ERG Ақтөбе облысындағы ең қуатты жел электр станциясының құрылысын бастады
19 тамызда Хромтау жел электр станциясы салынатын орынға капсула қалау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Eurasian Resources Group (ERG) директорлары кеңесінің төрағасы мен мүшелері мен журналистер қатысты.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин құттықтау сөзінде Хромтау ауданында іске асырылғалы жатқан қуатты жел электр станциясының құрылысы өңір үшін маңызды болып отырғанын жеткізді.
“ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергияның баламалы, жаңартылған көздері арқылы елімізде жасыл экономиканың үлесін 80 пайызға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Аталмыш электр станциясы – тапсырманы орындау мақсатында облыста орындалып жатқан шаралардың бірі”, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар ол Казхром компанияларының өңіріміздегі әлеуметтік-экономикалық дамуымызға қосатын үлесі зор екенін атап айтты.
Жиында алғаш рет салынғалы отырған ERG-дің жел электр станциясы Топ кәсіпорындарының декорбонизация бағдарламасы аясында әрі ESG қағидаттарына сәйкес орындалып жатқаны айтылды. ERG мәліметінше, 155 мегаватты жаңғыртымды қуат көзі 2024 жылы іске қосылады. Бұған қоса Хромтау маңындағы 150 гектар аумақта жел генераторының паркі бой көтереді деп күтілуде.
ЖЭС жобасы тың инжиниринг әрі технологиялық әзірлемелерге сүйене отырып қолға алынған. IEC S санатындағы қуатты турбиналар жергілікті ауа райына бейімделген. Жел қарқыны секундына 3 метр болса да, 25 метрге дейін үдесі де сол желден қуат алады. Сайып келгенде, бұл Батыс Қазақстанның шұғыл континенталды жағдайында қажетті көлемде қуат өндірілетініне кепіл бола алатынын жеткізді.
Электр қуаты Ақтөбе облысындағы ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі – «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатына жеткізіледі. Бүгінде кәсіпорын 45 мегаватқа жуық электр қуатын тұтынып отыр. Келешекте өндіріс қуаты ұлғайып, жаңа жобалар жүзеге асырылатынын ескерсек, комбинаттың қуат тұтыну мөлшері де 80 мегаватқа дейін артуы мүмкін. Өз кезегінде бұл аймақтың энергожүйесіне айтарлықтай жүктеме болар еді. Жел электр станциясы Дөң ТКБК-ның ғана емес, іргелес орналасқан Ақтөбе облысының өзге де өндірістік кәсіпорындарын қуатпен қамдай алады. Осылайша, аймақта туындауы мүмкін қуат тапшылығы мәселесі толық шешіледі.
Жел электр станциясынан алынатын таза қуат Қазақстанда көмірден электр энергиясын өндіру көлемін азайтуға сеп. Осы жобаны жүзеге асыру нәтижесінде атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындылары жылына 520 мың тоннаға қысқарады.
ERG алғашқы жел электр станциясы жобасына шамамен 110 млрд теңге көлемінде инвестиция құйып жатыр. Құрылыс кезеңінде мұнда 300-ге тарта жұмыс орны ашылады. Станция іске қосылғаннан кейін 30 адам тұрақты жұмыс істейді.
“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылы Қазақстан көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуі керек деді. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз. Мен Дөң тау-кен байыту комбинатын жел электр қуатына көшіре отырып, біз ұтымды бастамаға нық қадам жасап отырғанымызға шын жүрегіммен сенемін. Кейін бұл сәтті кейсті ERG-дің өзге де кәсіпорындарында тыңғылықты қайталай аламыз деген үміт бар. Біздің жел электр станциясын салу тәжірибеміз Қазақстанның өзге де ірі кәсіпорындарына үлгі болса, түпкі ұмтылыс – көміртегіне бейтарап мемлекет болу мақсатына барынша жақындаймыз”, – деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.