"Рейстен түсіріп жіберемін деп қорқытты": Air Astana жолаушыны оның келісімінсіз орнын ауыстыруға мәжбүрлеген
Air Astana әуе компаниясының жолаушысы рейске онлайн тіркеліп, борттағы орнынан айырылып қалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: dzen.ru
Facebook қолданушысы Тахмина Кибированың жазуынша, "Эйр Астана" әуе компаниясы жолаушының онлайн тіркеліп, орынға алдын ала тапсырыс бергеніне қарамастан, борттағы орнын өз келісімінсіз ауыстыруға мәжбүрлеген. Себебі, әйел ересектердің қарауынсыз ұшатын баланың жанына отыруы тиіс болған.
"Егер жолаушы әйел болса, ол біреудің 14 жастағы жасөспірім баласын неліктен өзімен бірге ертіп жүруі керек? Олар маған түсіндірместен орнымды дәретхананың жанындағы орындыққа ауыстырып жіберді. Мұндай жағдайда мен не істеуім керек? Бұл менің міндетіме, жауапкершілігіме кіре ме? Маған қандай міндеттер жүктеледі? Мен жасөспірімге қарауым, көмек көрсетуім керек пе? Төтенше жағдай туындаса құтқаруым қажет пе? Турбуленттік кезінде психологиялық қолдау көрсетуім тиіс пе? Әлде жанында отырған ер адамның зияны тиіп кетуі мүмкін бе? Олар маған ештеңе түсіндірмеді", – деп жазды жолаушы.
Жолаушының сөзінше, компания қызметкерлері оның міндетіне не кіретінін түсіндірмеген. Тіпті қызметкер дауысын көтеріп сөйлеп, рейстен түсіретінін айтқан.
"Егер олар маған түсіндіріп, өтініш білдірсе – жарайды. Мен кәсіби, білікті, тәжірибелі құтқарушы емеспін, сол себепті оң нәтижеге кепілдік бере алмаймын. Біреудің өмірі мен денсаулығына толық жауап бере де алмаймын. Десе де біреудің ұлын сақтандыруға дайын болар едім. Бірақ әуе компаниясының қызметкері маған келіп, дауысын көтеріп, рейстен түсіремін деп қорқытқанда, не істерімді білмей қалдым. Осы компанияға деген сүйіспеншілігім мен ризашылығымды бір ғана қызметкер құртты", – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол осы оқиғаның бәрі желтоқсан күні КС9560 нөмірлі рейсінде орын алғанын жеткізді.
Аталған жағдайға қатысты Air Astana әуе компаниясынан Stan.kz тілшісі мән-жайды сұрап білді.
"Бұл рейсте ересектердің қарауынсыз ұшқан жалғыз бала болды. Жолаушыға баланың қасына отыру ұсынылды. Өйткені әуе компания ережелеріне сәйкес және баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оның жанында тек әйел жолаушы отыруы керек. Әуекомпания қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады", – делінген хабарламада.
Әуе компанияның мәліметінше, ересектердің қарауынсыз ұшқан баланың жанында отыруға тек әйел адам ғана қарастырылған. Егер баланың жанында отыруға келіспесе ол рейспен ұшпау құқығы бар, дейді.