Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Эрик Тен Хаг леверкузендік "Байер" футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды

Фото: Reuters

Нидерландтық маман Эрик тен Хаг ресми түрде Леверкузеннің "Байер" клубының бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

55 жастағы жаттықтырушы клубпен 2027 жылдың маусымына дейін келісімшартқа отырды. Ол бұл қызметте мадридтік "Реалға" кеткен Хаби Алонсоның орнына келді.

Тен Хаг жеті айлық үзілістен кейін бапкерлік қызметке қайта оралды. Ол 2024 жылдың қазанында "Манчестер Юнайтед" клубынан нашар нәтижелерге байланысты қызметінен босатылған еді. Бұған дейін ол "Аякс" клубында сәтті жұмыс істеп, үш мәрте Нидерланд чемпионатын жеңіп, 2019 жылы командасын Чемпиондар лигасының жартылай финалына дейін жеткізген.

Бұл тағайындау күтпеген жаңалық болды, өйткені Тен Хаг "Аяксқа" қайта оралуы мүмкін деген болжамдар болған. Дегенмен ол "Байер" клубының ұсынысын таңдады. Клубтың спорттық директоры Симон Рольфес "Байердің" ойын стилі – шабуылдаушы және үстем, сондықтан Тен Хагтың философиясымен үйлесетінін атап өтті. Сонымен қатар, оның жас таланттармен жұмыс істеу тәжірибесі құрамды жаңарту кезеңінде өте пайдалы болмақ.

Айта кетейік, “Байер” клубы 2023/24 жылғы маусымда Хаби Алонсоның жетекшілігімен Германия чемпионатын бірде-бір жеңіліссіз аяқтап, Германия кубогын жеңіп алып, Еуропа лигасының финалына шыққан еді. Биылғы жылы команда ішкі біріншілікте екінші орын иеленіп, вице-чемпион атанды. Леверкузендік клуб келесі футбол маусымында Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді.

Абылайхан Палмағанбет
Сейсенбі, 27 Мамыр, 2025 15:06
Талқылау