
– Алдамасаңызшы, таптыңыз ғой…
– Тапқан жоқпын. Шыны керек, ешқандай да қысылмаймын. Жігіттермен танысамын, сөйлесемін, мені білмейді емес, біледі. Өздеріңіз айтып отқандай, бәрін ашып оқып қарап алады ғой. Сөйлесемін, араласамын, бірақ өмірлік серік болатындай адамды тапқан жоқпын. Мүмкін, мен басқа көзқараспен, тұрақсыздықпен қарайтын шығармын. Әлде ер кісілерден көңілім қалған ба? Мен толық жауап бере алмаймын себебі өзім де түсінбеймін.
– Жас ерекшелігі маңызды ма?
– Ешқандай маңызды емес. Ең бастысы мені жақсы көріп, сүйіп, түсініп тұрса болды.
– Ал тұрмыстық жағдайы ше? Қазір Ерке әлеуметтік жағдайы жақсы, гонорары жоғары әншілердің қатарында…
– Жігіттерден сондай жағынан қорқуға да болады. Сонау Ақтөбенің ар жағындағы Ырғыз деген жерде туған қарапайым Еркені жақсы көріп тұр ма? Әлде тек сахнада үнемі күліп тұратын, барлық жағынан өзінің жағдайын өзі жасап алған, дайын қызға қызығып тұр ма деп ойлайсың бір жағынан. Сондықтан да өте қарапайым жігіттің сезімі мықты болса қарауға болады. Ал егер тұрмыстық жағдайы жақсы болса, ол артықтық етпейді ғой.
– Ерке, гастролдік сапармен көп жүресіз. Балаңызға кім қарайды?
– Білсеңіздер, мен баламды дүниеге алып келгеннен бастап өзімнің отбасым шытынай бастады. Сол кезден бастап кішкентай Мүслімді нағашы әжесі бақты. Бүгінде Мүслім менің ата-анамның баласы. Ақтөбеде тұрады, қазір бала-бақшаға барып жүр. Алматыға келіп тұрады. Оңтүстікке жібермеймін.
– Ерке, продюсерден кеткен әншілер көп. Баян Мақсатқызы сіздің кеткіңіз келмейтінін айтқан еді?
– Шын мәнінде кеткім келмейді. Бұл жерде бәрібір ішкі дүнием, адами қасиетім оған жібермейді. Кетіп қалу да жаман нәрсе емес. Өйткені адам қанатын кеңге жайып, әрі қарай өзін өзі сынағысы келеді. Кеткім келмейтіні – мен Баян Мақсатқызына кедергі келтірмеймін, ол да маған кедергі келтірмейді. Біз тандемде, гармонияда жұмыс істейміз. Кеткен кезде ортадағы жіп үзілетіндей көрінеді.
– «Есентай production» орталығында сіз айлыққа жұмыс істейсіз бе?
– Жоқ, ешқандай айлық жоқ.
– Сіздің негізгі табыс көзіңіз – той. Тойдағы табыс көзіңіздің белгілі бір пайызы продюсерлік орталыққа баратын шығар. Құпия болмаса, қандай мөлшерде екенін айтыңызшы?
– Иә, продюсерлік орталыққа тапқан табысымның жартысы тиесілі.
Жіберіп алмаңыз:
Алуа Қонарова: Мен Баянмен татуласқым келген
Жанна Орынбасарова: Тұрмысқа шықпағаныма өкінбеймін
Ұлықпан Жолдасов анасының 90 жасын дүркіретіп атап өтті (фото, видео)
“Ninety one” әншісі: Сіздердің сөздеріңізге қарсы шыққымыз келмейді (видео)