Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Айыппұл төлеуді күнделікті кішкентай шығынына айналдырған – Сенатор айыппұл төлеудегі 50% жеңілдікті алып тастау туралы

Сенат депутаты Марат Қожаев көлік жүргізушілеріне айыппұл төлеу кезіндегі 50% жеңілдікті алып тастау жайлы ұсынысына пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қожаев

Фото: Stan.kz

Депутат аталған мәселе туралы қаңтарда аймақтарды аралаған кезде білгенін айтады. 

“Мысалы, Алматы қаласында ондаған жігіт керемет көліктер мінген, мемлекеттік нөмірі де қымбат. Осындай адамдар айыппұл төлеуді күнделікті кішкентай шығынына айналдырып жіберген. Жол ережесін бұзып, қатты жылдамдықпен, жолақтарда ауысып жүреді. Бірақ оларға айыппұлдан басқа ешқандай жаза қолданылмайды. Егер ерте төлесе, айыппұлдың тек 50%-ын төлейді. Қарапайым халыққа 14 мың теңге – үлкен ақша. Сондықтан осындай адамдарға айыппұлдан басқа, тәртіпке салу үшін басқа шаралар қабылдау керек. Оны мен өзім ойлап тапқан жоқпын. Мұндай мәселе басқа да елдерде болған. Сосын басқа шаралар қабылдады”, – деді ол.

Марат Қожаевтың айтуынша, көлік жүргізушілерінің бірі 1 жыл көлемінде 76, екіншісі 143 айыппұл төлеген. Барлық жағдайда олар 50% жеңілдікті қолданған екен. 

“Егер жылдамдық ережесін 10 рет бұзса, ол әдейі істеп жатыр деген сөз. Қарапайым халықпен бірдей болғысы келмейді, ерекше болғысы келеді. Ерекше болғысы келетіндерге ерекше шара қабылдау қажет”, – деп қосты Марат Қожаев. 

Еске салайық, бұған дейін cенатор Марат Қожаев жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзатындарды жазалауды қайта қарау керек екенін жеткізген еді. Айтуынша, азаматтар қатаң талаптарға қарамастан жол ережесін жиі қайталап бұзады. Сол үшін айыппұлдағы 50% жеңілдікті алып тастау керек.

Талқылау